Әлеумет

Жұмыс беруші қолдауы маңызды

Елордада Қазтұтынуодағы жоғары колледжінде «Жұмыс беруші күні» іс-шарасы өтіп, оқу орнының әлеуметтік серіктестері мен аймақтық бизнес қауымдастықтың жетекші мамандарымен кездесу ұйымдастырылды.

Жиында жұмысшы мамандықтарын әзірлеу мәселесі сөз болып, жұмыс берушілермен байланысты нығайту бағытындағы бастамалар көтерілді. Аталмыш колледж 70 жылдық тарихында 30 мыңға жуық маманды оқытты. Оқу орны 6 мамандық бойынша мамандарды даярлайды. Олардың қатарында маркетинг, есеп және аудит, IT шешімдер, тамақтануды ұйымдастыру және бағдарламалық қамтамасыз ету мамандықтары бар.

Іс-шараға елордалық Білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Ақмарал Хон қатысып, кадрларды оқыту ісіне жұмыс берушілердің қатысуы маңызды екеніне тоқталды.

«Ел экономикасы қуатты болу үшін оның кадрлары білікті болуы керек. Біздің де басты мақсатымыз – қазіргі нарықтың талабына сай жауап беретін жұмысшы мамандарын дайындау. Бүгінгі таңда білікті кадрлар даярлау тек білім беру мекемесінің міндеті емес. Колледждерге академиялық дербестік беруге байланысты ол талаптар өзгерді. Бұл білім ордасы – жұмыс беруші – студентпен бірлесе атқарылар үлкен жұмыс. Еңбек нарығына кадрларды жұмыс берушісіз шығару мүмкін емес. Сондықтан соңғы жылдары дуальді оқытуды қолға алдық. Студенттер теориялық білімді колледж қабыр­ғасында алса, практикалық білімді жұмыс берушілерден ала алады. Мәселен, аспаз-кондитер мамандығы бойынша колледжді бітірген маман компанияға не мейрамханаға жұмысқа орналасатын болса, енді осы жас маман әрі қарай өз кәсібін ашып, оны дөңгелетуі үшін бухгалтерлік есеп-қисапты, салықты дұрыс төлеуді де меңгеруі қажет. Студент колледж қабырғасында осы дағдыны үйренеді.

Сонымен қатар жұмыс берушілердің тапсырысы бойынша мақсатты түрде дайындау жүзеге асып отыр. Бұл да – шәкірттерге берілген бірегей мүмкіндік. Талапкер емтихансыз негізде өзі таңдаған мамандық бойынша оқуға түсе алады» деді өз сөзінде Қаз­тұтынуодағы жоғары колледжінің директоры Мырзабек Күжімов.

Оқу орны қабырғасында сондай-ақ қалалық Worldskills чемпионаты 3 құзыреттілік бойынша өтуде. Солардың қатарындағы IT-шешімдер құзыреттілігіне қажет материалдық база жұмыс берушілердің демеушілігі есебінде алынды. Осы секілді өзге де әлеуметтік серіктестері кіретін Қамқорлық қоры 7 жыл көлемінде қолдау білдіріп келеді. Мәселен, тамақтандыруды ұйымдастыру мамандығына қажетті барлық құрал-жабдықты серіктестер қамтамасыз етіп, білікті маман даярлау ісіне атсалысуда.

Іс-шарада «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының астаналық филиалы өкілдері, колледждің Индус­триялық кеңесі мүшелері мен бизнес қауымдастықтың жетекші мамандары колледжбен байланыста әрі қарай жетілдіру керек бағыттарды талқылады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button