«Жеңіс жауынгерлері» кітабының тұсаукесері өтті

Қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Жеңіс жауынгерлері-Поколение победителей» атты кітаптың тұсаукесері болды. Кітап Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің қолдауымен Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына арнап шығарылған.
1418 күнге созылған алапат соғыстың қасіреті мен қайғысы адамзат баласының басынан кешірген ең қанды қырғын болды. Ел мен жерін қорғап, құрбан болған жауынгерлердің жанкештілік ерліктері мен жүріп өткен майдан жолдары туралы сыр шертетін бұл кітапта Ақмола өңірінен аттанған жауынгерлердің ерлігі сипатталады.
Іс-шараға батырларымыздың ұрпақтары мен туыстары — Рақымжан Қошқарбаевтың, Михаил Бутенконың, Әлмұқан Сембиновтың, Әлихан Темірбековтың, Қаматай Тоқабаевтың, Нашарбек Шамшановтың жақындары арнайы шақырылды. Олар осы іс-шараны ұйымдастырушыларға, кітап шығаруға атсалысқан жандарға ризашылық білдіре отырып, көңіл толқытар естеліктер айтты.
Тұсаукесер рәсімінің бастамашысы болып отырған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов кіріспе сөз сөйлеп, кітап мазмұнымен қысқаша таныстырып өтті. Кітаптың лентасы салтанатты түрде қиылып, кітап кейіпкерлерінің ұрпақтары мен шақырылған ардагерлер мен қонақтарға тарту етілді.
Сондай-ақ тұсау кесер барысында соғыс жылдарының естеліктері мен ерлік жолы туралы құнды деректер айтылды. Іс-шараның мақсаты — «Ешкім де ешнәрсе де ешқашан ұмытылмайды» деген девизбен майдангерлер кешкен естен кетпес естеліктерді ұрпақ санасына жеткізу,оларды ұлықтау,есімдерін мәңгі есте қалдыру.
«Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығында өткен іс-шараға Республикалық ардагерлер кеңесі қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев, Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының директоры Мұхтар Еркетаев, қоғам қайраткері профессор, «Мемориалдық аймақ» іздеу жасағының командирі Майдан Құсайынов және қалалық ардагерлер бастауыш ұйымдарының төрағалары қатысты. Айтулы іс-шараны қалалық ардагерлер кеңесінің хатшысы Салтанат Меңлібаева жүргізді.
Жылы жүзбен, ізгі ниетпен әсерлі де мағыналы өткен іс-шарадан ұлағат пен тәлім алып қайтқан қатысушылар кітап шығаруға атсалысқан жандарға алғыс білдірді.
Қарлығаш Құспан,
қалалық Ардагерлер кеңесі медиатобының мүшесі