Жидебай-Бөрілі: Абай еліне саяхат

Хәкім Абай туып-өскен Шыңғыстау бөктерінің әр тасы – тұнған тарих. Соның баурайындағы киелі Жидебай қорығы – ақынның ата қонысы және өзі мен туыстары мәңгілік тұрақ тапқан бейіт мекені. Табанының табы қалған, өшпейтін шығармалары дүниеге келген тарихи орынды көруге арнайы алыстан ат терлетіп келетін ішкі және шетелдік туристер қарасы қашан да қалың. Топырағын басып, ауасын жұтқан сәттен мұнда ерекше бір тылсым күш бойды билеп, әрі қарай Абай әлеміне еріксіз жетелеп кетеді.
Ұлы ақын жүрген жолдармен жүру үшін Абай облысына пойызбен арнайы сапарға шыққан «Елорда Ақпарат» медиахолдингі ұжымы Семей таңын теміржол вокзалында қарсы ала отырып, өңірге аяқ басты. «Абай жүрген жолдармен» танымдық-тарихи экспедициясы аясында 20-дан астам елордалық журналистер қауымын облыстың Ішкі саясат басқармасының басшылығы мен қызметкерлері құшақ жая қарсы алды. Іргесі 1718 жылы қаланған, «Қазақстанның тарихи орталығы», еліміздің мәдени астанасы саналатын көне шаһар 2022 жылдан бастап ресми түрде Абай облысының әкімшілік орталығы болып белгіленгелі қайта гүлденіп, қордаланып қалған мәселелері шешімін табуда екен. Сапарымызда бүкіл экспедицияның басынан аяғына дейін серік болған, Абай әлемін терең білетін Бөрілідегі М.Әуезов музей-үйінің директоры Шахжан Бекенұлы мен Абай облыстық Ішкі саясат басқармасының бас маманы, экскурсовод-гид Азамат Қажыбаев екі көлікке бөлінген елордалық журналистерді Семейден 178 км жерде Абай ауданы аумағында орналасқан Жидебай қорық алқабына қарай бастап, жолай барлық тарихи-мәдени ескерткіштерге тоқтай отыра киелі жердің қасиетін ақын жайлы жинаған мол білімімен ұғындырып бастады. «Абай жолында» Әуезов суреттеген жер-су аттары мен табиғат көріністері біртіндеп көз алдымызға келіп, бабалар жүрген жолдардағы дала дүбірі құлағымызға естілгендей болды.
Күшікбай бұлағы
Семейден шыққан бойда Күшікбай асуына кезіктік. Ертеректе осы маңда ержүрек Күшікбай атты батыр болыпты. Уақ батыры ауру меңдесе де жаумен шайқасып келіп, көз жұмған төбеге оның аты беріліп, еңселі ескерткіш орнатылған. Етегінде суы ем, мөлдір бұлақ ағып жатыр. Ол да Күшікбай бұлағы деп аталады. Сол бұлақтан бәріміз су ішіп, тілек тілеп, артық бөтелкемізді толтырып, батырдың рухына құран бағыштадық.
Бөрілідегі Әуезов музей-үйі
Облыс орталығынан 82 шақырымда Семей-Қарауыл тас жолының шығыс жағында 4 км қашықтықта жатқан Бөрілідегі М.Әуезов музей-үйіне келдік. Бөрілі – Абай заманынан бері Әуез әулетінің ата қоныс-қыстауы. Ол 1987 жылы облыстық тарих-өлкетану музейінің бөлімі ретінде ресми түрде музей болып ашылған.
Бір қабатты кірпіштен салынған ғимарат 8 бөлмеден тұрады. Атап айтқанда, олар – Әуез бөлмесі, Мұхтардың балалық, жастық шағы, М.Әуезовтің шығармашылығы, «Абай жолы» романының тарихы,
Мұхтар Әуезов – Алматыда, М.Әуезов шетелде, Туған жердегі кездесулер, Шошала. Осы бөлмелер атауларының өзі мұнда қандай құнды деректер сақталғанын көрсетеді. Абайды әлемге танытқан Әуезовтің музей-үйіндегі ерекше жәдігерлердің қатарында оның киген костюмі, ұлы Мұратқа қолтаңбасымен сыйлаған кітабы және ақын Олжас Сүлейменов қолтаңбасымен қалдырған кітабы да бар.
