Жыл басынан бері iKOMEK109 орталығына 2 млн-нан астам өтініш түсті

Биыл жыл басынан бері iKOMEK109 қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығына 2 млн 78 мыңнан астам өтініш түсті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Қазіргі уақытта iKOMEK109 орталығына 23 қалалық басқарма, 6 аудандық әкімдік, 25 коммуналдық қызмет, 79 лифт шаруашылығы және 1 372 тұрғын үйді басқарушы ұйым біріктірілген.
Бірінші кезектегі міндет – тұрғындардың өтініштерін қашықтан жедел әрі тиімді шешу. Азаматтардың ыңғайлылығы үшін омниканалды қызмет қағидаты енгізілген. Бұл өтініш берушілерге түрлі арналар арқылы сұраныс жолдап, оның мәртебесін бақылауға мүмкіндік береді. Бүгінде өтініштердің 21 пайызы баламалы цифрлық сервистер арқылы қабылданады. Қысқа нөмір – 1-0-9-дан бөлек, iKOMEK109 Бірыңғай байланыс орталығына жүгінудің тағы 6 тәсілі бар: Telegram-бот, әкімдік сайты astana.gov.kz, iKOMEK109 мобильді қосымшасы, Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшалар, сондай-ақ 109@ikomekastana.kz электрондық поштасы.
iKOMEK жүйесіне қала аумағындағы 12 мыңнан астам бейнебақылау камерасы қосылған. Олардың қатарында балабақшалар, мектептер, емханалар және басқа да нысандар бар. Негізінен камералар жол бөлігін, қиылыстарды, халық көп жиналатын орындарды – сауда орталықтарын, мешіттерді, ірі автобус аялдамаларын, вокзалдарды қамтиды.
Сонымен қатар орталық операторлары маусымдық мониторинг аясында қардың уақытылы тазаланбауы, көктемгі су тасқыны мен жаңбыр кезіндегі су жиналу жағдайлары, ашық құдықтар және басқа да коммуналдық салаға қатысты проблемаларды анықтайды. Мұндай деректер қалалық коммуналдық қызметтермен жедел түрде пысықталады.
Қауіпсіздікті орталықтандырылған бақылау және тиімді үйлестіру үшін iKOMEK-ке Астана қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері де тартылған. Олармен бірлесіп 2025 жылдың басынан бері 21 277 құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде:
• 615-бап (жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысына қатысушылардың қозғалыс ережесін бұзуы) – 3 617 жағдай;
• 440-бап (қоғамдық орындарда алкоголь ішу немесе мас күйінде болу) – 308;
• 505-бап (көріктендіру ережелерін бұзу) – 415;
• 204-бап (белгіленбеген жерде сауда жасау) – 24 жағдай.



