Жеңіс жауынгерлеріне – тағзым

Астана қалалық Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Жеңіс жауынгерлері-Поколение победителей» атты кітаптың тұсаукесері болды. Кітап Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің қолдауымен «Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына» арналып шығарылған.
1418 күнге созылған алапат соғыстың қасіреті мен қайғысы адамзат баласының басынан кешірген ең қанды қырғын болды. Ел мен жерін қорғап, құрбан болған жауынгерлердің жанкешті ерліктері мен майдан жолдары туралы сыр шертетін бұл кітапта Ақмола өңірінен аттанған жауынгерлердің ерліктері сипатталады. Іс-шараға батырларымыздың ұрпақтары мен туыстары – Рақымжан Қошқарбаевтың, Михаил Бутенконың, Әлмұқан Сембиновтың, Әлихан Темірбековтың, Қаматай Тоқабаевтың, Нашарбек Шамшановтың жақындары арнайы шақырылды. Олар іс-шараны ұйымдастырушыларға, кітап шығаруға атсалысқандарға ризашылық білдіріп, көңіл толқытар естеліктер айтты.
Сондай-ақ тұсаукесер барысында соғыс жылдарының естеліктері мен ерлік жолы
туралы құнды деректер айтылды. Шараның мақсаты – «Ешкім де ешнәрсе де ешқашан ұмытылмайды» деген девизбен майдангерлер кешкен естен кетпес естеліктерді ұрпақ санасына жеткізу, оларды ұлықтау, есімдерін мәңгі есте қалдыру. Іс-шараға Астана қаласы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұқанов, Республикалық ардагерлер кеңесі қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев, ұзақ өмір сүру орталықтарының директоры Мұхтар Еркетаев, қоғам қайраткері профессор «Мемориалдық аймақ» іздеу жасағының командирі Майдан Құсаинов және қалалық ардагерлер бастауыш ұйымдарының төрағалары қатысты.
Қарлығаш ҚҰСПАН,
қалалық Ардагерлер кеңесінің медиатобының мүшесі