Басты ақпаратРуханият

Жұмекеннің жұлдызы

28 қараша күні аса көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан әнұраны авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 90 жыл толды. Астананың жаңа әкімшілік орталығында ақынның атына көше берілген. Шәмші Қалдаяқов көшесінен басталып, ұзыннан-ұзақ «Нұрлы жол» вокзалына дейін кең көсіліп жатқан бұл көше А-62 көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 5524,9 метр. Бұрынғы атауы – №23-11 желекжолы.

«МЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ» ҚАЛАЙ ЖАЗЫЛДЫ?

Шәмші мен Жұмекен өткен ғасырдың 50-жылдарының соңына қарай «Менің Қазақстаным» әнін жазып, жаңа ғасырда бұл шығарма елдің әнұранына айналғаны бәріне белгілі. Осы тұрғыдан елордада қатар жатқан қос көшенің ақын мен композитор аттарына берілуі өте жарасымды шешім болды.

Ал Шәмші мен Жұмекенді байланыстыратын шын мәнінде өлмес туынды тарихын композитор көзі тірісінде өзі туралы деректі фильм түсірген кинорежиссер Тілеген Ахметовке айтып берген. Шәмшінің естелігі Жұмекеннің болмысын да ашатындықтан, соны келтіре кеткен артық болмас.

«1959 жылдың аяғында «Менің Қазақстаным» деген әнді жазуға тура келді. Кезінде біздің солтүстіктегі бес облысымызды «Целинный край» қылып бөліп жатқан болатын… Бұл шу шығып, айқай шығып жатқан сол кезде жазылған ұран әніміз еді. Оның сөзін жазған – Жұмекен Нәжімеденов деген жас талантты қазақтың ақыны. Жұмекен екеуміз бірге оқитын едік. Ол домбырашы жігіт еді, консерваторияда оқыған. «Сенің кеудеңде қазақ деген қаның бар ғой. Сен әнге сөз жаз, мен әнін жазайын» дедім. Соны Жамал апа (Омарова – А.Қ.) қағып алды да, радиоға барып орындады. Радиодағы жігіттерге «күніне бір-екі рет беріп қойыңдар» деп айтып қойдық… Сөйтіп жүріп, өзімізше бір патриоттық іс қозғағандай болып, жерімізді біз қайтарып алғандай қуандық ішімізден» деген еді Шәмші.

Шынымен, ақын мен композитор елдің рухын көтеретін туынды жазып, мақсатына жетті. 1986 жылдың желтоқсанында қазақ жастары осы әнмен алаңға шықты. 2006 жылдың 6 қаңтарында Нұрсұлтан Назарбаев мәтінді өңдеп, өзінің Жарлығымен «Менің Қазақстаным» әнін Қазақстан әнұраны ретінде бекітті.

АҚЫН МЕН ҚАРАША АЙЫ

Жұмекеннің өмірбаянына үңілсек, қараша айы ақын өмірін айқындайды. Осы айда ол Атырау облысындағы Қошалақ құмының Ашақ деген жерінде дүниеге келіп, 48 жасына 6 күн қалғанда, 22 қараша күні Алматыда фәниден бақиға көше барды.

Балалық шағы Екінші дүние­жүзілік соғысқа тап келді. Әкесі Сабыр майданға кетіп, содан оралмады. Сондықтан болашақ ақын атасы Нәжімеденнің бауырында өсіп, тәрбиеленді. Орта мектепті бітіргеннен кейін бір жыл орта мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Содан кейін Қарағандыдағы №33/34 шахтада комбайнердің көмекшісі болып жұмыс істеді.

ҚАРАҒАНДЫ КҮНДЕРІ

Батыс перзентінің Сары­ар­қаға келу себебін жұмекентанушы Марат Азбанбаев былай тарқатады.

«1955 жылдың қыркүйегінде Қарағанды қаласының шахтерлері бүкіл Қазақстан жастарына үндеу тастап, көмір өндіруге шақырған. Оған Жұмекен де алғашқылардың бірі болып 16 қыркүйекте «Шахтаға мен де барамын» деген өлеңімен үн қос­ты да, Қарағандыға аттанды».

Осы жерде шахтерлердің ән-би ансамблі құрамына қабылданып, 1956 жылы Мәскеуде өткен бүкілодақтық көркемөнерпаздар байқауына қатысады. Қорытынды концертте КОКП ХХ съезі делегаттарының алдында күй тартып, «Қараторғай» әнін шырқайды. Содан кейін оның өнеріне шахтаның кәсіподақ жетекшісі Әукебай Кенжин қолдау көрсетіп, Алматыдағы консерваторияға барып оқуға мүмкіндік жасайды. Жұмекен мен Шәмші дәл осы уақытта танысады. Ақын күйші Құбаш Мұхитовтың сыныбына қабылданып, одан төрт жыл дәріс алады.

