Жұмыссыздықты жоюдың жолы қандай?

Жер бетінде халық саны артқан сайын адамның өзін-өзі асырауы да әртарапта болып жатыр. Әсіресе дамушы елдерде тұрақты әрі лайықты жұмыс орындарының тапшылығы артып, күнкөріс деңгейі қиындап барады. Демек, жұмыссыздықпен күрес – әлемдік деңгейде үздіксіз жүретін күрделі әлеуметтік-экономикалық міндет. International Labour Organization дерегіне сәйкес, бүгінгі таңда әлемде шамамен 183 миллион адам жұмыссыз, ал жалпы еңбек нарығына қосылғысы келетін, бірақ табысы жоқ адамдар саны 400 миллионнан асады. Дегенмен әр мемлекет өз азаматтарының жұмыспен қамтылуын басты орынға қоятыны анық. Әрі жұмыссыздықты жою мақсатында түрлі тәсіл ойлап тауып жатқаны да белгілі.
Статистика не дейді?
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 2025 жылғы наурыз айының соңына 323,7 мың адам жұмыссыз ретінде ресми тіркелген. Олардың үлесі жұмыс күшінің санынан 3,3% құрайды. Ал 15 пен 34 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,1%-ды құраған. Сондай-ақ халықтың жұмыспен қамтылуын іріктеу-зерттеу дерегі бойынша Қазақстан экономикасының түрлі саласында 9,3 млн адам жұмыспен қамтылды, оның ішінде 7,1 млн адам (экономикада жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 76,9%-ы) жалдамалы жұмыспен, 2,2 млн адам (экономикада жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 23,1%-ы) өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Жұмыспен қамтылғандардың ең көп үлесі сауда (17%), білім беру (13,4%), өнеркәсіп (12,5%) және ауыл шаруашылығы (10,3%) салаларында байқалды. Негізгі жұмыста орта есеппен бір жұмыспен қамтылғанның аптасына нақты жұмыс істеген сағаты – 39 сағатты, бір жалдамалы қызметкерге – 41 сағатты, өзін-өзі жұмыспен қамтыған қызметкерге 36 сағатты құрайды. Жұмыссыз, бірақ жұмыс іздемеген немесе жұмысқа кірісуге дайын емес адамдар саны (әлеуетті жұмыс күші) 20 мың адамды құраған.

Жәрмеңкенің пайдасы қандай?
Елімізде жұмыссыздықты азайту мақсатында бірнеше жоба қолға алынып, тиімділігі жыл сайын артып келеді. Мәселен, Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы, Еңбек мобильділігі орталығы бірлесіп, жұмыс іздеп жүрген тұлғалар, жоғары оқу орындарының түлектері және елорда жастары үшін қалалық бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізіп тұрады. Онда 100-ге жуық жұмыс беруші өз компаниясының презентациясын өткізіп, бос вакансияларын ұсынып, өздеріне қолайлы кандидаттардың базасын қалыптастырады. Жұмыс іздеушілер, өз кезегінде, компаниялардың HR-менеджерімен тілдесіп, сұхбаттасудан өтіп, өзін қызықтырған сұрақтарын қояды. Осы арқылы көптеген жас тұрақты жұмыспен қамтылуда.
– Мұндай жәрмеңкелер – жастар үшін өзіне лайықты жұмыс табуға беріліп отырған үлкен мүмкіндік. Ал мұндағы біздің мақсатымыз – жұмыс беруші мен жұмыс іздеушінің тікелей байланысын қалыптастыру. Біз ұйымдастырушы ретінде мамандыққа сәйкес келетін бос орындарды ұсыну арқылы жастардың тұрақты жұмысқа орналасуына жағдай жасаймыз. Әрі қарай жұмыс беруші мен жас маман өзара келісіп, жұмыс шартын өздері анықтайды, – дейді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының маманы Олжас Амангелді.
Joltap жобасы тиімді ме?
