Жолы мен бағытын бағамдады

Халықаралық жастар күніне орай елорданың амфитеатрында кең ауқымды «Jastar fest» атты ашық аспан астындағы мерекелік фестиваль өтті.
Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы жастар арасында шығармашылықты дамыту, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың қабілетін ашуға мүмкіндік беру, жастарға мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында ұйымдастырған іс-шараға аталмыш басқарма басшысы Самат Ибраев пен Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден қатысты.
Жастар жиыны сондай-ақ суицидтің алдын алуды, жастардың бойына адамгершілік нормаларын сіңіруді, құқықтық мәдениетті арттыруды, заң мен тәртіпке құрмет қалыптастыруды, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында еңбекке баулу мен кәсіби бағдар беруді, «Таза Қазақстан» ұранын насихаттай отырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруды көздеді.
Фестивальде еліміздің түрлі саласында табысқа жеткен танымал спикерлер өздерінің кәсіби тәжірибесімен, мотивациялық әңгімесімен және жеке даму жолындағы құнды кеңесімен бөлісті. Олардың арасында Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Креативті индустриялар департаментінің басшысы, қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш гроссмейстер Гүлісхан Нахбаева, Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілі, полковник Ғани Артықов, EasyStep платформасының негізін қалаушы Әсел Сейфуллина, «МФА Интернэйшнл» ЖШС өндіріс басшысы Ұлан Шонабаев, спорт шебері, көркем гимнастика бойынша халықаралық төреші, жоғары санатты жаттықтырушы Меруерт Балғынбаева және т. б. болды. Спикерлер көшбасшылық, медиа, технология, қаржы сауаты, өнер, әскери-патриоттық тәрбие, нашақорлықтың алдын алу, әлеуметтік жобалар бойынша тәжірибесін жеткізді.
2 мыңнан аса қатысушы мен қонақтарды жинаған фестиваль жастарға өз жолын табуға, қай бағыттарда алға жылжу керектігі жөнінде ойлануға мүмкіндік берді. Олар ойланып қана қоймай, өздері жақсы көретін музыканы тыңдап, сүйікті әншілерімен жүздесіп, демалды. Кеш қонақтары жастар арасында танымал отандық эстрада әншілері Ersultan Omar, Madeniyett, Серик Гамза-заде, Bonapart, Baxa, Rick және Kazybek Kuraiysh болды. Фестивальді тележүргізушілер Бексұлтан Әкімжан мен Ирина Тен жүргізді.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