
Кез келген ірі макрожүйенің тиімді дамуының басты кепілі – берік құқықтық негізге, жүйелі мемлекеттік басқаруға және үйлестірілген экономикалық модельге сүйенетін институционалдық база. Мұндай тәсіл Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасында дәйекті түрде жүзеге асырылып отыр. Мұнда өзгерістер жекелеген нормаларды ғана емес, тұтас институттық құрылымның архитектурасын қамтиды.
Конституция тек құқықтық құжат қана емес, ол мемлекеттік басқару жүйесінің дизайнын айқындайтын, биліктің мақсаттары мен құралдарын, сондай-ақ оның әрекет ету шекараларын белгілейтін стратегиялық құжат болып табылады. Осы тұрғыда жобадағы ең маңызды жаңалықтардың бірі – адам капиталы, білім беру, ғылым және инновацияны мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде бекіту. Соның нәтижесінде мемлекеттік басқару ұзақ мерзімді миссияны жүзеге асыруға бағытталып, бюджет саясатына, кадрлық шешімдерге, өңірлік даму мен мемлекеттік органдардың қызметін бағалау жүйесіне нақты бағдар береді.
Алғашқыда Конституция жобасындағы адамға бағытталған құндылықтық декларация іспетті көрінген бұл қағида іс жүзінде нақты құқықтық механизмге айналып, стратегиялық басымдықтарды экономикалық және әлеуметтік саясатқа енгізуге жол ашады. Бұл – Конституция жобасының 5-бабында қарастырылған арнайы құқықтық режимдерді енгізу және «жеделдетілген даму қалаларын» құру мүмкіндігімен байланысты. Конституциялық экономика теориясы тұрғысынан алғанда, Негізгі заң басқарушылық шешімдерді іске асырудың экономикалық ережелерін, яғни нормаларды жүзеге асыратын нақты құралдарды айқындайды.
Осылайша, конституциялық деңгейде мақсат пен басқару құралдарының өзара байланысы қалыптасады. Егер 3-бап мемлекеттің не үшін дамуы тиіс екенін айқындаса, 5-бап бұл дамуды қалай қамтамасыз етуге болатынына жауап береді. Негізгі заң бір мезгілде мақсатты – адам капиталын дамыту міндетін бекітіп, оны жүзеге асыру құралы ретінде арнайы құқықтық режимдерді ұсынады. Бұл әлеуметтік-экономикалық жүйедегі барлық субъектілер –мемлекет, бизнес және азаматтар үшін түсінікті әрі тұрақты ережелер қажет деген конституциялық экономика қағидаттарына толық сәйкес келеді.
Мұндай модель жағдайында мемлекет экономикалық саясаттың басымдықтарын өз қалауынша өзгертіп, адам капиталы мен кәсіпкерлікті дамытуға салынатын инвестицияларды елемей кете алмайды. Себебі даму бағытын Конституцияның өзі айқындайды. Әлемдік тәжірибеде қаржы, басқару және әкімшілік салаларында ерекше режим енгізілген аумақтар серпінді қалалар, технологиялық, білім беру және инновациялық хабтар мен кластерлерді дамытуға тиімді құрал ретінде қолданылады. Бизнесті, әлеуметтік инфрақұрылымды және зерттеу орталықтарын біріктіретін бірыңғай даму экожүйесінің қалыптасуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өңірлік теңсіздіктің азаюына ықпал етеді.
Осылайша, басқарудың икемді құралдары – реттеуші «құмсалғыштар», ерекше басқару режимдері іске қосылады. Алайда мұндай жағдайда нақты мерзімдер, мақсаттар мен бағыттар белгіленген кезде бюджет қаражатын бөлу мәселесі де өзекті бола түседі. «Жеделдетілген даму қалаларын» қаржыландыру кезінде нақты көрсеткіштер – еңбек өнімділігінің өсуі, жоғары білікті жұмыс орындарының ашылуы, ғылыми әзірлемелердің коммерцияландырылуы, адам капиталының тартылуы сияқты KPI жүйесінің болуы аса маңызды. Бұл көрсеткіштер министрліктердің, әкімдіктердің және квазимемлекеттік сектордың қызметін бағалау жүйесіне енгізілуі тиіс.
Жалпы алғанда, жаңа Конституция жобасы стратегиялық мақсаттар, оларды іске асыру құралдары және бюджеттік жоспарлау арасындағы біртұтас логиканы қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік басқару моделін ұсынады. Конституциялық реформаның басты құндылығы да осында – елдің әлеуметтік-экономикалық жүйесінің тиімді дамуына мүмкіндік беретін тұрақты әрі түсінікті ережелерді қалыптастыру.
Раушан Дуламбаева,
Экономика ғылымдарының докторы,
ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Басқару институтының профессоры



