Басты ақпаратҚоғам

ЖИ-ді ғана емес, миды да қолданайық

ЖИ-ді қолданғалы миды қолданбайтын болдық. Адамның бүгінгі өнертабысының барлығы жанның жайлылығы, тұрмыстың тауқыметінен арылу мақсатында жасалды. Жасанды интеллект өмірімізге етене енген сайын адам баласы ойлануды, ізденуді, талдауды біртіндеп ысырып қоя бастады. «Айдауыма көнесің, айтқаныма жүресің» деген әміршіл дағды бұрын адам мен адам арасында болса, енді ЖИ мен адам арасында орнап жатыр.

Әлемдік статистикаға сү­йенсек, қазіргі таңда жер шарында 3,5-4 миллиардқа жуық адам жасанды интеллектке негізделген сервистерді күнделікті қолданады. Мұның барлығы – интернет пайдаланушылардың жартысына жуығы. Олардың қатарында мәтін жаздыратындар да, есеп шығартып отырғандар да, тіпті ішкі күйзелісін чат-ботқа айтатындар да бар. Сарапшылардың болжамынша, 2030 жылға қарай ЖИ-ді қолданушылар саны 5 миллиардтан асады.

Ми – энергияны үнемдеу­ге бейім ағза. Ол өзін қинамайтын төте жолды таңдайды. Сол себепті адам баласының жалқаулыққа бейімділігі – табиғи қасиет. Мәселен, әлемнің озық технология компаниялары кейде жалқаулыққа жаны құмар азаматтарды жұмысқа тартатын көрінеді. Мұның да бір сыры бар. Өйткені жалқау адам жұмысты жеңілдетудің амалын табады. Алайда бұрын бір саланы жеңілдеткен тәсіл екінші салада қиындық тудыратын. Ал жасанды интеллект осы олқылықтың орнын толтырып, бәрін бір жүйеге бағындыр­ды. Нәтижесінде жұмыс жеңілдеп, ойлау азайды. Соңғы жылдары жүргізілген зерттеулерге сүйенсек, жасанды интеллектті үздіксіз пайдаланатын студенттердің аналитикалық ойлау көрсеткіші 20-30 пайызға дейін төмендеген. Білім алу жеңілдегенмен, білімнің салмағы аза­йып барады.

Жасанды интеллект еңбек нарығын да өзгертіп жатыр. Халықаралық еңбек ұйымы 2030 жылға дейін 700-800 миллионға жуық жұмыс орны автоматтандыру салдарынан жойылуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бүгіннің өзінде банкте, медиада, бухгалтерияда, call-орталықта адам еңбегін ЖИ алмастыра бастады. Істің өнімділігі артқанмен, іссіз қалған адамның тағдырына кім жауап береді? Уақытты үнемдейміз деп қоғамның бір бөлігін артық жүкке айналдырып алған жоқпыз ба?

Өзің диуанасың, кімге не айтасың?! Еліміз бұл үдерістен шет қалған жоқ. Керісінше, Орталық Азияда жасанды интеллектіні енгізуде алдыңғы қатарда тұр. Президенттің Жарлығымен 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Бұл – үлкен мүмкіндік. Алайда мүмкіндікпен бірге үлкен жауапкершілік те қатар жүруі тиіс.

Әлеуметтік желіде ЖИ-ді меңгерген жасампаздар небір қызықты контенттер шығаруда. Ондағы көрініс тіпті алаңдатарлық. Біреудің бейнесін сөйлету, билетіп қою, мазаққа айналдыру қазір қалыпты шығарылымға айналды. Көпшілік оны шынайы деп қабылдайды. Бұл медиасауаттылықтың төмендігін көрсетеді. Бұдан бөлек, өмірден өткен адамдардың бейнесін қолдану – этикалық әрі діни тұрғыдан үлкен қателік. Ислам діні де, қазақы дүниетаным да мұны құптамайды. Бұрын «әруақты мазалама» деген ұғым болса, бүгін оны ЖИ арқылы жымитып, тірілтіп отырмыз.

Жасанды интеллект шы­ғармашылық салаға да салмақ салды. Кейбір талантты адамдардың еңбегі уақытылы бағаланбай, шабыттың шырағы сөне бастады. Машина тез жазады, бірақ ештеңені сезінбейді. Ал сезімсіз мәтін көбейген сайын тіл жұтаңдайды. Соңғы жылдары қазақ тіліндегі бай, образды, көркем мәтіндердің сиреуі – соның айғағы. Сөйлесу мәнері де роботқа ұқсап барады. Ең сорақысы – адамдардың бір-бірімен сырласудан гөрі жасанды интеллектке мұң шағуы. Сезім қылын шөппен шұқитындай ЖИ де кеңесті сыпайы жазып беріп, кішігірім қолдау жасайды. Бұл шын жолдастың жанға батырып кеңес бергенінен артық саналатын секілді. ЖИ-ден сұрау – жасанды жұбаныш қана. Бұлай жалғаса берсе, адам мен адамның бір-бірімен тілдесуі мұң болмақ. «Жолдасың соқыр болса, бір көзіңді қысып жүр» дегендей, жолдасымыз ЖИ болса, «жарты адам» болып қалмайық. Егер бұл үрдіс жал­ғаса берсе, адам мен адамның арасындағы шынайы байланыс үзіледі. Ал қоғамды қоғам ететін – сол байланыс.

Ақын Мұхтар Шаханов айт­қан «компьютер басты жарты адамдардың» сұлбасы бүгінде көз алдымызда жүр. Қолындағы шағын құрылғыға телмірген адам бүкіл әлемді соған сыйғызды, бірақ сол әлемнің ішінде өзін жоғалтып алмаса болғаны. Ақпарат көп, бірақ мағына аз. Жылдамдық бар, бірақ жарамдылық кем.

Жасанды интеллектіні толық жоққа шығару да, оған толық табыну да дұрыс емес. Ол – жай ғана құрал. Көмекші. Орындау­шы. Бірақ ойлаушы емес. Жасанды интеллект көптің орнын алмастыру үшін емес, көпке көмектесу үшін қызмет етуі тиіс. Ал адамға қалғаны ойлану ғана. Сол ойлауды да ЖИ-ге тапсырып қойсақ, онда адам болмысының өзінен-өзі адасатыны ақиқат.

Адамзат бүгінгі деңгейіне қиял арқылы жетті. Қиялды шектеген сәттен бастап даму да тоқтайды. Сондықтан технологияны емес, адамдықты сақтау – ең басты міндет.

Санаңыз жансызданбасын десеңіз – жазыңыз. Қолжазба бәрін түзейді. Жазу сананы ­ұйыстырды. Бүгінгі ақпарат тас­қыны, жасанды интеллект пен цифрлық әлем – сол ежелгі жазудың заманауи жалғасы ғана. Сондықтан жазу – бүгінгінің алтын темірқазығы. Ол – адамзат санасын бір арнаға тоғыстырып, тарих пен тағдырды тілсіз қалдырмай, сөйлеуге, сезінуге үйреткен жаһандық жаңалық.

Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button