Басты ақпаратҚала мен сала

Жолдар жаңарып, инженерлік желілер салынады

Кеше Астана қаласы мәслихатының құрылыс, экология, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында елорданың тұрғын алаптарында инженерлік желілер мен жол инфрақұрылымының құрылысы барысы мен жоспары талқыланды. Бұл жұмыстармен жауапты басқармалардың басшылары таныстырды.

Қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Асхат Қарағойшиннің мәлімдеуінше, биыл елорданың тұрғын алаптарында 8 жобаны іске асыру жоспарланған. Тиісті жобалар Оңтүстік-шығыс, Көктал-1, Интернациональный, Мичурин, Күйгенжар, Железнодорожный, Комсомольский, Үркер тұрғын алаптарында жүзеге асады. Атап айтқанда, Оңтүстік-шығыс­та 1-кезең жұмысы аясында 6 көшеде жол қозғалысы ашылды, ал 2-кезең шеңберінде жоспарланған 14 көшенің 7-уінде жол құрылысы аяқталды. Интернациональный­да жоспарланған 27 көшенің 7-уі, Железнодорожныйда 17 көшенің 7-уі салынды. Үркерде 16 көшеде биыл тротуарлар салынып, 5 бағдаршам орнатылмақ. Осы жылы Мичурин, Интернациональный, Күйгенжар тұрғын алаптарында көшелер бойымен су құбырлары салынады. Сонымен қатар Нұрбесік, ЛПУ, Көктал-1, Кирпичный, Өндіріс, Казгородок, Оңтүстік-шығыс (оң жақ), Промышленный, Шұбар, Тельман, Үркер тұрғын алаптарында сумен қамту, су бұру құбыр­лары, электр желілері секілді инженерлік инфрақұрылым ­тартылады.

«Биыл тұрғын алаптарда 11 көшеде орташа жол жөндеу жұмысы жүргізіледі. Жақында Промышленный, Оңтүстік-шығыс тұрғын алаптарын араладық. Бұл елді мекендердің жолдарын ауыр жүк көліктері бүлдіріп тастаған. Биыл осындай жолдарды жөндейміз» деді Асхат Қарағойшин.

Елорданың Коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерлан Сыздықовтың айтуынша, осы жылы аталмыш ведомство 2 жобаны аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл жобалар Үркер мен Кирпичный тұрғын алаптарында орналасқан. Ал Промышленный мен Шұбарда биыл 2 жоба басталмақ. Тағы 5 жоба жобалану кезеңінде. Олар келесі жылы іске аспақ.

Қазіргі таңда Кирпичный тұрғын алабында ұзындығы 5,8 шақырымды құрайтын кәріз жүйесі салынды. Тиісті жұмыс­тың 92 пайызы аяқталды. Дренаж желілері 100 пайыз да­йын. Сондай-ақ су құбырының 11,7 шақырымы салынды. Бұл – тиісті жұмыстың 84 пайызы. Ал нөсер кәрізін салу жұмысы 50 пайызға орындалды.

Қалалық Энергетика басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Исмағұлов тұрғын алаптарды газдандыру жұмысымен таныстырды. Оның айтуынша, қаланың 14 тұрғын алабы газбен қамтамасыз етілген. Соның ішінде 200 мың тұрғында газ желілері жеткізілді. Осы жылы Шұбар және Тельман тұрғын алаптарын газдандыру аяқталмақ. Тиісті қаржы бөлінген.

«Бүгінде Сарыарқа, Алматы, Есіл және Нұра аудандарының кейбір бөлігі газдандырылған. Осы уақытқа дейін Шұбар тұрғын алабын газдандыру жұмысы 95 пайызға аяқталды. Шыңғыс Айтматов көшесінен бастап Қайым Мұхамедханов көшесі бойымен газ құбырының құрылысын бастадық. Қажетті құрылыс-монтаждау жұмысын жүргізіп жатырмыз» деді Мақсат Исмағұлов.

Баяндамашы Үркер және Тельман тұрғын алаптарын газдандыру бойынша жұмыс­ты жеткізе келе, тек Өндіріс тұрғын алабы мен Garden Village коттедждер қалашығы газдандырылмай қалғанын айтты. Биыл бұл тұрғын алаптардағы жобалар мемлекеттік сараптамадан өтіп, осы жылдың соңында және келесі жылы құрылыс-монтаждау жұмысы жүргізілмек. Жалпы елорданы газдандыруды 2026 жылдың соңында толығымен аяқтау жоспарланған.

Мақсат Исмағұлов тұрғын алаптарды электрмен қамту туралы да айтып, Өндірістегі желілерді түгелімен жаңарту жоспарланғанын жеткізді. Железнодорожный тұрғын алабында да электр желілері ­ауыстырылмақ.

Мәслихат депутаттары баяндамашыларға сұрақтар қойып, ұсыныстарын жеткізді. Комиссия отырысы қорытындысында олар жабық типтегі аялдама павильондарының санын арттыруды, жолдарды пайдалануға беру кезінде аялдамаларды орнату тәртібін реттейтін тәртіпті енгізуді, тұрғын алаптарды газға қосу жұмысын жеделдетуді ұсынды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button