«КҮЙ КІТАБЫНЫҢ» ҚҰДІРЕТІ

Жұмекеннің көзін көргендер оның асқан күйші болғанын айтады. «1956 жылдың шуақты күнінің бірінде Жұмекенді Ғұбайдолла Ержанов деген азамат маған алып келді. Ол өлең айтумен қатар домбыраны да бір кісідей тартады екен. Маған оның тартқан Мәменнің «Ақ шолпан», «Қайғылы қара» күйлері өте ұнады. Мұндай өнер талантын алмағанда кімді аламыз?!» деп еске алған еді кейіннен Қ.Мұхитов «Сегіз қырлы еді» атты естелігінде. Ұстазының бұл сөзі мен ақынның 1967 жылы шыққан «Күй кітабы» атты жинағы күйшілігіне көз жеткізеді. Онда ол күй атасы – Құрманғазының, Дина Нұрпейісованың, Тәттімбеттің, Дәулеткерейдің, тіпті «Ақсақ құлан», «Нар идірген» секілді халық күйлерін поэзия тілінде шебер сөйлеткен. Бірақ Жұмекен жұртқа күйші емес, ақын ретінде танылды. Өлеңді өндірте жазды. Соның ішінде баллада, ­поэма секілді әдебиеттің соқталы жанрларында өнімді еңбек етті. Сол жеміссіз емес еді. Ұлы Отан соғысының қасіреті туралы «Жоқ, ұмытуға болмайды!» деген дастандар жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды.

ЖЫРЛАРЫНА БОЙЛАҒАН ЖОҚПЫЗ

«Бүгінгідей, эстрада мен космостың, химия мен футболдың заманында поэзия атқарар істің, поэзия көтерер жүктің зорайып, ауырлап көрген кезі жоқ шығар. Поэзияның жаңашыл жанр екені жалпыға аян. Ол жаңаның жаңасын, жақсының жақсысын кешегі күннің тәжірибесіне сүйене отырып, ертеңгі күнге естіртіп, соған өлшеп айтуға тиіс. Сонда ғана ол осы күні көп айтылып жүрген дәуір тынысы, уақыт рухы деген талаптар деңгейінен шыға алады» деп жазды ақын «Поэзия туралы» мақаласында. Осыдан оның өлең сөзге қояр талабы айқын көрінеді.

Осы уақытқа дейін ақын туралы аз айтылып, аз жазылған жоқ. Бірақ күні бүгінге шейін Жұмекеннің жырларына бойлаған жоқпыз. Біздіңше, ақынның шығармашылығы тереңдігімен, аңғарымпаздығымен, кішкентай көріністен көп нәрсені көре алуымен, тосын тіркестерімен, өлеңдерінің ерекше формасымен ерекшеленеді.

Абайсыз кеткен талайды,

Талайсыз өткен сөзіңді

Аяймын;

Заманға қарап – Абайды,

Абайға қарап – өзімді

Аяймын, – дейді ақын. Осы қысқа ғана өлеңінде түсінген адамға көп мағына жасырынып жатыр.

ҮШ РОМАН НЕМЕСЕ ПРОЗА ПАРҚЫ

Жұмекен поэзиямен ғана шектелген жоқ. Прозаға да қалам тартып, әдеби сын, аударма жанрларында да еңбектенді. Соңында «Ақ шағыл», «Кішкентай», «Даңқ пен дақпырт» атты үш роман, «Бетпе-бет», «Домбыра және көсеу», «Аспан шақырады» повестері мен ондаған әңгіме қалдырды.

«…Егер Жұмекен ешуақытта өлең жазбай, осы үш романды ұсынған автор ғана болса, сөз жоқ, қазақ прозасының төрінде тұрар еді. Жазушылар арасындағы асқар бел саналар еді…» деп жазады белгілі публицист Қайнар Олжай. Әріптес ағамыздың бұл сөзіне қосыламыз. Осы жағдай Жұмекеннің шы­ғармашылығын әлі де зерттей түсу керек деген ойға жетелейді.

КҮНДЕЛІКТЕР НЕ ДЕЙДІ?

Ақынның артында күнде­ліктері де қалды. Жұмекен 1983 жылдың жазында ауруханаға түсті. Оның өмірі мен шығармашылығына арналған zhumeken.kz сайтында осы кезеңдегі жазбалары енгізілген. «Мені жұрт қиын ақын санайды… Мен әу баста-ақ сюжетпен, оқиғамен сөйлеуге (немесе мысалдап деуге келер ме екен) бе­йімдеу едім. Желдің есіп, жапырақтың сылдырап тұрғанының өзіне – адами психология, мінез беруге тырысқаным өз алдына – оқиғалық сипат бердім» деп жазады соның бір жерінде өзінің шығармашылық лабораториясынан хабар беріп. «Жұрт ғұмыр бойы маған тиісіп келеді. Ал мен әлі жауап бергем жоқ. Еңбек! Жауаптың да, сұрақтың да көкесі – сол еңбек» дейді тағы. Өмір сауалдарына ақын жанкешті еңбегімен жырлары арқылы жауап берді…

P.S: Астанадағы Жұмекен Нәжімеденов көшесіне жақын жерде Ұлттық музей орналасқан. Онда ақынның пиджагы, галстугы, дипломаты мен портсигары сақталып тұр. Бұл жәдігерлерді 80 жылдығы тұсында қызы Әйкен «Музейге сый тарту» шарасының аясында тапсырған. «Жұмекеннің жұлдызы оның жырларын терең ұққандар көбейе түскен сайын биіктей береді» деп жазды көрнекті қаламгер Әбіш Кекілбайұлы. Біз соған сенеміз.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button