Жаңа Қазақстан

Жұмысшы мамандықтары назарда болады

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын жария­лады. Мемлекет басшысы өз Жолдауында әлемдік бәсекеге қабілетті болуымыздың бағдарын көрсетіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытындағы нақты міндеттерді белгіледі.

Озық елдердің тәжірибесінен жұмысшы мамандық иелерін жан-жақты қолдап, ортақ іске жұмылдыру арқылы стратегиялық жоспарларын шындыққа айналдырғанын көруге болады. Әлем бойынша ең дамыған экономиканың бірі, экономикалық дамудың Шығыс Азия моделін таңдаған Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур және әлем көшбасшысының бірі Қытай жұмысшы мамандықтарға басымдық беріп, ауыр өнеркәсіптен бөлек, шағын және орта бизнесті, отбасылық кәсіпті ілгерілетудің оңтайлы жолын тапқанын көруге болады.

Мәселен, Оңтүстік Корея ХХ ғасырдың 60-жылдары аграрлы саясат ұстанған, кедей мемлекет болса, қазір дамыған өнеркәсіптік мемлекетке айналды. Әсіресе, тұрмыстық электрониканың ірі өндірушісі саналады. Жетістік оңай келмеді. Ел азаматтарын техникалық мамандықтарға қызықтырып, ірі өндіріс орындарын құруға басымдық беріп, солармен қатар шағын және орта бизнес кластерін дамытуға жол ашты. Бастысы, кореялықтардың еңбекқорлығын шыңдап, күнұзақ жұмыс істеуге үндеді. Бүгінде жалпыұлттық мұрат шыңдыққа айналып, әлемдік экономикада Оңтүстік Корея 12-орынға тұрақтады.

Біздің елге де ұзақжылдық стратегиялық жоспарларды орындау үшін қазақстандықтар «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» ортақ іске белсенді араласып, еңбекқорлықты танытуы керек. Онсыз мақсат – баянсыз, мұрат – аяқсыз қалады. Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауды ұсынып, отандастарын ортақ мақсатты шыңдыққа айналдыруға белсенді қатысуға шақырып, «Еңбегі көптің өнбегі көп», «Еңбек бейнет емес, зейнет» сынды аталы сөздердің парқын терең ұғынып, «еңбек майданында» жеңімпаз болуды үндеді.

«Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс» деді Президент өз Жолдауында.

Еңбекқорлық кәсіби біліктілікті шыңдайды, әрі ұлт сапасын арттырады. Бұл өз кезегінде, еңбек адамының мәртебесін көтеруді талап етеді. «Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыс­тың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек, – деді Қасым Жомарт Кемелұлы.

Яғни ірі өндіріс орындарынан бастап күнделікті аяқ киім тігетін еңбек адамдарына дейін лайықты бағасын беріп, қоғамдағы орнын биіктету қажет. Жалпы, елімізде еңбек адамдары ардақталып келеді. 2013 жылдан бері қыркүйектің соңғы жексенбісін «Еңбек күні» ретінде мерекелеп келеміз. Үкіметке еңбек нарығында бәсекеге қабілетті жастарды даярлау үшін жағдай қалыптас­тыру тапсырылды. Осы мақсатта биыл жоғары оқу орындарында білім алу үшін 88 мың грант бөлінді. Біліктілікті арттыру курстарында қайта даярлау мүмкіндігі қарастырылды. Дегенмен, еңбек адамына, техникалық мамандық иелеріне деген көзқарасты мемлекеттік деңгейдегі ауқымды іс-шаралар арқылы іске асыруды жалғастыру аса маңызды деп білеміз.
Алдағы «Жұмысшы мамандықтары жылы» кәсіп иелерін құрметтеуді, кәсіптік білім беретін оқу орындарына басымдық беруді қолдауымыз тиіс. Қысқасы, техникалық мамандық – бүгіннің ең өзекті сұранысы екенін түсінуіміз керек.

Руслан РҮСТЕМОВ,
Сенат депутаты

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button