Жұмысшы мамандықтар жарысы

Жақында елордада кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдары арасында WorldSkills Astana-2025 кәсіби шеберлік бойынша X өңірлік чемпионаты аяқталды. Негізгі мақсат – жұмысшы мамандарының беделін арттыру, еңбек адамының имиджін насихаттау және жастардың кәсіби білігін шыңдау. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін чемпионатқа биыл 50 құзыреттілік бойынша 350 студент қатысты. Қаладағы 15 колледж қабырғасында ұйымдастырылған чемпионат барысымен біз де танысып қайттық.
Кәсіпке жасынан машықтанады
Халықаралық деңгейде өтетін WorldSkills чемпионатына қатысып, әлемдік додада көріну үшін астаналық студенттер барын салды. 16 мамырда басталған жарыс 30-ына дейін созылды. Чемпионат құрылыс, инженерия, темір жол көлігін басқару, кузов жөндеу, мехатроникадан бастап, веб-технологиялар, графика дизайны, интернет-маркетинг, мейрамхана қызметі, аспаздық және кондитерлік өнімдер, педагогика мамандықтарын қамтыды.
Кәсіптік-техникалық білім беру ошақтарындағы жұмысшы мамандықтары бойынша сайыстың барысымен танысу үшін алдымен елордадағы Технологиялық колледжде болдық. Мұнда 20-дан астам студент «Сән технологиясы», «Шаштараз өнері» және «Наубайхана ісі» құзыреттілігі бойынша қатысты. Колледждің оқу-өндіріс жөніндегі директордың орынбасары Байжігіт Болысханұлының айтуынша, жыл сайын чемпионатқа қатысушылар саны артып келеді.
– Биылғы WorldSkills қалалық чемпионатында «Наубайхана ісі» құзыреттілігі бойынша 4 колледжден 6 қатысушы сайысқа түсті. Студенттер 7 модуль негізінде тапсырма орындап, 7 түрлі тағам әзірледі. Олар: француз багеті, канноли, круассанның екі түрі, бәліш, қарақұмықтан жасалған нан және нан өнімдерінен жасалған өнер туындысы. Қатысушыларды сарапшылар санитарлық нормалардың сақталуы, уақытында үлгеруі және өнімдерді жасарда белгіленген стандарттарды сақтауы бойынша бағалады. Білім алушылардың дайындығы жылдан-жылға артып келеді. Бұл чемпионат студенттерге өз мамандығын жетік меңгеруге септеседі. Алдымен студенттер колледжішілік, одан кейін қалалық, республикалық және халықаралық кезеңдерде сайысады. Яғни студент өзінің кәсіби деңгейін сатылап көтере алады. Маман жас, бірақ шебер болса, оған деген сұраныс жоғары болары анық. Өндіріске жұмысшы мамандары қашанда қажет. Былтыр колледж студенттері қалалық және республикалық байқаудың жеңімпазы атанып, енді Данияда өтетін EuroSkills-2025 халықаралық чемпионатына қызу дайындық үстінде. Чемпионатқа қатысқан әр студент нарықта білікті маман атануы сөзсіз. Олар осы бастан-ақ еңбекке ерте араласып, техникалық жабдықтардың тілін түсініп барады. Кәсіптік білім беру саласында чемпионат жоғары бағаланып келе жатқаны қуантады, – деді
Б.Болысханұлы.
Аталмыш колледжде өткен құзыреттіліктердің ішінде түрлі шаш үлгісін жасайтын студенттердің жұмысын көрдік. Шаш өнері – қоғамда елеусіздеу кәсіп көрінгенімен, арнайы мамандануды талап ететін сала. Мұны сөз барысында айтқан технологиялық колледждің «Шаштараз-стилист» мамандығының ІІ курс студенті Наргиза Болатбай чемпионатқа ұзақ уақыт дайындалғанын жеткізді. Нәтижесінде студент II орынды еншіледі.
– Бұл құзыреттілік бойынша 6 студент болып қатыстық. Өз басым сайысқа І курстан бері дайындалып келемін. Бұл – менің алғаш қатысуым, сондықтан, әрине, жүлделі орыннан көрінсем деймін. Екі күн бойы өзге студенттермен бірге тартысты сайыс өтті. Бірінші күні шаш алып, оны боясақ, жарыстың екінші күні ер мен әйелдерге арналған түрлі шаш үлгісін жасадық. Мұның барлығын колледж қабырғасында оқыдық. Сол себепті өзімнің қабілетім мен алған біліміме сенімдімін. Қатысушылар да белсенді, барлығымыздың деңгейіміз бірдей десем болады. Өз таңдауымнан мен қателескен жоқпын. Алдағы уақытта кәсіби білігімді арттырып, жеке сән салонымды ашсам деймін. Осы жолда WorldSkills чемпионаты – студентті шыңдауға, әрі қарай кәсіп ашып, оны дөңгелетуге таптырмас мүмкіндік, – деді студент.
