«Жер!» деп соққан жүрек

Түтеленген жер туралы қайда әңгіме, қайда көрсетілім, қайда дау – сонда Сапабек Әсіпұлы жүретінін қазақ атаулы бес саусағындай біледі. Өзге тілділер де ол кісі дегенде өзегін суырып беруге даяр. Себебі шындық ортақ екен. Шындық – әділеттің қорғаны екен. 93 жыл ғұмыр кешкен Сәкең болса, сондай парасатты шыңның басына аппақ шашын ақиқаттың туындай етіп, мығымдықпен қонған екен.
Біз білетін Сапабек Әсіпұлы – аса қарапайым, ақкөңіл, турашыл да талғампаз, білікті де білімді сирек жаратылыс иесі. Әкесі Әсіп ғасыр жасап, дүниеден озды. Өле-өлгенше таудағы саяжайды түрткілеп, күйбеңмен өтті. Нағыз саятшыл адам болыпты. Онысы баласына да жұққан. Сәкеңнің жазған аңшылық әңгімесі тамсандырады. Табиғатынан туған жерінің түтіні түзу ұшуы үшін бел жазбай еңбек еткен ол небір бастамаларымен ел аузында қалып қойды. Жанкелдин аупарткомының хатшысы болып жүргенде жартылай құмға батқан Торғай қаласын абаттандырам деп, ағаш егіп, жайқалған бау көзқұртына айналғанда, оған халық «Сапабек бағы» деген атау беріп тастаған. Сол аудандық газеттің редакторы ретінде небір жаңа идеялардың өркен жаюына үлес қосты. Өзін кешегі Ақаң, Жақаңша сезініп, тіршілік тылсымына еркін еніп кете беретін. Рухани әлділікті асыл дәнекер санайтын ол халық ақыны Н.Ахметбековтің шығармашылығынан кандидаттық диссертация қорғады. Елу жасқа бір сүйем қалғанда, облыстық газет редакторының орынбасарлығынан «қашып» Алматыға келіп, ғылыми атақ алды. Тұңғыш Қазақ Кеңес энциклопедиясы басшысының орынбасары болды. Торғайдың қиыр шетінде жүріп-ақ «Еменнің жасаруы», «Ауыл перзенттері» деген екі кітап шығарды. «Топжарған», «Ақын даусы», «Ә.Жанкелдин» кітаптары былайғыларына соны соқпақ салды. Аттарын атасақ-ақ өз ныспысын танытып беретіндей: «Қазақ қасіреті», «Қатерлі дерт, қалжыраған халық», «Танталовы муки» Степи», «Қауқарсыз қазақ мәселесі». Ал осылардың ішкі қыртысын түсінбейтін несі қалды? Жер, Қазақ, Тәуелсіздік! Осы асыл ұғымдардың тұтастығын бекемдемек болған Сәкең ғой біздің!
Бұқпантайлап, бұғып жүрген Сәкең жоқ. Ұлт мүддесіне қатысты, әсіресе жер мәселесі десе, жүрегінде қайралған қылышын қынабынан суырып алады. Небір айбарлы мінберлерден ойын ашық көсілтеді. Қаламсабын ешкім тартып алмайды, қатты қысып ұстаған. Жазып жатыр, жалтақтықтан ада, тура жазады. Өзінің мықты бір аттандағыш тетігі, құралы бар – «Жер және қазақ тағдыры» жазушылар комиссиясының төрағасы. Осы атаудың өзіне ырық бермей, сауысқанша сақтанып «… қазақ тағдырын» «… халық тағдыры» деп, жұмсартып ен тағып, Сәкеңнің адуын екпінін тежегісі келгендер ұшыраспай қалмады. Ондай қыстырылма қарсыластарын жолай қағып тастау Сәкеңе түк емес еді. «Жер туралы» Заң қабылданарда бір топ жазушылардың серкесі болып анығын, ашығын айтып, жазды. Парламенттен бастап, баратын жеріне барды. Бірақ жерді сатпау жөніндегі пікірлеріне түсініп, тұшынып қарағандар да болды, үркіп, үрейленгендер не сан. Қарызға шығарылған кітаптарын арқалап небір билік баспалдақтарымен қол таяғына сүйеніп көтерілгенде, қалжыңға басып: «мына кітаптарымды оқығандарыңа коньяк құямын» деп «ынталандырып» та көрген. Сатылмай қалса да көз жүгіртіп оқып, жер маңызын түсінсе деген іңкәрлік қой.