Абай туған Сырт Қасқабұлақ
Семей – Қарауыл тас жолынан 2 км жерде күн батысқа қарай бұрылыста Сырт Қасқабұлақ алыстан жарқырап көрінді. Осы бұлақ басында Абай дүниеге келген. Қауырсын қаламмен «Туғанда дүние есігін ашады өлең» деген Абай өлеңінен үзінді келтірілген бір жапырақ ақ қағаз бейнеленген стелла ескерткіш алдына келіп тоқтадық.
Ұзақ жылдар ескерусіз, қараусыз қалған жер 2019 жылы күрделі жөндеуден өткен екен. Байқасақ, стелла орналасқан алаңқай Абайдың домбырасының пішінінде жасалыпты.
Нысан басында ақынның 45 қара сөзі үш тілде жазылған мәрмәр тастар қойылған. Шырша, шынар ағаштары отырғызылып, абаттандырылған. Келуші туристерге қолайлы болу үшін басына орындықтар қойылып, жарық шамдары орнатылған. Аңыз бойынша Сырт Қасқабұлақтағы құдық суының қасиеті бар. Мұнда дала рухынан нәр алып, Абайдай дара тұлғаны сыйлаған киелі жердің құдіретін сезінгісі келетіндер келеді. Жолай өтіп бара жатқандар құдық басына арнайы тоқтап, құран оқып, су алады. Біз де сөйттік.
Еңлік-Кебек ескерткіші
Қазақтың ғашықтар тізіміндегі тағдыры қайғылы, өмірі өкінішпен аяқталған Еңлік-Кебек ескерткіші екеуі жерленген маңайдан алыс емес екен.
Билер сотының кесімі бойынша 1780 жылы шілдеде ат құйрығына байланып, сүйреп өлтірілген қос ғашыққа қойылған махаббат мұнарасы басындағы тарихи әңгіме бәрімізді мұңға батырып, әйел теңсіздігі асқынған дәуірде өмір сүрудің азабын жеткізді. Семей – Қарауыл тас жолынан 5 км жерде орналасқан ескерткіш жанында да гидтеріміздің әсерлі әңгімесін тыңдап, естелікке суретке түстік. Бір-біріне деген шынайы сезімін елден жасыра алмай, дәстүрден аттаса да сол кезеңнің заңына қарсы шыққан қос мұңлықтың ескерткішін аудан тұрғындары 1960 жылы тұрғызған екен. «Көп жасамай, көк орған, Жарасы үлкен жас өлім» деген Абай сөзі құлпытасқа қашалыпты. 2022 жылы ескерткішке жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңғыртылған.
Ақшоқыдағы Құнанбай қорымы
«Құнанбай болмаса қазаққа Абай қайдан болсын?!» демекші, Жидебайға дейін алдымен Ақшоқыдағы Құнанбай басына барып, рухына тағзым еттік. Байқағанымыз, Семей халқы Құнанбайдан қалған өсиет сөздер мен оның кесек келбетін көркемдейтін ел ішіндегі оған қатысты әңгімелерді жатқа соғады.
Тұтас қазақ тарихында орны биік тұлға Құнанбай әулетінің қорымында өзі мен балалары, әйелі Нұрғаным, келіндері мен немерелерінің денесі де бар. Шахжан Бекенұлының айтуынша, 2020 жылы пандемия кезінде бұл жер қорым ретінде жан-жағы қоршалып, аты жазылған құлпытастар қойылғанда оларды ешкіммен ақылдаспай ретсіз орнатқан. Сондай-ақ кейбірінің әкесінің аты жазылмаған.