Өндіріске мамандар қашанда қажет
Ендігі кезекте бізді сантехника және жылыту, құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары секілді жұмысшы мамандықтарымен бірге, нарықта өз орны бар графика дизайны, веб технология, визуалды мерчандайзинг, мобильді робототехника атты заманауи мамандықтардың жұмысы қызықтырды. Бұл бағыттағы жалпы 8 құзыреттілік «Astana Polytechnic» жоғары колледжі базасында өтіп, оған 23 студент қатысты. Оның ішінде «Сантехника жылыту» құзыреттілігі жұмысымен 8 жылдан астам еңбек өтілі бар колледж оқытушысы Ержан Маратұлы таныстырды. Бұл құзыреттілікке І-ІІ курстың 5 студенті қатысты. Студенттер үшін негізгі тапсырма – жер үйлердің жылу жүйесін орнату жұмысын төрт модуль негізінде орындап шығу. Алғашқы модуль 2,5 сағатқа созылса, екінші модульге 9 сағаттай уақыт берілді.
– Тапсырмалардың ұзаққа созылғанының негізгі себебі – жылу жүйесін екі деңгейде сапалы орындау. Әр модуль белгілі бір бағытқа жауап береді. Олар – ыстық және суық сумен қамту, үш жүрісті кран мен циркуляциялық сорғыны орнату, үйішілік газ құрылғыларын іске қосу. Төртінші модуль – шығармашылық жұмыс, мұнда жылдамдық, уақыт және орындалу сапасы сынға алынады. Тапсырмалар, әрине, оңай емес. Дегенмен қатысушылар күрделі жүйені құрастыруға тырысып, қалалық деңгейде бағын сынап, мол тәжірибе жинады. Мысалы, студенттер бір-екі жыл көлемінде алған білімін небәрі екі күн ішінде іс жүзінде дамытып, көрсете алды. Төрт модуль қорытындысынан соң үздік студенттермен әрі қарай республикалық чемпионатқа дайындаламыз. Құзыреттілік тапсырмаларын екінің бірі орындай алмайды, әр іс қырағылықты қажет етеді. Психологиялық тұрғыдан да студент жылдам шешім қабылдап, барлық жағдайда жауапкершілік танытуы тиіс. Жұмысшы мамандығына жастар өз қалауымен келіп жатады. Алайда сантехник мамандығы бойынша жұмысқа орналасу бағыты әлі де ақсап тұр. Нарықта жұмыс берушілер жас мамандарға қолдау білдіріп, кәсіби білімі бар ұрпаққа мүмкіндік берсе деймін, – деді Е.Маратұлы.
Колледж қабырғасындағы «Мехатроника» құзыреттілігі бойынша сайысқа қатысушылардың қатарындағы аталмыш колледждің ІІ курс студенті Станислав Чижиков байқауда жеңіске жетіп қана қоймай, жаңа тәжірибе жинақтасам деген мақсатпен келгенін айтты. Бұл құзыреттілік бойынша студенттер көлік қорабы мен қозғалтқышты бөлшектеу, электр жабдықтарындағы ақауларды анықтап, оларды жөндеу бойынша тапсырмалар орындады. Студент автокөлік жөндеу мамандығына сұраныс қашанда болатынын айтып, болашақта жеке автосервис орталығын ашсам деген арманымен бөлісті.
Жастарға бірегей мүмкіндік
Келесі барған бағытымыз – елорданың Құрылыс-техникалық колледжі. Мұнда «Кескіндеме және сәндік жұмыстар», «Электрмонтаж», «Ағаш ұстасы», «Кірпіш қалау», «Шанақ жөндеу», «Плиткамен қаптау» және «Жиһаз өндірісі» құзыреттіліктері бойынша тартысты сайыстың куәсі болдық. Темірден түйін түйіп, ағаш жонған жас ісмерлер қатары көп болды. Солардың бірі – «Электрмонтаж» құзыреттілігі бойынша сайысқа түскен Хамит Аллажар. Аталмыш колледждің ІІІ курс студенті тұрғын үйлердің шлагбауымын әзірледі. Бала кезінен армандаған саласына түскен ол алдағы уақытта өз мамандығы бойынша жұмысын жалғастырмақ. Сайыс қорытындысы бойынша студент I орынды иеленді.
Колледждің өндірістік оқыту шебері, 15 жыл еңбек өтілі бар Гульзада Елубаеваның айтуынша, жастар білікті еңбек адамы атануға қызығушылық танытып келеді.
– Чемпионат – жастардың білімі сыналатын алаң ғана емес, жұмысшы мамандықтары бойынша жан-жақты шыңдалуға, жаңа орта табуға таптырмас мүмкіндік беретін дода. Бұған дейін студенттеріміз қалалық кезеңнің жеңімпазы атанып, республикалық деңгейде де бой көрсетті. Чемпионатқа қатысып жатқан студенттерімді біршама уақыт дайындап, теория мен практиканы қатар оқыттым. Құрал-саймандарды дұрыс қолдану, қабырға бетіне гипс сылақтарды орнату, сызбаларды түсіну секілді дағдыларды осы бастан-ақ жақсы меңгере алды. Қазірдің өзінде студенттер сабақ оқумен бірге, жұмысқа араласып, 250 мыңнан жоғары жалақысы бар маман атанып отыр. Такси не тамақ өнімдерін жеткізушіге қарағанда, нақты бір саланың маманы болғаны әлдеқайда артық. Біздің студенттерге еңбек нарығында жұмыс табылары анық деп сеніммен айта аламын. Осы бағытта да біз барынша қолдау білдіріп, бар білгенімізді үйретіп келеміз, – деді Г.Елубаева.
Индира БЕРЖАНОВА