2023 жылдың мамыр айынан бастап Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен Joltap жобасы іске қосылған еді. Аталған жоба қазірге дейін 17000 адамды оқытудан өткізген. 8000-нан астам түлек курсты аяқтағаннан кейін жұмысқа орналасқан немесе қосымша табыс тапқан.
Түлектерді жұмыспен қамту бірнеше бағыт бойынша жүйелі түрде жүзеге асады. Ең алдымен, jumystap.kz платформасы арқылы 4000-нан астам вакансия қолжетімді болып, күн сайын шамамен 30 жаңа ұсыныс жарияланады. Сонымен қатар сауда, қоғамдық тамақтандыру, сату, тігін өндірісі және өнеркәсіп салаларындағы ірі жұмыс берушілермен серіктестік орнаған. YDA, Kazakhstan Paramount Engineering, Ютария, Danmard және индустрия аймағындағы өзге де кәсіпорындар жоба қатысушыларын тұрақты түрде жұмысқа қабылдап келеді. Бұдан бөлек, түлектер арасында кәсіби қауымдастықтар қалыптасып, онда қатысушылар бір-бірімен тапсырыспен, жұмыс көлемімен және жобамен бөлісіп, өзара қолдау арқылы қосымша табыс табуға мүмкіндік береді. Шамамен 1500 түлек жеке кәсіп ашып, алған білімін қолдана отырып, шағын бизнесін жүргізе бастаған. Солардың бірі – жоба аясында жұмыс тауып, нәпақасын ажыратып отырған Нұргүл Жұмабекқызы. Ол – 4 баланың анасы. Негізгі мамандығы – мұғалім. Алайда бұған дейін мамандығы бойынша жұмыс істемеген.
– Үйде бала тәрбиесімен отырған анамын. Осы уақытқа дейін әртүрлі жұмыс істеп, өзімнің бағытымды айқындай алмай жүрдім. Істеген жұмыстарым көңілімнен шықпады. Бір күні қызым Joltap жобасы бойынша тегін курсты оқығысы келетінін айтты. Ол кезде жасы 18-ге толмаған еді. Ата-анасының бірі бірге баруы керек екен. Содан онымен бірге барып, жоба аясында қысқамерзімді түрлі курстың бар екенін білдім. Жасым 43-те болса да, өзімнің оқуға деген қызығушылығым оянып, тігін курсына жазылдым. Жоба мамандары да тігін курсын таңдауыма кеңес берді. Дегенмен тігінші болып кетемін деп ойламадым. Ал қызым SMM-курсына жазылды. Бір айдан соң сабағымыз басталды. Осылайша 22 күндік курсты оқып бітірдім, – дейді ол.
Оның сөзінше, жоба аясында тек курс оқытып қана қоймай, мамандар жұмысқа орналасуға да көмектескен.
– Кураторларымыз курс аяқталған соң да бізбен байланысты үзбеді. WhatsApp-та топ құрып, әрі қарай ақпаратпен бөлісіп отырды. Қай жерге жұмысқа орналасуға болатынын айтып, тігін фабрикаларындағы бос орындар туралы ақпарат жіберіп, көмектесіп жатыр. Курс бітірген кезде ұстаздарым тігін фабрикасынан жұмыс тауып берді. Бірақ ол жердің жұмыс кестесі таңнан кешке дейін болғандықтан, маған ыңғайсыз еді. Өйткені балаларымды мектепке апарып-алып келуім керек. Қазіргі таңда ательеде өзіме ыңғайлы кестемен жұмыс істеп жүрмін. Жұмысым өзіме ұнайды, түстен кейін сағат 16:00-де басталып, кешкі сағат 21:00-де аяқталады. Әлі де кураторымнан кеңес сұрап тұрамын. Ол кісілерге көп рақмет! Енді алда тағы бір курс оқуды жоспарлап жүрмін, – деді Н.Жұмабекқызы.
Шапағат ӘБДІР



