Жол мәдениеті – ел мәдениеті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында жол қауіпсіздігі мәселесіне ерекше тоқталды.
«Халықтың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін тағы бір түйткіл, бұл – жол қауіпсіздігі. Мен былтырғы Жолдауда бұған арнайы тоқталдым. Әрине, біраз шаруа жасалып жатыр. Соған қарамастан көлік апаттары азаймай тұр. Жыл басынан бері 22 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Шын мәнінде, көп нәрсе көлік жүргізушілерінің өзіне байланысты, себебі жол ережесін бұзатындар аз емес. Әрбір адам өз өміріне және айналасындағы адамдардың қауіпсіздігіне жауапты екенін сезінуге тиіс. Көлік жүргізу мәдениетін бүкіл қоғам болып қалыптастыру қажет» делінген Жолдауда.
Демек, Президенттің бұл мәлімдемесі – қоғамды жауапкершілікке шақырған нақты үндеу. Шынымен де, әрбір азамат жолда өз әрекетінің салдарын түсініп, басқалардың өміріне қауіп төндірмеуді басты қағида етіп ұстанса, онда жол апаттары едәуір азаяр еді. Дейтұрғанмен, жол-көлік оқиғаларын азайту үшін жүргізушілердің жауапкершілігімен қатар, полиция қызметкерлері мен бақылаушы құрылғылардың да үйлесімді жұмысы қажет.
Мысалы, «Сергек» камералары жұмыс істеген уақытта Астана қаласында жол апаты салдарынан болатын өлім-жітім 50%-ға, қоғамдық орындарда қылмыс 40%-ға азайған деген мәлімет бар. Демек, қатаң бақылауда оны бірден-бір тежейтіні белгілі.
TOR платформасының тиімділігі
Қазіргі таңда Қазақстанда жол қауіпсіздігінің бірыңғай цифрлық платформасы – TOR іске қосылды. Бұл жоба – Мемлекет басшысының барлық бақылау камераларын және тану жүйелерін біртұтас цифрлық экожүйеге біріктіретін ұлттық «Қауіпсіз қала» платформасын құру жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталған алғашқы қадам. TOR платформасы деректерді төрт негізгі көзден жинақтайды: қалалар мен тас жолдардағы стационарлық кешендерден, патрульдік полицияның мобильді бекеттерінен, дрондардан және өзге де қосылған жүйелерден. Жүйе өңірлер, оқиға түрлері және уақыт кесіндісі бойынша талдау жасап, апат жиі болатын нүктелерді анықтауға, қауіпті жүргізушілерді тіркеуге, сондай-ақ үзіліссіз сегіз сағаттан артық көлік жүргізіп отырған тұлғаларды бақылауға мүмкіндік береді.
«TOR – бұл бүкіл ел ауқымында жол қауіпсіздігін басқаруға арналған заманауи құрал. Жүйе тек заңбұзушылықтарды жедел тіркеп қана қоймай, ықтимал қауіп-қатерлерді алдын ала болжап, жол-көлік оқиғаларының алдын алып, адам өмірін сақтап қалуға көмектеседі» дейді Ішкі істер министрлігінің Ақпараттандыру және байланыс департаментінің бастығы Сергей Варго.
Жаңа платформаның басты ерекшелігі – деректерді біріктірудің бірыңғай стандарты, оқиғаларды орталықтандырылған визуализациялау мүмкіндігі және бір қаладан бүкіл республика деңгейіне дейін кеңейту әлеуеті. TOR архитектурасы Big Data және BI-талдау технологияларын қолдануға дайын.
«TOR – әртүрлі дереккөздерден ақпарат жинап, жол жағдайының толық картинасын қалыптастыра алатын әмбебап цифрлық орта. Біз «Сергек» жүйесін әзірлеу және пайдалану бойынша жылдар бойы жинаған тәжірибемізге сүйендік. Сондықтан платформаның архитектурасы бастапқыда Қазақстанның ерекшеліктерін ескеріп жасалды және біздің жағдайға оңай бейімделеді. Бұл барлық жол қауіпсіздігіне жауапты тараптарға арналған бірыңғай жұмыс стандартын қалыптастырады» дейді Sergek компаниясы – TOR платформасын әзірлеуші ұйымның бас директоры Евгений Ким.
Ал Астана қаласы Әкімшілік полиция басқармасының мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы сегіз айындағы қауіпсіздік статистикасы мынадай: жыл басынан бері 1306 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның салдарынан 24 адам қаза тауып, 1621 адам әртүрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алған. Сондай-ақ камералардың көмегімен 1 миллионнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталған. Сонымен бірге, қалада «Ekin Patrol G2» мобильдік аппараттық-бағдарламалық кешендері де жұмыс істеп тұр. Тек осы сегіз айдың өзінде олардың көмегімен 88 мыңға жуық құқық бұзушылық тіркелген. Яғни, қалада қауіпсіздікті арттыру, жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, жол қауіпсіздігі деңгейін көтеру мақсатында 731 жол тексеруден өтіп, соның нәтижесінде 1203 нұсқама берілген. Жолдардың және қозғалысты реттейтін техникалық құралдардың жағдайын тексеру барысында 1915 кемшілік анықталған.
«Бұл олқылықтарды жою үшін 620 жол белгісі жөнделді, қоршаулар, көшелерді жарықтандыру және асфальт жабындысы 280-нен астам учаскеде қалпына келтірілді. Сонымен қатар, бағдаршамдардың жұмыс режиміне және қиылыстардағы қозғалыс бағытына өзгерістер енгізілді. Қозғалыс өткізу қабілетін арттыру үшін Ұлы Дала даңғылынан әл-Фараби даңғылына солға бұрылыс жойылды. Сондай-ақ Ұлы Дала даңғылының бойында жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршам алдында қауіпсіз айналым орны қалыптастырылды. Бұл №95 мектептің жаяу және автокөлік қатынасын жеңілдетті. Ал №86 және №26 мектептердің, сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Binom» білім беру орталығының маңындағы реттелмеген қиылыстар мен жаяу жүргіншілер өтетін жерлерде жаңа бағдаршамдық объектілер орнатылды. Бұдан бөлек, қоғамдық көлік жүргізушілерінің тәртібін күшейту үшін «Автобус», «Тасымалдаушы», «Қауіпсіз жол» сияқты жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізілді» дейді Астана қаласы Әкімшілік полиция басқармасының баспасөз қызметі.
Жалпы айтқанда, жолдағы әрбір адамның өмірі – баға жетпес құндылық. Сол себепті жол-көлік ережелерін сақтау – заң талабы ғана емес, адамдық жауапкершілік. Қай кезде де әрбір жүргізуші мен жаяу жүргінші тәртіпке бағынса, апат азаяды, қоғамның қауіпсіздігі артатыны анық.
Шапағат ӘБДІР