Жұмыс уақыты созылады

Елордадағы байырғы кітап ордаларының бірі Мұхтар Әуезов атындағы Орталық қалалық кітапхананың жұмыс уақытын биыл түнгі 11.00-ге дейін созу жоспарланған. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында берген тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл жайында Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Жаңабай Мейірманқұлов «Абай» телеарнасының «Сарасөз» бағдарламасына берген сұхбатында айтты.
«Бұл кітапхананың жанында Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті орналасқан. Ал қала кітапханаларына студенттер көп келеді. Сол себептен аталмыш кітап ордасының жұмыс уақытын созу тәжірибесі енгізіледі. Егер бұл тәжірибе өзін ақтаса, әрі қарай тәулік бойы жұмыс істейтін болады» деді Жаңабай Мейірманқұлов.
Ерекше атап өтерлігі, былтыр Мұхтар Әуезов атындағы Орталық қалалық кітапхана жаңғыртудан кейін қайта ашылды. Бас қаладағы ең ірі болып саналатын осы кітапхана 1974 жылдан бастап жұмыс істейді. Оған 2005 жылы заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің аты берілді. Кітап қоры көркем әдебиет, анықтамалық, энциклопедиялық және шетел әдебиеттерін қосқанда 130 мың дананы құрайды. Оқырмандар саны 7 мыңнан асады. Ал жыл бойына бұл кітапханаға 70 мың оқырман келеді. Олардың қолына бір жылда 80 мың кітап беріледі. Кітапхананы жаңғырту жұмыстарына материалдық-техникалық базаны да күшейту кірді. Атап айтқанда, жаңа жиһаздар мен тиісті техника сатып алынды.
Астана қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлбадан Мәдібаеваның айтуынша, алдағы ақпан айында заңғар жазушының аты берілген кітапхана сағат 21.00-ге дейін жұмыс істей бастайды. Жұмыс уақыты 23.00-ге дейін жазғы мезгілде ауысуы мүмкін.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



