Жүректен – жүрекке

Елордадағы «Астана – әлеуметтік технологиялар» қоғамдық бірлестігінде «Жүректен – жүрекке» қайырымдылық шарасы өтті. Іс-шараны Байқоңыр ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ұйымдастырды.
Мерекелік концерт барысында шығармашылық үйірмелер өз туындыларын көрсетіп, ән мен би орындап, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Еңбек терапиясы үйірмесінің қызмет алушылары құрған «Сиқырлы қуыршақ» театры өз қолымен жасаған қуыршақтар арқылы «Бауырсақ» ертегісін сахналады. Ұлттық ойындар бағытында тоғызқұмалақ үйірмесінің жетекшісі Сәуле Баймағамбетова шеберлік сабағын өткізіп, қатысушыларға ұлттық ойынның ережелері мен тарихы туралы қызықты мағлұмат берді.
– Қайырымдылық шаралары адамдардың бір-біріне деген мейірімін, сыйластығын арттырады. Әсіресе ерекше жандардың шығармашылық қабілетін танып, оларды қолдау – қоғам дамуының маңызды көрсеткіші. Осы акцияның негізгі мақсаты да сол, Халықаралық мүгедектер күніне орай ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға қолдау көрсету, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру және қайырымдылық мәдениетін дамыту, – деді ол.
Іс-шара соңында Сәуле Қаржасқызы қатысушыларға тоғызқұмалақ тақтасын сыйға тартты.