Жоғары колледжде Мансап орталығы ашылды

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «ASTANA POLYTECHNIC» жоғары колледжінде маңызды әрі игі бастама жүзеге асты. Колледж студенттері мен түлектерінің кәсіби жолын қолдауға бағытталған жаңа бастама – Мансап орталығы өз жұмысын ресми түрде бастады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Жаңа ашылған Мансап орталығы – оқумен, мансаппен және колледжден кейінгі өмір арасындағы тығыз байланысты қалыптастыратын маңызды алаң. Оның негізгі мақсаты – жастарды кәсіби тұрғыдан дамыту, бағыт-бағдар беру және оларды еңбек нарығына сәтті бейімдеу.
Аталған орталық түлектер қауымдастығын біріктіріп, тәжірибе алмасуға, мансаптық тәлімгерлікке және кәсіби бағдар беруге зор мүмкіндік ұсынады. Сонымен қатар, жас мамандарды жұмысқа орналастыру және жоғары оқу орындарына түсу жолында жан-жақты қолдау көрсетіледі.
Мансап орталығының ашылуына арналған салтанатты шара барысында бірнеше маңызды іс-шара өтті. Атап айтқанда, «Заманауи мансап: еңбек нарығындағы колледждердің рөлі» тақырыбында панельдік пікірталас ұйымдастырылып, түлектердің мансаптық жолдары мен табысты кейстері ұсынылды. Бұл кездесулер жас мамандарға шабыт сыйлап, нақты бағыт-бағдар алуға мүмкіндік берді.
Мансап орталығының басты миссиясы – жастарға сенімді бағыт-бағдар беріп, оларды бір-бірін қолдауға, дамуға және мансаптық мақсаттарына жетуге ынталандыратын навигаторға айналу.
Іс-шара соңында жұмыс берушілермен ашық диалог алаңы ұйымдастырылып, бірнеше түлекке жұмысқа орналасу туралы сертификаттар табысталды.