Жолаушылар сенімін ақтаған

Қоғамдық көлік тізгіндеу – халықпен үнемі байланыста болуды талап ететін жауапты жұмыс. Арамызда осындай қызметті абыроймен атқарып, бақытын осы істен тапқан жандар аз емес. Солардың бірі – елорданың №1 автобус паркінің жүргізушісі Ерік Әміреев. Жеті жыл ішінде ол Астанадағы қоғамдық көліктің бірталайын басқарды.
Автобус артынан жанұшыра жүгіретіндерді сабырмен күтіп, ешкімнің көңілін қалдырмай, бәрін мінгестіріп алуға дайын Ерік Әміреев бүгінде №8 бағдардағы автобусты жүргізеді. 35 жастағы кейіпкеріміздің бұл салаға келуі кездейсоқ емес. Жамбыл облысының тумасы елордаға көшпес бұрын жергілікті автопаркте қызмет етіп жүрді. Кейін ат басын Астанаға бұрып, тәжірибелік сынақтардан өтіп, №1 автобус паркінің қатарына қабылданады.
«Қоғамдық көлікті тізгіндеуіме әкем себепші болды» деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз. Себебі әкесі ұзақ жылдар бойы жүргізуші болып, осы қызметінен зейнетке шыққан. Оның үстіне туған ағалары да осы саланы таңдаған екен. Әке мен аға жолын қуған Ерік Әміреев үшін өзі үлкен, іші кең қоғамдық көліктің руліне отыру өмірлік мақсатына айналады.
Қызметінің алғашқы жылдары ПАЗ және қалааралық Setra автобустарын тізгіндеді. 2021 жылы елордаға көшкен ол №1 автобус паркіне қызметке орналасады. Бас қалада Iveco Citelis маркалы автобусқа ауысып, №5, 24, 71 маршруттың тізгінінде отырады. Тәжірибесі мол жүргізуші бүгінде Yutong автобусын жүргізеді. Астаналық автопаркке осыдан 3 жыл бұрын жұмысқа орналасқан ол әлі күнге дейін автобус кабинасынан ажыраған емес.
Жұмыс кестесі тығыз. Таңғы 6-да автопаркке жетіп, диспетчерден жолдамасын алады, медицина тексеруінен өтіп барып, график бойынша жұмысқа кіріседі. Ең алғашқы рейске 6:30-да шығып, кешкі 10-ға дейін жұмыс істейді. №8 автобусқа күн сайын 800-1000-ға тарта адам отырады. Экипажда осыншама өмір иесін тасымалдаған соң, жүргізуші мойнындағы жауапкершілік орасан. Ерік Әміреев әр жолаушыны А-нүктесінен Б-нүктесіне дейін аман-есен жеткізу басты міндетім дейді. Басқа салаларда өзін сынап көрген ол «осы қызметім жаныма жақын» дейді автобус жүргізушісі.
«Қай қаланың қоғамдық көлігің тізгіндеймін десең, біріншіден, сол қаланы жетік білуің қажет. Астана секілді мегаполистерде қаншама жолаушы бар. Халықпен үнемі байланыста болғаннан кейін түрлі адам кезігеді. Бірі рақмет айтып, сәтті күн тілесе, енді бірі шу шығарып, сөзге келуге дайын-ақ тұрады. Мұндайда бастысы сабырлық таныту керек. Кез келгенге қабақ шытпай, күліп қарасаң, күнің де дәл солай өтеді. Көп жағдайда үлкен кісілер, тұрақты түрде мінетін жолаушыларым мені танып, амандасып кетеді. Әрине, оларға қуанасың.
Мен жүретін маршрутта айта кететіні – жол мәселесі. Жаңа автобуспен күніне бірнеше мәрте шұңқыр жерлерден өтуге, әрине, жаның ашиды. 1,5 миллионнан аса тұрғыны бар қалада жолақысын төлемейтін адамдар саны да жоқ емес. Электронды төлем жүйесін кімдер өткізгенін экран арқылы көріп, есептеп, шамамен қаншасының төлегенін біліп отырамын. Мәселен, оң жағалауда тексеріс аз жүргізілетін аудандарда жасөспірімдер төлемей кетіп жатады. Көлікке асыға мінген жолаушылардың төлеуге асықпайтыны рас.
Көшеде өзге көлік жүргізушілері тарапынан мәдениетсіздік аса байқалмайды, сұранғанда өткізіп жіберетіндер көп, оның үстіне қазір bus lane жолағы да өте тиімді. Десе де асығып-аптығатын жүргізушілер болады. Мұндайда мен жолымды кесіп алдыма шығып алатындарды өткізе беремін. Соларды жөніне жіберіп, 30 секунд жоғалтқаным апатты жағдай тудырғаннан әлдеқайда жақсы» дейді кейіпкеріміз.
Маманның сөзінше, бүгінде автобус жүргізушілері арасында аға буынмен қатар, жастардың да қатары артып келеді. Себебі бүгінде жүргізушілерге жақсы көңіл бөлінуде.
«Жыл сайын жалақымыздың өсіп отырғаны қуантады. Жастар жағы бұл саланы таңдап, көптеп тартылып жатыр. Десе де бұл жұмысқа орналасу үшін белгілі бір талаптарға маман сай болу керек. Жүргізуші куәлігінің болуы жеткіліксіз, арнайы сынақтан да сүрінбей өтуі тиіс. Ал №1 автобус паркінің жүргізушісі атану үшін 5 жыл еңбек өтілі талап етіледі.
Өмірлік жолын жолаушы тасымалымен байланыстырған Ерік Әміреев – төрт қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы әке. Кез келген саланы алға жылжытатын жастар болса, кейіпкеріміз автобус жүргізушісі боламын дейтін жастар үшін бұл сала арнайы оқу орындарындағы курстарда үйретілсе екенін айтып қалды. Болашақ мамандарды осы салаға тартып, сүйікті ісін білікті жас буынға барынша насихаттау – басты мақсаты.
Индира Бержанова