Жүзден жүйріктер анықталды

Астана күні мерекесіне орай елорда іргесіндегі Қазанат атшабарында дәстүрлі «Елорда кубогы» – Қазақстан чемпионатының 5-іріктеу кезеңі мәресіне жетті.
Салтанатты ашылу рәсімінде ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Еркебұлан Ілиясов пен Бәйге федерациясының президенті Қанат Көпбаев сөз сөйлеп, барша қатысушыларды мерекемен құттықтап, жарысқа сәттілік тіледі.
Бұл жолғы дүбірлі дода – бәйгенің бес түрлі қашықтығында еліміздің әр облысы мен қаласынан келген 100-ге жуық тұлпар жарысқа түсті. Жарыстың жалпы жүлде қоры 24 200 000 теңгені құрады. Сондай-ақ чемпионаттың қорытындысы бойынша үздік шыққан сәйгүліктер мен шабандоздар маусым чемпиондарын анықтайтын ақтық сынға жолдама алды.
9 шақырымдық құнан бәйге жолына барлығы 21 құнан шықты. Қызу тартыста оза шауып, мәреге бұрын жеткен тұлпарлар мен шабандоздар төмендегідей болды:
Шалқұйрық (шабандозы Мұратхан Арнат, Астана қаласы) – бірінші орын;
МММ торы (Амангелді Хамза, Түркістан облысы) – екінші орын;
Қызғалдақ (Ілесбек Дамир, Астана қаласы) – үшінші орын.
Сондай-ақ төртінші және бесінші орындарды Қарағаш (Аңсар Арыстанбек, Алматы облысы) пен Қайтпасқара (Ерсұлтан Жарқын, Алматы облысы) иеленді.
5 шақырымдық ұшқыр бәйгеде 12 тұлпардың ішінен оза шапқандар:
Мисс Моздок (Санай Санжар, Қостанай облысы) – бірінші орын;
Веселый (Қайникамал Сәдуақасова, Абай облысы) – екінші орын;
Фас шторм (Кенжебек Дидар, Жамбыл облысы) – үшінші орын.
7 шақырымдық жорға жарыста 13 жорға бақ сынап, нәтижесінде Ақжауын (Санжар Тымбаев, Абай облысы) – бірінші орын; Ақбақай (Данияр Шакеров, Шығыс Қазақстан облысы) – екінші орын; Триумф (Тоқтасынова Әлия, Астана қаласы) – үшінші орын.
15 шақырымдық топ бәйгеге 21 тұлпар түсіп, ұзақ қашықтықта төзім мен шапшаңдықты қатар сынады. Бұл сында: Зымыран (Мұратхан Арнат, Астана қаласы) топ жарса, Фантастик (Темірлан Застежко, Қостанай облысы) екінші, Айтолқын (Нұржігіт Разақ, Алматы облысы) үшінші орыннан көрінді. Ал төртінші орынды Сиэтл (Амангелді Хамза, Астана қаласы) иеленді.
21 шақырымдық аламан бәйге – чемпионаттың ең мәртебелі кезеңі. 27 сәйгүліктің ішінен оқ бойы озып, жүлделі орындарға көтерілген тұлпарлар мен шабандоздар: Жұмбаққыз (Нартайұлы Санжар, Жамбыл облысы) – бірінші орын; Берекет (Абзал Тұрғанбек, Алматы облысы) – екінші орын; Сабля (Аманжол Назар, Қарағанды облысы) – үшінші орын; Оқ (Алдияр Ердосұлы, Алматы облысы) – төртінші орын; Көктерек (Мерей Қолғанат, Батыс Қазақстан облысы) – бесінші орын.