«Жұбановтар аллеясы» бой түзейді

Осыдан бір жарым жыл бұрын «Елорда мәслихатына депутат болам ба?» деген оймен Байқоңыр ауданы бойынша үміткерлер қатарына тіркеліп,алда атқарылар жұмыстардың бағдарламасымен таныстыру мақсатында сайлаушылармен кездесу өткіздім. Бір кездесуде тұрғындар өтініш ретінде: «Біз қаланың ескі ауданында тұрып жатырмыз. Жасы келген зейнеткерлердің, балалы аналардың тыныстайтын демалыс орындарының тапшылығы бәрімізді алаңдатуда. Мәдениет үйінің және кинотеатрдың жоғы айтарлықтай қолайсыздық тудыруда» деп шағымданды.
«Мереке күндері аудан тұрғындары елорданың сол жағалауына сабылуда. Автобустар мен жеке автокөліктер кептелісінің бірден-бір себебі – аудан аумағында осындай өнер орталықтарының жоғы» деп мәселе көтерді. Өтініштерін жалғастыра келе: «Қазіргі кезде А.Жұбанов көшесінің басында бос алаң бар. Бұл жер заңсыз автокөліктің тұрағына айналып, бізге қолайсыздық туғызуда. Сол себепті осы жерді абаттандырып, Қазақ елінің тарихында бір әулеттен үш академик, бірнеше ғылым докторы, кандидаты шыққан «Жұбановтар аллеясы» деген аты беріліп, мүмкін болса, ескерткіш орнатып, біздің тұрмыс-тіршілігіміздің жақсаруына әсер етсеңіз, сайлаудағы дауысымызды сізге береміз» демесі бар ма?! Кейбір себептермен ұмтылған мақсатыма жете алмадым. Бірақ халықтың аманаты ойда жүрді.
Бірде Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі ретінде қала әкімі Жеңіс Қасымбекпен кездесу барысында осы мәселе көтеріліп, билік тарапынан қолдау тауып, сол жерде Байқоңыр ауданының әкімдігіне айтылған жұмысты жүзеге асыру туралы тапсырма берілді. Міне, берілген тапсырманы жүзеге асыру мақсатында осыдан бір апта бұрын абаттандырудағы дайындық жұмысы басталып та кетті.
Ғарышкерлер күні мейрамы қарсаңында Астана қаласындағы Есіл университетінің 100-ге жуық ұстазы мен студенттерінің қатысуымен болашақта «Жұбановтар аллеясы» болатын жерде (Ахмет Жұбанов көшесі, №1 үйдің жанында) сенбілік өтті. Байқоңыр ауданы әкімдігінің қолдауымен бұл шараның бастамашысы – республикалық «Күй анасы» қоры. А.Жұбанов пен Ж.Тәшенев көшелерінің бойымен 50-ден астам жас көшеттер егіліп, қатысушылар көтеріңкі көңіл күймен ән шырқап, болашақта Байқоңыр ауданының көркін жақсарта түсетін игі шараны қолдай келе, еріктілер ретінде құрылыс басталар уақытта аллеяның жұмыстарын атқаруға дайын екені жөнінде айтып жатты. Әкімдіктің абаттандыру мәселелері бойынша жауапты қызметкерлері сенбілікке қатысушыларға алдағы уақытта да аталмыш аудан көлемінде тал егу жұмыстары жалғасын табатынын айта келе, атқарылған жұмысқа өздерінің алғысы мен ризашылығын білдірді.
Өткен аптаның сенбісінде «Жұбановтар аллеясын» абаттандыру жұмыстары қарқынды басталды. Оның құрылысын жүзеге асыратын мердігер тендер арқылы айқындалып («Imperium-A» ЖШС), құрылыстың аяқталу мерзімі белгіленді (01.07.2025 ж.). Саябақ орналасатын жерде алдын ала жоспары сызылып, коммуникациялық желілердің алынатыны алынып, басқа жерге көшірілетіндері көшіріліп, дайындық жұмыстары осы айдың басында аяқталған еді. Жоспарымыз бойынша шілде айындағы Ұлттық домбыра күні мерекесі қарсаңында белгіленген жұмыстар аяқталып, салтанатты ашылу рәсімінде кездесуге жазсын деген тілек-ниетіміз бар. Астанамыздың төрінде тағы бір саялы ортаның пайда болуы өркениетті еліміздің дамуының көрінісі деп қабылдағанымыз орынды болады деп есептеймін.
Төлеген ҚУАНЫШЕВ,
республикалық «Күй анасы»
қорының басшысы