«Жер туралы» Заңға қарсылық білдірген бір мақаласына назар аударалықшы: «… екіншіден, «Жер учаскелерін мемлекеттік меншіктен жеке меншікке беру, ақы төлеу арқылы жүргізіледі» (8-бап, 1-тармақ) деген де дұрыс емес. Зардабы аса ауыр, зиянды қате. Бұлай болған жағдайда, ауылдар мен селоларды тұрғындар былай тұрсын, қаладағы қалталылар жапа-тармағай аттандап, ең шұрайлы учаскелерді пышақ үстінен бөлісіп алып кетеді. Қазақ резервацияларының тұрғындары бұрынғыша өздерінің маңдайына жазылған шөл және шөлейт аймақтарда о дүниедегі тамұқ азабын тірідей тартқан күйінде қала беретін болады. Жаңа заң жобасын жасаушылар мұны білмеді дейсіз бе?»
Жер туралы, оны қазақ игілігіне шындап айналдырудың амалдары туралы тұшымды еңбектерімен жүйелі көрініп жүрген қаламгерді жер киесі желеп-жебеп жүргендей әсер қалдырады. Осыдан он жыл бұрын баяғы «жер дауымен» Астанаға келіп, ұнжырғасы түсіңкіреп Алматыға аттанып бара жатқан Сәкеңнен «75 жасқа да келіп қалыпсыз, не дайындығыңыз бар?» деп сыр тартқанымда, ол кісі: «Жер сатылмаса – менің тойым әне, сол!» деген еді болдыруды білмейтін асау жүрегін асқақтатып тұрып. – Мен кіммін? Ұлт тағдырын ойламаса Абай кім болар еді?» Ал ойланбай көріңіз! Енді араға он жыл түскенде «қарашада мерейтойыңыз ғой…» деп, есіне салуға батылымыз жетпеген. Ол жалпы той жөнінде айтса, тымырайып қалады, іле жер жөнінде емеурін білдірсең ғана жабылып кеткен қабағын жайлап аша бастайды. «Қаламгерлік мақсатым – қазақтың миына кірпішешен кіргізіп, көкірек көзін ашу» деген сөзді жазғанда Сәкең жүрегіне жұмыр жерді сыйдырып алып, соның бар тауқымет-мұңын шемішкеше шаққаннан соң иіні түсіп, ыза-кекпен жан сырын ақтарғандығы сезіліп тұр.
Жер жайы ғана ма, күйзеле жазып, түгесе айта алмай жүргені. Жерге қатыстының, пәнидегі барша тіршіліктің олқы тұстарын жіпке тізіп, ақ тайлағын бұйдалап бақыртқандай, жан дәрменмен ашынып баяндап жүр. Біреу естиді, біреу құлағынан асырады. Үнсіз қалуды күнә көреді. Тоқпақтай бергенді жөн санайды. Мінберлерден тау суындай тасқындаған сел-сөзін тыңдаған шығарсыз: «… Менің мақсатым, қазақтың отаршылдық жылдары кеткен есесін, яғни оның патша өкіметі озбырлықпен тартып алған ең құнарлы жерлерін өзіне қайтару!» Радиодан да сампылдап жатады: «…туберкулезбен ауыратындардың 90 пайызы – қазақтар. Себебі кейбір ауылдардағы қазақ отбасының тұрмысы нашар. Ыстыққа күйіп, суыққа тоңып жүреді. Кейбірінің тамағы мен киімінің өзі тапшы, мұң. Дәрігерлік көмектің саны мен сапасы да құлдырап кеткен». Теледидардан көрсеңіз, Сәкең қолын сермеп, бейне бір әр көкірекке пайдалы кеңесті жиып бергендей боп, өзіңді ұялта қызартып, төкпелейді: «…Кешегі кеңестік заманда аспаннан «ақша жауып» тұрғанның өзінде көздерін аша алмаған, бүгінде, нарықтың темірдей қатты тәртібіне шыдай алмай көше қашып тоз-тоз боп кеткен, төрт аяғына бірдей қан түсіп есеңгіреп қалған 72 аудан тағдырына әлі де алаңдаушылықпен қарамаса болмайды». БАҚ біткенде сыпыра шығып жататын мақалалары мен көсемсөздерінде тіл, дін, білім, саясат