Қоғам

Жұқа мұзбен жүрмеңіздер!

Жыл сайын жұқа мұз адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Әдетте, көбінесе балалар мен балықшыларға қатер келеді. Сондықтан қарапайым қауіпсіздік ережелері сақталуы керек. Бұл туралы елорданың коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Бауыржан Ахметалин мәлім етті.

Спикердің айтуынша, қала арқылы ағатын Есіл өзенінде мұз біркелкі қатпайды. Оның бетінде шұңқырлар мен жұқа мұз жамылғылары, әсіресе ағыс аймақтарында, көпірлер қасында және жылы су төгілетін орындарда пайда болады.

«Қалалық инфрақұрылымның әсерінен мұз қалыңдығы бірнеше метр қашықтықта да айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Сонымен қатар Астанада болатын қатты жел қалың қардың қалыптасуына ықпал етеді, ал қар аса қауіпті жерлерді жасырып тұрады. Осыған байланысты күзгі-қысқы кезеңде азаматтардың қалалық су қоймаларында қаза болуы мен жарақат алуын болдырмау мақсатында Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті қажетті кешенді шараларды жүзеге асырады. Қалада мұз қату кезеңі басталған уақытта департамент қызметкерлері күнделікті рейдтер мен ­патрульдік жұмыс жүргізеді, оның барысында тұрғындарға мұздағы қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмысы жүргізіліп, нұсқаулар беріледі. Астананың тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аудандық әкімдіктермен бірлесе отырып, су қоймаларының ең қауіпті аймақтарына мұзға шығуға тыйым салатын ескерту белгілері орнатылды» дейді Бауыржан Ахметалин.

Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс балаларға жеке жүргізіледі. Департамент қызметкерлері білім беру нысандарына барып, балалар мен студенттерге қажетті қауіпсіздік дағдыларын үйрететін әртүрлі сабақ өткізеді.

«Бүгінде қаланың су қоймаларында мұздың қалыңдығы 1-2 см-ді құрайды, бірақ кей жерлерде одан да аз. Бұл мұз арқылы жүру мен мұз асты балық аулаудың қауіпті екенін білдіреді. Осындай қалыңдық адам салмағын көтеруге жеткіліксіз. Қауіпсіз жүру үшін мұздың қалыңдығы 10 см-ден аз болмауы қажет» дейді басқарма басшысы.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button