Жомарт жандар жанымызда

Елімізде жеке кәсіпкерлердің, бизнес-компаниялардың корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік принциптерін қалыптастыруға, оның ізгі тәжірибелерін ілгерілетіп, осы саладағы ең үздік үрдістің кең қанат жаюына алдымен қоғам мүдделі болып отыр. Ол туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында да атап өтті.
Мемлекет басшысы «Бізге халық алдындағы жауапкершілігін жақсы білетін әрі соны терең түсінетін ұлттық буржуазия керек. Себебі халық болмаса, олар ешқашан табысқа жете алмас еді» дей келіп, Республика күні қарсаңында өткен азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттау рәсімінен кейін кәсіпкерлермен жеке кездесуінде айтылған әңгімеге тоқтады.
«Мен қоғамның игілігіне қызмет ету билік жүктеген міндет емес, мәртебелі парыз екенін тағы да олардың есіне салдым. Осы орайда, шетелде табысқа жетсе де, туған жерін ұмытпай, халқына көмектесіп жүрген ірі кәсіпкерлерді жақсы үлгі ретінде атап өттім. Ондай азаматтар ауқымды жобаларды жүзеге асырып жүр. Қалаларда инфрақұрылым салып, жөндеп, мұражайлардың, емханалар мен мектептердің құрылысын қаржыландырып жатыр» деді Президент.

Бүгінде құлағымызға сіңісті болған «корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік» деп аталатын ұғым дүние жүзінде өткен ғасырдың 70-80-жылдардан бері айтыла бастаған. Әдетте, бизнес пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың мәнін айшықтай келе, кез келген компанияның қызметкерлері алдында да есеп беруге міндетті екенін, олардың әл-ауқатының жақсаруына негізделуі тиіс деп шешкен. Бұл тұжырым соңғы 10 жылда біздің де елімізде кең тарай бастады. Егер бұрын бір реттік қайырымдылық шараларымен шектелсе, қазіргі күнде оның ауқымы кеңейіп, әлеуметтің бір тетігін ұстап, кемін түгендейтін күшке айналды. Оның әлеуметтік маңызын жақсы сезінген бизнес иелері белгілі бір мәдениетті қалыптастыруда. Атақты компаниялар әлеуметтік жауапкершілік үшін өте тиімді, жан-жақты ойластырылған саясатты әзірлеуге қызығушылық танытуда. Қоғамда орын алған әлеуметтік түйіндерді шешуге, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, қоршаған ортаны қорғауға, әлеуметтік проблемаларды азайтуға бағытталған басқарушылық шешімдер ерекше өзекті. Мұндай компаниялардың қызметіне қоғамның назары артып келеді. Оның маңызына назар аудартқан Президентіміз: «Мен қайырымдылықпен айналысып жүрген азаматтарды қолдау үшін арнайы «Мейірім» орденін енгіздім. Елге жанашырлық көрсетіп, әлеуметтік жауапкершілік танытқан кәсіпкерлер биылдан бастап осы жоғары наградаға ие болады. Осылайша, олардың қоғам алдындағы абырой-беделі мен мәртебесі айқындалады» деп жауап берді «Turkistan» газетіне берген сұхбатында.
Осы орайда жыл сайын әлеуметтік жауапкершілігі жоғары кәсіпорындарды ынталандыру мақсатында өтіп тұратын «Парыз» сыйлығының рөлін айта еткен дұрыс. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұйымдастыруымен басталған бәсеке – Қазақстанда әлеуметтік жауапкершілікті белсенді жүзеге асыратын, экология, қоғам және қызметкерлердің әл-ауқаты үшін үлес қосып жүрген кәсіпорындар мен ұйымдарды марапаттайтын беделді байқау.
Болат Өтемұратов қайырымдылық қоры соңғы 10 жылда Қазақстанның 12 қаласында 13 аутизм орталығын ашып, 300-ден астам мұғалімді мамандандырылған, сертификатталған бағдарламалар бойынша оқытыпты. Қайырымдылық ұйымы сонымен қатар елдегі барлық мектеппен жұмыс істейді, инклюзивті білім беруді енгізу үшін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бағдарламалары арқылы мұғалімдер мен ата-аналарды оқытады. Болат Өтемұратов қорының негізгі саясаты – мемлекеттің рөлі мен функциясын алмастырмай, жеке тарапынан әлеуметке қолдау көрсету.
Қазақстан халқы ассамблеясы жанынан 2024 жылдан бастап кәсіпкерлер қауымдастығын қайта ұйымдастыру нәтижесінде «Жомарт жан» орталықтары құрылды. Республикалық «Жомарт жан» орталығы еліміздің 20 өңірінде белсенді жұмыс істеуде. Республика бойынша 342 адам (меценаттар, қайырымдылар, волонтерлер) «Жомарт жан» орталықтарының құрамына кіреді. Бұл бастама заманауи сын-қатерлерге жауап беріп, азаматтар мен ұйымдардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Бұл орталықтың төрт негізгі бағыты бар. «Жомарт жан» орталықтарының қызметі нақты және практикалық сипатқа ие. 2025 жылдың басынан бері «Жомарт жан» орталықтары 35 мыңнан астам адамды қамтыған 476 іс-шара ұйымдастырып, көрсетілген қайырымдылық көмектің жалпы сомасы 304261415 теңгені құрады. Астана қалалық ассамблея қызметінің әлеуметтік бағыты 2025 жылы «Жомарт жан» орталығының, аналар кеңесінің және жастар бірлестігінің жұмысы арқылы нақты практикалық көрініс тапты. Өткен жылы жалпы сомасы 22 миллион теңгеден асатын 8 қайырымдылық акциясын өткізді. «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік осал санаттағы 200-ден астам балаға көмек көрсетілді. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды, сондай-ақ емдеуді қажет ететін азаматтарды жүйелі қолдау жалғасын тапты.
Айгүл УАЙС


