Жолтайдың кітаптары жарық көрді

Ұлттық академиялық кітапханада жазушы, драматург Жолтай Әлмашұлы шығармаларының таныстырылымы өтті. Әдеби кеш барысында қаламгердің «Олигарх қазақ», «Көктүрік сарыны» және «Клятва любви» атты кітаптары оқырманға жол тартты.
Жазушымен кездесуді кітапхана ұжымы және «Көкжиек-Горизонт», «Бек-Дидар» кітап баспалары ұйымдастырды. Шараның тізгінін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының комитет төрағасы, депутат, журналист-қаламгер Нұртөре Жүсіп ұстады.
Автордың айтуынша, «Олигарх жолы» романының алғашқы бөлігі 2017 жылы жазылып, толық нұсқасы 2024 жылы аяқталған. Шығармада жас күнінде Америка құрлығына аттанып, атақты кәсіпкер Томас Трамстың қолында тәрбиеленіп, 20 жыл ішінде ірі бизнес иесіне айналған Аспан Шуани есімді кейіпкердің тағдыры суреттеледі. «Көктүрік сарыны» драмалық шығармалар жинағына тарихи пьесалар топтастырылған. Сонымен қатар әл-Фарабиге арналған «Ғұлама-ғұмыр» атты екі бөлімді тарихи драма, «Бейбарыс сұлтан – Берке хан», «Шыңғыс ханның анасы мен жары», «Хан Кененің қамқоршылары» және Алаш арыстарының образдары арқау болған бірқатар туынды енген. Ал «Клятва любви» – автордың заманауи және тарихи пьесаларының орыс тіліне аударылған жинағы.
Кездесуде Жолтай Әлмашұлына ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хаты табысталды. Кеш барысында сөз алған жазушы Алдан Смайыл, әдебиеттанушы, ғалым Серік Негимов, ақын Ғалым Жайлыбай, жазушы Роза Мұқанова және өзге де зиялы қауым өкілдері Жолтай Әлмашұлы шығармашылығына жан-жақты тоқталып, жаңа кітаптардың қазақ әдебиеті мен ұлттық драматургиядағы маңызын атап өтті.
Жазушының «Күлкі мен көз жасы», «Қаратау қаһары», «Оянған ұрпақ», «Ұмытылған ұрпақ», «Интерадам» романдары мен 50-ге жуық драмалық шығармасы оқырман қауымға етене таныс. Жолтай Әлмашұлы 2017 жылы Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана өткізген сауалнама қорытындысы бойынша «Жылдың үздік драматургі» атанған.
Шапағат ӘБДІР