Ал дұрыс орналастыру тізімі Шахжан Бекенұлында бар. Тағы бір мәселе – қорым ішінде адамдар денесі жатуы мүмкін жерлерге тас төселіп, жол салынған. Осыған орай биыл Абайдың 180 жылдығы қарсаңында облыстың жаңа басшылығы олқылықтың орнын толтырса деген өтініш бар. 2020 жылы елімізде тұңғыш рет Құнанбайға арнап оның өмір жолы мен қайраткерлігін дәріптеу үшін салынған музей осы қорым қасында.
Жидебай қорығы
Туристерді қатты қызықтыратыны – осы қорық. Атауы бұл жерді Құнанбай, Өскенбай әулетіне дейін мекен еткен Жидебай батыр есімімен байланысты. Қорық аумағы 6400 шаршы метрді құрайды. Оның құрамына 16 тарихи нысан кіреді. Бұл нысандар қатарында Мұсақұл төбе, Зұлғарыш, Зұлпатан қоралары, Жидебай қорығы, Құнанбай құдығы, Абай музей-үйі, Махмұт қорасы, Ырыздықбай қорасы, Кеңгірбай би мазары, Оспан көлі (Боқтының көлі), Оспан құдығы, Турағұл қорасы, Құдайберді зираты, Зере-Ұлжан мазары, Абай-Шәкәрім кесенесі, Еркежан зираты, Өртен (Өртең) тауы бар.
Жидебайдағы қастерлі үй
Түске жақын ат басын тіреген Абайдың музей-үйі сапарымыздың ең бір сүбелі тұсы, ерекше сәті болды.
Себебі мұнда ақынның өзі мен отбасы тұтынған құнды жәдігерлер көркемдігімен, қымбат безендірілуімен көз тартып, Абайға ас құйылған сүйек ожауға, демалған, ұйықтаған бөлмелерге, сонау Шыңғыстауға көз тастай қараған терезелерге, жуынған жез құман, тұтынған зерлі күміс, алтынмен әптелген сандықтар мен құс төсекке, қабырғаға ілінген кестелі кілемге, үйді жылытқан пештерге, Абай мінген түпнұсқа пәуескеге осы жерде куә болып, қолмен ұстап көруге болады.
Көркіне көз тоймайтын әдемі де қымбат бұйымдар алдыңғы ғасырда қалған тарихты бүгінгі дәуірге жеткізіп тұр. Абайдың өмірінде басты орын алған әйелдер – Ділдә, Әйгерім, Еркежан тұтынған асыл бұйымдар, көркем дүниелерге қарап тамсанбай өте алмайсың. Бұл – тек Абайдың үйі ғана емес, қазақ мәдениеті мен өнерінің көрінісін көрсететін баға жетпес байлық.
Құнанбай әулеті 1840 жылдардан бастап мекендеген осы қыстауға Абайдың інісі Оспан ие болды. Оспан қайтыс болғаннан кейін Абай келіп қоныстанады. Бұл үй – ақынның өмірінің соңғы он жылына куә асыл мұра.
«Абай – Шәкәрім» кесенесі
Әжесі мен інісі, артынан бірінен соң бірі екі баласынан айрылған Абай қатты күйзеліп, өмірінің соңында ауырмай ішіне ауыр мұң-қайғы түсіп қайтыс болғаны белгілі. Өмірден өткен соң оның денесін Ақшоқыға әкесінің қасына жерлеуге әкелу күннің аптап ыстығында үлкен қиындық келтіреді. Үш күн жүріп, мүрдесі иістеніп кету қаупі туындағандықтан, оны жолай Жидебайда Оспанның қасына жерлеуге шешім қабылданады. Сөйтіп, сол екі бауырдың басынан кейін «Абай – Шәкәрім» мемориалды кешені тұрғызылған еді.
