Мәдениет

Жылан жылындағы театр мерейі

Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында 2025 жылы 267 қойылым сахналанып, спектакльдерді 60598 көрермен тамашалады.

Өткен жылы аталмыш өнер ошағы 5 қойылымның премьерасын ұсынды. Атап айтқанда, «Сылаң қыз» комедиясы, «Мәншүк» музыкалық драмасы, «Екі ғұмыр» драмасы, «Шәкәрім» және «Әміре» музыкалық драмаларымен толықты. Сонымен театр репертуарындағы қойы­лымдар саны 32-ге жетті.

Баку қаласында Ислам елдері ұйымының және Әзербайжан ­Республикасы Мәдениет министр­лігінің ұйымдас­тыруымен өткен «OIC cultural fest-Baku» атты халықаралық ­креативті өнер фестивалінде Қазақстан атынан Музыкалық жас көрермен театры Қанат Жүні­совтің «Әміре» музыкалық драмасымен өнер көрсетті.

Музыкалық жас көрермен ­театрының ашылғанына былтыр 5 жыл толды. Осы мерейтойға орай мәдениет мекемесі жуырда «MTUZ-Fest» атты I ­театр қойылымдары фестивалін өткізді. Бір аптаға созылған өнер мерекесінің қорытындысында бірнеше аталым бойынша жүлделер тапсырылды. Соның ішінде «Балауса» аталымы бойынша «Мәншүк» музыкалық драмасындағы бала Мәншүк бейнесін шебер сомдағаны үшін Дана Асхатқызы марапатталды. «Үздік эпизодтық әйел бейнесі» аталымында «Chanel №5» деректі драмасындағы Дәмеш Жүргенова бейнесін сомдағаны үшін Ақниет Замзат және «Қоштасқым келмейді» музыкалық драмасындағы рөлі үшін Гүлден Құрмет жүлдегер атанды. «Үздік эпизодтық ер бейнесі» Бибол Биғараев (Беляев – «Қоштасқым келмейді») пен Мағжан Омарға (Бибол – «Қызжылаған») бұйырды. «Екінші пландағы үздік әйел бейнесі» – Қалима Наушабаева (Ана – «Гауһартас» қойылымы) және Мақпал Дүйсен (Керімбала – «Абай-Тоғжан»). «Екінші пландағы үздік ер бейнесі» – Мұхамедсаид Бағашаров (Абзал Қарасартов – «Шәкәрім»), Қазыбек Есқара (Тұрымбет «Гауһартас»). «Үздік актерлік дуэт» – Дінислам Нұрмағанбетов пен Арелана Амангелдиева («Абай-Тоғжан» спектакліндегі Абай мен Тоғжан бейнелері). «Үздік тарихи бейне» – Аян Өтепберген (Шәкәрім «Шәкәрім» музыкалық драмасы). «Үздік әйел бейнесі» – Шынар Қалдыбай (Жанбике Шанина «Chanel №5» деректі драмасы). «Үздік ер бейнесі» Оразалы Игілік (Шәкәрім рухы бейнесі «Шәкәрім»). «Үздік қойы­лым» – «Гауһартас» музыкалық драмасы.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button