Жол қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі?

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету – елорда Полиция департаменті қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі әкімдікпен, мәслихатпен және салалық ұйымдармен бірлесе отырып тұрақты түрде қаралады. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Уваев мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Спикердің айтуынша, әкімшілік полиция басқармасының деректері бойынша, биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Астана қаласында 1532 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1899 адам жарақат алып, оның ішінде төртеуі кәмелетке толмағандар.
Елорда жолдарындағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында ауқымды профилактикалық шаралар кешені жүзеге асырылуда.
Азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өрескел құқықбұзушылықтарға ерекше назар аударылуда.
Мас күйінде көлік басқарғаны үшін 869 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ жаяу жүргіншілер тарапынан 19 522, ал жарық бағдаршамның тыйым салынған сигналына өту бойынша 8 882 құқықбұзушылық тіркелді.
Бұған қоса, жаяу жүргіншілер өткелдерінде – 1 672, қарсы жолаққа шығу – 667 және жол-көлік оқиғасын тудыру қаупі бар – 2 232 жағдай анықталды. 2 635 көлік құралы айып тұрағына қойылды.
Жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында полиция қызметкерлерінің жаяу жасақтары әр жұма күні, қарбалас уақыттарда, тәуекелі жоғары орындарда қызмет атқарады.
Профилактикалық жұмыстың басым бағыттарының бірі – жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Жыл бойы Астанада «Тасымалдаушы», «Автобус», «Қауіпсіз жол», «Борышкер» және «Жолдағы қабылдау бөлмесі» сияқты бірқатар жедел-профилактикалық іс-шаралар мен акциялар өткізілді.
Аталған іс-шаралар тасымалдаушылар арасындағы құқықбұзушылықтарды анықтауға және қоғамдық көлік жүргізушілерінің жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Автобустардың жолға шығарылуына бақылау күшейтіліп, алдын ала медициналық тексерулер мен көліктің техникалық жай-күйін тексеру бойынша алты рейдтік іс-шара ұйымдастырылды.
Жыл басынан бері автопарк басшыларымен төрт жұмыс кездесуі өткізіліп, онда тәртіп пен қозғалыс қауіпсіздігі мәселелері талқыланды. Бұдан бөлек, жүргізушілер арасында 168 дәріс ұйымдастырылып, көлік мәдениетін арттыру мен жол қозғалысы ережелерін бұзу жағдайларын азайтуға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жол қозғалысының қауіпсіз жағдайларын жасау мақсатында көше-жол желісіне 816 тексеру жүргізілді. Нәтижесінде жолдарды күтіп ұстау мен реттеу құралдарындағы кемшіліктерді жою бойынша 1 294 нұсқама берілді.
Қоғамдық көлік бағыттары өтетін алты күрделі учаскеде көше мен аялдама конфигурациясы өзгертіліп (қалта кеңейту, қосымша жолақтар салу), қозғалыс қауіпсіздігі арттырылды. Сонымен қатар 22 жаңа жол белгісі орнатылып, 10 қосымша бағдаршам секциясы енгізілді, ал 67 қиылыста бағдаршамдардың жұмыс режимі қайта реттелді.
Білім беру мекемелерінің маңындағы қауіпсіздікке ерекше назар аударылды. №110 мектеп (Р. Багланова көшесі) және №33 мектеп (Ильинка кенті) жанында жаңа жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршамдар орнатылды.
Сонымен қатар, 28 мектептің маңында 114 жол белгісі қалпына келтіріліп, 110 жаңа белгі орнатылды, жасанды бұдырлар (жол кедергілері) жасалып, жол таңбалары сызылды.
Патрульдік полиция және арнайы есепке алу департаменті бастығының бастамасымен жол-көлік оқиғаларының себептерін зерделеу бойынша ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды.