Жұмекен жырлаған өр рух

Ұлттық музейде көрнекті ақын, еліміз әнұраны авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 90 жыл толуына арналған «Менің Қазақстаным» тақырыбында музейлік сабақ өтті.
Іс-шараға Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұрболат Қабен және тарих пәнінің мұғалімі Қалжан Рахымжанов, Ұлтық академиялық кітапхананың ақпараттық-мәдени бағдарламалар қызметінің сектор жетекшісі Алуа Түгелбайқызы, М.Жұмабаев атындағы халықаралық жоғары колледж студенттері қатысты.
ҚР Мемлекеттік әнұранымен ашылған іс-шара деректі бейнеролик негізінде ақынның туған жері, балалық шағы, әдеби ортадағы қалыптасуы, еңбек жолы, ақынның шығармаларындағы туған ел тақырыбы жайындағы ақпараттармен жалғасты. Жұмекен Нәжімеденовтің жеке мұрағатындағы фотосуреттерінің, музей қорынан қолжазбаларының көшірмелерінен шағын көрме қойылды.
Қонақтар сөз алып, Тәуелсіздік тарихын баяндап, ақынның «Менің Қазақстаным» әнінің жазылу тарихы, шығармаларының қазақ әдебиетіндегі орны жөніндегі ойларымен бөлісті, қатысушылар ақынның өлеңдерін оқыды.
Жұмекен жырлаған өр рухты күй тілінде жеткізуді мақсат еткен тағылымды іс-шара Е.Серкебаев атындағы №3 балалар музыка мектебі «Қобыз» сыныбының оқытушысы Айымжан Алдабергенова мен шәкірті Беназир Бектөреева орындауындағы «Арынғазы» күйімен өріліп, Ахмет Жұбановтың «Би» шығармасымен өз мәресіне жетті.



