Жер – біздің ортақ үйіміз

Бүгін Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай Астана қаласының Жетісу саябағында «Жер – біздің ортақ үйіміз» атты кең ауқымды экологиялық акция өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Экологиялық мереке аясында Жетісу саябағында (Сарайшык көшесі, 13/1) 7-ден 12 жасқа дейінгі оқушылар арасында асфальтқа түрлі-түсті борлармен сурет салу байқауы ұйымдастырылды.
Бұл бастама қала мектептерінің жанындағы жазғы лагерьлерге қатысып жатқан бастауыш сынып (1–4 сынып) оқушыларының белсенді қатысуымен өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, табиғатқа ұқыпты қарауға тәрбиелеу, сондай-ақ шығармашылық қабілеттерін дамыту екендігін айтады қала әкімдігіне қарасты балалар мен жасөспірімдердің Туризим және өлкетану орталығының Экология бөлімінің меңгерушісі Айсұлу Мұсатайева.
_Акция үш кезең бойынша өткізілді. Таңғы сағат 10.00-ден 11.00-ге дейін Алматы, Байқоңыр, Сарыарқа аудандарындағы мектептер, одан кейінгі сағатта Сарыарқа ауданының өзге мектептері, ал 12.00-ден 13.00-ге дейін Есіл және Нұра аудандарының білім ошақтарынан келген оқушылар өз өнерлерін ортаға салды. Барлығы елорданың жүзден астам мектебінің оқушылары қатысып, табиғатты аялауға үндейтін мазмұнды суреттер салды.
Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын қолдау мақсатында оқушылар мен студенттерге арналған «Планета үшін 5 іс» экочелленджі де жарияланды. Челленджге қатысушылар ағаш отырғызып, тұрмыстық қалдықтарды жинап, экологиялық флайерлер мен постерлер әзірлеп, әлеуметтік желілерге бейнероликтер жүктейді. Бұл бастама өскелең ұрпақтың табиғатқа жанашыр көзқарасын қалыптастыруға бағытталған,_деп атап өтті Айсұлу Болатбекқызы.
Іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Балалар мен жасөспірімдердің туризм және өлкетану орталығы мен Экология министрлігі бірлесіп ұйымдастырды. Жауапты мекемелер тарапынан балалардың қатысуы міндетті деп белгіленіп, әр мектепке тиісті тапсырмалар таратылды.
Шапағат ӘБДІР