Руханият

Журналистика іскерлікке жетелейді

«Ақша айналымы – қан айналымы сияқты: тоқтаса, өмір де тоқтайды» дейді кәсіпкерлер. Қоғамдағы осы қан айналымының дұрыс жүріп жатқанына көз жеткізетін сала бар, ол – іскерлік журналистика.

Бүгінгі таңда газетті ашып қарасаңыз, бизнеске байланысты мақалаларсыз елестету мүмкін емес. Себебі адамдар тек саясатты ғана емес, қалтасына, тұрмысына әсер ететін экономика жаңалықтарын білгісі келеді.

Іскерлік журналистика несімен қызықты? Біріншіден, ол бизнестегі жасырын сырларды ашады. Мәселен, кеше ғана ашылған шағын дәмхананың бір айда қалай миллион табысқа шыққанын немесе, керісінше, үлкен корпорацияның неге банкротқа ұшырағанын оқырман білуге құмар. Бұл – кәсіптің сахна сыртындағы құпиясы, шын өмірдің айнасы.

Екіншіден, мұнда әркімге қажет кеңестер бар. «Депозитке салған дұрыс па, доллар ұстаған тиімді ме?» деген сұрақтарды көпшілік қояды. Жауапты банкирден емес, түсінікті тілмен жазылған газет мақаласынан тауып алу әлдеқайда жеңіл. Іскерлік журналистердің бас­ты миссия­сы да сол – күрделі экономиканы қарапайым халық тіліне аудару.

Үшіншіден, бизнес тақырыбы әрқашан тарихпен де, мәдениетпен де байланысады. Қазақтың ежелгі «Жігітке жеті өнер де аз» деген нақылы бүгінгі кәсіпкерге тікелей қатысты. Біреу саудада, біреу технологияда, біреу шығармашылықта өзін табады. Ал журналист осының бәрін қызықты етіп әңгімелейді.

Қазір ақпараттың жылдамдығы басты құндылыққа айналды. Жаңа заң қабылданса, салық өзгерсе, биржада теңге құнсызданса – халық оны ең алдымен журналистерден біледі. Егер іскерлік журна­листика болмаса, кәсіпкерлердің де, қарапайым азаматтардың да шешім қабылдауы қиынға соғар еді. Газет бетінде жарық көрген іскерлік мақала оқыр­ман үшін тек ақпарат емес, мотивация да болуы мүмкін. Бір жас кәсіпкердің табыс тарихын оқып, мыңдаған адам жаңа іс бастау­ға тәуекел етеді. Міне, публицистиканың құдіреті осында.

Іскерлік журналистика – тек бизнес әлемін емес, қоғамның болашағын да айқындайтын сала. Оны қызықты ету – журналистің шеберлігіне, ал оқу – әрбір оқыр­манның болашағына жасалған инвестиция.

 Зулмира АУХАТ,

Л.Гумилев ­атындағы Еуразия ұлттық ­университетінің студенті

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button