мәселелерін ежіктеп жазады. Мақтауға сараң, кемшілікті қақыратып жатады. «Олқылықты ғана омырады» деп кейбір шенеуніктер өкпе қылады. Қыла берсін дегендей, Сәкең өршелене түседі. Екінің бірі мадаққа үйір, көңілге қараса, көшелі елдің бұл нәубетімен кім бетпе-бет алыспақ. «Мен алысамын, ертеңім көркем болсын деп кім көрінгенмен жағаласып жүргенім сол!» дейтін Сәкеңнің бетін қайтару қиын. Баспалар қарызға шығарып беріп, сайдағы санын түгендей алмай, аузын құр шөппен сүртіп қала беретін Сәкеңнің қайбір кітабын ашып қалыңызшы: жерден бастап, егіншілік және малшылық, өндірген өнімдерді тұтынушыларға жеткізу азабы, еңбекке ақы төлемі, техникалық жарақтану жайы, кадрлар даярлаудың берекесіздігі, т.б. өзекті өртеген проблемалар андағайлап тұрады. Оқисыз. Сенесіз. Кінә кімнен дейсіз. Бар бәлені басқаға жапқыңыз келеді. Бірақ қарақшыдай болып желкеңізден төніп тұрған кітап сөзі «өзің де ойлан, сенің де дұрыс ісің қажет» дегендей, тұқыртып, жан теріңді сылып алады. Сөз құдіреті – осы-ау! Сәкең жүрегі мен қаламының ұшындағы тамшылап тұрған осы құдірет қасиетін орынды пайдаланады екен. Сәкеңнен қаймықтыратын да, Сәкеңді сыйлататын да осы құдіреттер екеніне шүбәсіз сенесіз. Қаһарынан иментетін батыр емес қой, түсіне кірмеген жайт, тек қазағын сөз қадірін білуге иліктіріп, ойлантса да жетеді оған.
Тұлғалар пікір айтқанда, әркімнің ісі мен азаматтығын өлшеп-пішіп, әнтек баспауға тырысқан ғой. Соның мысалын бір ғасыр бұрын дүние есігін ашқан Сәкең туралы ойларға қатысты да бағамдауға болады. Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов былай түйіндейді: «Қазақстан жазушылар одағының 1995 жылы құрылған «Жер және қазақ тағдыры» комиссиясы, оның төрағасы, Қазақстан Республикасына ерекше еңбегі сіңген зейнеткер Сапабек Әсіпұлы шөлейтті, шөлді аймақтар тұрғындарын «Тантал азабынан» (Тантал – ежелгі грек мифологиясының кейіпкері. Адамға жақсылық жасағаны үшін Танталды грек Құдайы Зевс аштан бұрлығып, шөлден сусап азаппен өлуге бұйырған. «Тантал азабы» деген ұғым содан қалған) құтқарудың тағы бір шарты – мүгедектер жағдайына ерекше назар аударып, зейнетақыларын бір жарым-екі есе өсіру қажет деп санап, ол жөнінде арнайы мәселе көтеріп, дабыл қағып жүр». Ал жорналшы Адольф Арцишевскийдің таңқалысы алабөтен: «Его последнюю, пока третью книгу «Танталовы муки» Степи» из трилогии «Трагедия казахов» держишь в руках как взрывное устройство. Да и сам он словно бы начинен динамитом».
Бұл күндері туғанына 100 жыл болған Сәкең – қазақтың бірқатар біртуар зиялылары туралы портреттік көсемсөздер, эсселер жазған айтулы қаламгер. Балалық шағының көркем суретін салған талантты жазушы. Өзіндік қолтаңбасы айқындалған ғалым. Кіндік қаны тамған жері Қостанай облысының Аманкелді ауданы өңірінің табиғаты мен тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын, мәдениетін қалам құрғатпай жырлап келе жатқан қарасөздің майталманы. Жер туралы айтса күллі қазағының жайын ойлап, қабырғасы қайысатынын осы мақаланың өзегіне алып отырмыз ғой.