Бұл мавзолейлер тарихи құндылығымен ғана емес, архитектуралық келбетімен де айрықша. Кешенде Абай мен Оспан, Шәкәрім мен ұлы Ахат жерленген. Кешен тұжырымдамасының негізіне қазақтардың дүниетанымын толыққанды танытатын дәстүрлі космогониялық түсініктері алынған. Амфитеатры бар бұл кешен – қазiр әлемде үлкендiгi жағынан бiрiншi орында тұрған алып космостық құрылыс. Өйткенi жер бетiнде мұның ауқымындағы ескерткiш-зират жоқ екен. Абай мен Шәкәрім және басқа да әруақтарға құран бағыштап, біздің топ сол жерде түстенген соң Қарауыл ауылын басып өтіп, Қоңыр әулие үңгіріне бет алды.
Қоңыр әулие үңгірі
Абай ауданы бойынша бірінші күнгі сапарымыз Ақтас тауында, Шаған өзенінің оң жағасында орналасқан Қоңыр әулие үңгіріне барумен аяқталды. Тас жол бітіп, қара жол басталғанда көлікте үңгірге жеткенше ұзақ жүру шаршатқанмен, суы ем саналатын үңгірге жеткенде сол шаршау сап басылды.
Кіру бағасы адам басына – 700 теңге. Үңгірге кіреберістің тарлығы сонша, адам тек бір қырымен кіре алады. Жарықтың биіктігі екі метрден асады. Үңгірдің жоғарғы жағында екі алаң бар, олардан жолдар ары қарай тарап, кей жерлерінде тарылып аяқталады. Судың суықтығы сондай, оған түскен кезде аяқ-қолдардағы сіңірлер тартылып, сүйектер сырқырауы мүмкін. Үңгір ішіндегі температура 10˚С аспайды. Үңгірге келетіндердің бір тобы қызығушылықпен, екінші бір тобы іштей бір сеніммен емделуге келеді.
Семейдегі Абай музейі
Сапарымыздың екінші күні облыс орталығындағы Абайдың тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейін аралаудан басталды. Бұл – Қазақстан тарихындағы тұңғыш әдеби-мемориалдық музей. Мұхтар Әуезовтің ұсынысымен 1940 жылы ұлы ақынның 95 жылдық мерейтойы қарсаңында Бекбай Байысовтың үйінде ашылып, 1944-1967 жылдары Әнияр Молдабаевтың, ал 1967 жылы ХІХ ғасырдағы көпес үйінде орналастырылды. Үй орналасқан көше Абайдың көп жүрген жерінің бірі болып саналады екен.
Үш корпустан тұратын ғимараттың бірінші корпусы Күмбезді ғимарат Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған, мұнда 9 зал бар. Екінші корпус – Абайтану, онда 5 зал бар, үшіншісі – Абай оқыған медресесінде 4 зал бар.
Музейде Абай өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттауда ерекше заманауи технологиялар арқылы көп жұмыстар жасалғаны көзге ұрып тұр. Бірінен бірі ерекше, тартымды тарихи орыннан ғылыми жұмысқа жүк боларлық тың мәліметтерге қанығып шығарыңыз анық. Одан әрі «Алаш арыстары – М.Әуезов» музейін, Ф.Достоевский мен Невзоровтар музейлерін, қаладағы Бейбітшілік аралын аралап, Абай еліндегі сапарымыз аяқталды.
Ақынға қатысты барлық тарихи нысандарды Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы біріктіреді. Оған жоғарыда аталған және басқа да музейлер мен тарихи ескерткіштер жатады. Осылайша Абай жүрген жолдармен жүріп өткен екі күндік сапарымызда ақынның бүгінгі рухы биік, ұлттық намысы жоғары жерлестерінің құрмет-қошеметіне бөленіп, танымдық сапарымыздан көл-көсір білім мен әсер жинап, елордаға қайттық. Мұндай сапарлар Абай туған өлкеде тек 180 жылдығында ғана емес, барлық уақытта жалғаса береді. Себебі Абай әлемін толық тануға құштар жандар қай кезде де көп болатыны сөзсіз.
Райхан Рахметова