
Конституциялық Сот Төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі Конституциялық комиссияның Төрағасы Эльвира Азимова Комиссияның жұмысы және республикалық референдумға ұсынылған Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
-Құрметті азаматтар, Президент 2026 жылғы 15 наурызда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасы бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл шешім Конституциялық реформа жөніндегі Комиссия қызметінің аяқталғанын да айғақтайды.
Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысының 2026 жылғы 21 қаңтардағы шешімімен Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылды. Комиссияға бүкіл қазақстандық қоғамның зор сенімі мен үмітін білдіретін айрықша жауапкершілік жүктелді. Оның алдында заманауи сын-қатерлерге жауап беретін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін әрі мемлекеттің стратегиялық мүдделерін айқындайтын жаңа Конституция жобасын әзірлеу міндеті тұрды, — деді Э. Азимова.
Комиссия 12 отырыс өткізді. Эльвира Азимова оның әрқайсысы мазмұнды кәсіби диалогтың, байыпты пікірталастардың және дәйекті уәждерге негізделген талқылаулардың алаңына айналғанын атап өтті.
-Біз Комиссия мүшелерінің, азаматтардың, сарапшылардың, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің сан алуан пікірлерін тыңдадық. Тіпті сын тұрғысынан айтылған пікірлердің өзі мәтінді жетілдіруге түрткі болды. Барлық уәждер жан-жақты сараланып, халықаралық тәжірибе мен ұлттық мүдде өзара сабақтастырыла қарастырылды. Комиссияның жұмысы тек отырыстар өткізумен ғана шектелген жоқ. Комиссия қызметінің аясында тақырыптық жұмыс топтарында талқылаулар өткізілді, оның мүшелері халықпен және сарапшылармен кездесті. Әрбір отырыс нақты бағытталған топтық талқылаулар мен пікір алмасулармен өтті. Комиссия түрлі сала өкілдерінен құралған 130 адамнан тұрады. Біз ортақ ниетпен және үлкен жауапкершілікпен бір мақсатқа жұмыс жасадық. Жоғары білікті лингвистерден құралған жұмыс тобы Ата заң мәтінінің мемлекеттік қазақ және орыс тілдеріндегі терминологиялық әрі мазмұндық бірізділігін қамтамасыз етті. Бұл еліміздің Ата заңының құқықтық нақтылығы мен айқындығына қол жеткізудің маңызды шарты деп білемін. Еуразия кеңістігінде алғаш рет конституциялық реформаны талқылау онлайн-трансляциялар форматында өтті. Бұл әрбір ниет білдірген азаматқа үдерісті тек бақылап қана қоймай, талқылауға белсенді қатысуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде Қазақстанның жаңа Конституциясын қалыптастыру ісіне қоғамның қатысу деңгейі айтарлықтай жоғары болды, — деді ол.
Азаматтардан кері байланыс алу мақсатында комиссия ағымдағы жылдың 31 қаңтарында алты айға созылған қоғамдық талқылаулардың қорытындысы бойынша әзірленген жаңа Конституцияның алғашқы жобасын жалпы халықтық талқылауға ұсынды. Құжат қоғамда кең ауқымды пікірталас туғызды. Нәтижесінде түрлі байланыс арналары арқылы азаматтардан шамамен 10 мың ұсыныс келіп түсті. Бұл қоғам тарапынан айтарлықтай қызығушылық пен азаматтық белсенділіктің жоғары деңгейін айқын көрсетті.
-Биыл 12 ақпанда республикалық референдумға шығарылған Ата заңның жобасынан түскен ұсыныстар ескеріліп, едәуір жетілдірілгенін байқауға болады. Азаматтардың, қоғамдық бірлестіктер мен заңгерлік қауымдастықтардың, сондай-ақ сарапшылық алаңдардың бастамалары жан-жақты әрі мұқият талданды. Көптеген ұсыныстар жоба мәтінінде тікелей көрініс тапты немесе жаңа Конституцияның бірқатар ережелеріне тұжырымдамалық тұрғыдан ықпал етті. Бұл – тек Комиссия мүшелерінің ғана еңбегі емес. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ жұмысы. Жетілдірілген Конституция жобасында болашақ Ата заңның іргелі қағидаттарын, мақсаттары мен рухын айқындайтын Преамбулаға ерекше мән берілген. Жобаның негізгі бағыттарының бірі – тұрғын үйге қол сұғылмаушылық кепілдігін күшейту. Тұрғын үйден айырумен қатар, сот шешімінсіз одан шығарып жіберуге жол берілмейтіні жөніндегі толықтыру көзделген. Сондай-ақ, алғаш рет азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау нормасы бекітілді. Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарына қатысты бөлімде білім, ғылым, мәдениет және инновация мәселелері маңызды орын алады. Еліміздің Ата заңындағы жеке бөлім бір палаталы Құрылтайға көшу және оның депутаттарын сайлау мәселелерін реттейді. Конституцияның бірқатар ережелері лауазымды тұлғаларды сайлау (тағайындау) тәртібіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жоғары өкілді органы – Құрылтайды қалыптастыру қағидаттарына қатысты. Сонымен бірге, жаңа Конституцияның күшіне ену мерзімін және 1995 жылғы Конституцияның қолданысын тоқтату тәртібін айқындайтын нормалар көзделген.
Жаңа Конституция жобасында Қазақстан Республикасының Егемендігі мен Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы және басқару нысаны өзгермейтін құндылықтар ретінде сақталатынын тағы да ерекше атап өткім келеді,- деді спикер.
Ата заңның құрылымы билік институттары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді. Бұл адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының тең әрі толық сақталуына кепілдік беріп, жаһандық сын-қатерлер жағдайында мемлекеттілікті нығайтуға және қоғам тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Конституция мәтінінің мазмұны мен құрылымын баяндауда жалпыға танылған халықаралық конституциялық ұстанымдар сақталған. Спикер осы ретте Конституция мемлекеттік саясатқа, қоғамның дамуына қатысты стратегиялық ережелерді бекітіп, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретінін жеткізді.
-Конституциялық нормаларды нақтылау және егжей-тегжейлі реттеу, әдетте, заңдар деңгейінде жүзеге асырылады. Әзірленген жаңа Конституция жобасы ашық қоғамдық талқылаулар аясында азаматтардың, ұйымдардың, кәсіби қауымдастық пен сарапшылардың мыңдаған ұсыныстарын жан-жақты талдаудың нәтижесі деп толық сеніммен айтуға болады. Бұл – жай ғана мәтін емес. Бұл – еліміздің басты құжатының көрінісі, әділеттілікке, тұрақтылыққа, үйлесімді дамуға және нық қадаммен алға жылжуға деген ортақ үмітіміздің айғағы. Комиссия мүшелері мен сарапшыларға көрсеткен жауапкершілігі, кәсібилігі мен зор еңбегі үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ Конституциялық комиссияға ұсыныстар жолдап, белсенді азаматтық ұстаным танытқан барша азаматтарға алғыс айтамын. Алда – референдум. Бұл – ортақ жолымыздың жаңа белесі. Бұл қадам азаматтық кемелдігіміздің, жауапкершілігіміздің және конституциялық әділеттілікке деген ұмтылысымыздың жарқын көрінісіне айналсын дегім келеді, — деп сөзін қорытындылады ол.