Жазу өз алдына, ел тағдырына, айтулы тұлғалардың рухани биігін аласартпауға қатысты ой-пікірлерін әр деңгейдегі әкімдерге жолдап, мазасын алып отырады. Мысалы, халық ақындары О.Шипин мен Н.Ахметбеков, дарынды мүсінші Ә.Ұзақов шығармашылығы тұрғысында облыс әкіміне нақты ұсыныстар айтып, ойын білдірген. Сөйтіп, жүзеге асқан іс-шараларға мұрындық бола білген еді. Мұндай ықпалды істерге араласуын әлі күнге жиілетіп келеді.
Бірде Арқалықтан Алматыдағы Сәкеңе қоңырау шалып, есен-саулығын білген едім. Сөзіміздің арғы жағы қадау-қадау мәселелерге ойысып кетпесін бе? Әліби Жанкелдин туралы кітап жазған Сәкең әңгіменің бір тұсында өзін тежей алмай қызымырланып сөйлеп кетсін.
– Жалпы, өткенге бірыңғай топырақ шашуға қарсымын, – деп алып, ғалымдық дәлдікпен сыналап саптады сөздерін. – Жанкелдиннің аруағына тиісе бермеген жөн. Алашқа не істеді ол? Оның үш еңбегінің өзі неге тұрады? Біріншіден, Алашорданың Торғайға кіруіне Тәшкенде жатқан Әліби Жанкелдиннің өзі көмектескен. Екіншіден, Міржақыптан басқа алаштың 19 өкілі қолға түскенде соларды қорғап, босатып жіберген де Әліби еді. Үшіншіден, алғаш ұлттық ымыраны жасаған кім – Жанкелдин. Түн жамылып отырып айтайын, Жанкелдиннің мойнында бір кісінің де қаны жоқ.
Сәкең қыза-қыза қалааралық телефон байланысының өзін ұзын-сонар пікір таласына айналдырып бара жатты. Көсіле шешіліп, тереңнен тартып, дәл бір өзінің қасында отырғандай етіп мені нұқып сөйлегендей болып, бастырмалатсын. Сөзіміздің арасында Жанкелдин ауданының атын бұрынғы Торғай қаласы мәртебесіне өзгерту туралы даң-дұң әңгіме бары айтылып қалды білем, Сәкең жұлып алғандай қылып: «Қайтесіңдер, өнбейтін әңгіме қуып, Жанкелдиннің атын өзгерткенмен Торғайда қой көбеймейді» деді жұмсақ дауысы қатқылдана түсіп.
Бүгінгі қазақ зиялыларының селдіреп, сирексіген сапында бірнеше буын жорнашылардың ұстазы, ақылшысы біздің Сапабек ағамыздың жүргенін мақтан тұтамыз. Және қандай көрінеді көп ішінен. Еңсегей бойымен, мейірімді жүзімен, тұңғиық ойлы көзімен, тіліп түсер сөзімен… сахараның сәні ақ бөкендей бүйірленіп алып жөнеледі. «Жер, жер!» деп шыға келгенде, төбе шаш тік тұрып, жон арқа мұздап кетеді. Еске Ғабит Мүсіреповтің: «Қай жерде болсын халықтың мұң-мұқтажына құлақ аспаған адам – азамат емес: ол – халқының бірінші жауы» деп қатты да қақыратып айтқан сөзі түседі. Сәкеңнің азаматтығына тәнтіміз.
Сонда да өз білігімізше, Сапабек Әсіпұлын өзгелерден даралай түсетін бірер тоқтам жасамақпыз. Ол – ұлтжандыдан гөрі әсіре ұлтшыл адам. Демек жержандыдан гөрі әсіре жершіл тұлға! Жершілдігі қушиған тар, өзінен әрі аспайтын топшыл мүдде күйттеушісі емес, жер-жаһанның тамыршысы, жоқшысы, дәйім үмітпен тепкіленіп соғатын таза жүрегіне сыйып кетіп тұрған тұлға еді…
Қайсар ӘЛІМ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері



