Қоғам

ЖИ журналистиканы қалай өзгертуде?

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің ұйымдастыруымен, Қазақстанның бас редакторлар клубының қолдауымен «Жасанды интеллект дәуіріндегі журналистика мен медиакоммуникация парадигмалары: теориялық және практикалық мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Ауқымды жиынға отандық және шетелдік жетекші сарапшылар, журналистер мен ғалымдар қатысып, қазіргі ме­диасфераның даму бағыттары мен жасанды интеллект (ЖИ) ықпалына байланысты өзекті мәселелер талқыланды. Форум барысында технологиялық жаңашылдықтардың журна­листикаға әсері, этикалық жауапкершілік, құқықтық реттеу және қоғамдық бақылау тақырыптары кеңінен сөз болды. Іс-шараның модераторы – ЕҰУ журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Нұржан Қуантаев. Ал ЕҰУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай өз сөзінде ЖИ технологияларын медиасалада жауапкершілікпен пайдалану қажеттігін ерекше атап өтті.

Форумның құрметті қонағы – Қытайдың Сиань Цзяотун университеті журналистика және жаңа медиа институтының директоры Ву Фэн. Өз баян­дамасында университеттің медиа және жасанды интеллект саласындағы ғылыми ізденістерін таныстырып, болашақ журналист мамандардың техникалық сауаттылығы мен кәсіби этикасын қатар дамыту қажеттігіне тоқталды. Сондай-ақ Сиань Цзяотун университеті мен ЕҰУ арасында цифрлық медиа және ЖИ бағытында ынтымақтастық орнатуға да­йын екенін жеткізді.

ЕҰУ цифрландыру жөніндегі проректоры Гүлмира Бекманова өз кезегінде университетте жүзеге асып жатқан AI-Sana бағдарламасы туралы айтып, білім беру үдерісінде ЖИ технологияларын интеграциялау тәжірибесімен бөлісті.

Форум аясында еліміздің белгілі медиа және қоғам қайраткерлері – Сауытбек Абдрахманов, Бибігүл Жексенбай, Қамбар Ахметов, Дәулетхан Жиенқұлов, Еркін Мұхамеджанов, Еркін Қыдыр және басқа да сарапшылар сөз сөйлеп, журналистиканың жаңа кезеңдегі орны мен жауапкершілігіне қатысты пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар конференция барысында Қытайдың ең беделді жоғары оқу орындарының бірі Сиань Цзяотун университеті мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті өзара ынтымақтас­тық туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа сәйкес, екі университет заманауи медиа үрдістер бойынша бірлескен ғылыми жобалар жүргізіп, онлайн-дәрістер ұйымдастыруды және студенттермен алмасуды жоспарлап отыр.

Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button