ӘлеуметБасты ақпарат

Жеңіс туы желбірейді

Отан қорғаушы күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадқа дайындық ерекше жүруде. 3-4 сәуір күндері Астанадағы «Қазақ елі» монументі алаңында парадқа қатысатын барлық сарбаздар мен әскери техникалар сап түзеп, дайындықтан өтті. Салтанатты шеру 7 мамырда өтеді және ол Астана мен барлық облыс орталықтарында орнатылған LED-экрандарда және респуб­ликалық телеарналардан тікелей эфирде көрсетіледі.

Халқымыздың ерлігі мен бірлігін, жауын­герлердің ба­тыр­лығы мен тыл еңбеккерлерінің жанқияр­лық еңбегін дәріптейтін бұл әскери парадқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партия­сы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам, сондай-ақ дипломатиялық корпус өкілдері қатысады. Астанадағы бас алаңға 5 мыңнан аса көрермен жиналады деп күтілуде.

Кімдер қатысады?

Әскери парад мазмұндық тұрғыдан тарихи және заманауи бағытты қамтиды: бір жағынан Жеңістің 80 жылдығында аға буын батырлардың ерлігіне тағзым етілсе, екінші жағынан Тәуелсіз Қазақстан армиясының бүгінгі қуаты мен әлеуеті көрсетіледі. Шеруге Қазақстан Қарулы Күштерінің барлық түрлерінен 4 мыңнан аса әскери қызметкер қатысып, 200-ден аса әскери техника мен қару-жарақ, 66 әскери ұшақ пен тікұшақ көрермен назарына ұсынылады. Олардың ішінде алғаш рет көрсетілетін зениттік-зымыран кешендері мен роботтандырылған әскери техника да бар.

Шеру күні ең әуелі алаңға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің тобы Мемлекеттік Тумен бірге алаңға осыдан 80 жыл бұрын Рақымжан Қошқарбаев пен оның майдандасы Григорий Булатов Рейхстагқа тіккен тудың көшірмесін алып шығады. Тудың бетінде «2-дәрежелі Кутузов орденінің иегері 150-атқыштар дивизиясы» деген жазу болады. Бұл – майдан шебінде жан аямай шайқасқан барлық қазақстандық жауынгерлерге деген мәңгілік құрметтің символы болмақ.

Сап түзеген сарбаздар

Парад Қорғаныс министрі­нің көлігімен бірге парад қолбасшысымен сап түзеген әскерлерді қарсы алуынан басталады. ҚР Қорғаныс министрі әскери бөлімдермен амандасып, Жоғарғы Бас Қолбасшыға парадқа дайындық туралы баяндау үшін трибунаға шығады. Мемлекеттік әнұран шырқалған соң шеру ресми түрде басталады.

Парадты Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледждің барабаншы кадеттері ашады. Бірінші болып парадтқа «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері генерал-майор Ержан Ибраев «Шпагин» және «Максим» пулеметтерімен қаруланған солдаттар легін бастап шығады. Олардың қолдарында соғыс жылдары пайдаланған қарулар болады. Одан кейін үш қатар сапта трибуна алдынан қазақтың батыр қыздары Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова, Әлия Молдағұлова ерліктерін еске салатын әскери саптың шеруі өтеді. Олардың артынан Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері, Әскери институт түлектері, Жауынгер-теңізшілер, Десанттық-шабуылдау әскерлері, Теңіз жаяу әскерлері, Әскери полиция, Бітімгершілік рота, Әскердегі әйелдер тобы, Аумақтық қорғаныс бригадалары, Ұлттық қорғаныс университеті, Құрлық әскерлері әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты, Шоқан Уәлиханов атындағы колледж, Шекара академиясы, Ұлттық ұлан, Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ, Төтенше жағдайлар министрлігі, Мемлекеттік күзет қызметі бөлімдері сап түзеп өтеді.

Ескі және жаңа техникалар

Әскери парадта техника көрсету бөлімінде ең алдымен, Жеңістің символына айналған және соғыста кеңінен қолданылған Т-34 танкісі көрермендердің алдынан өтеді. Оның ізін ала, танкке қарсы қолданылған «ЗИС-2» зеңбірегі мен 122 мм «М-30» гаубицасы, сондай-ақ осы гаубицаны сүйреген «ЗИЛ-157» техникасы таныстырылады. Бұдан кейін, халық арасында ерекше танымал болған «Катюша» немесе БМ-13 реактивті зеңбірегі өтеді, ол соғыс жылдарының рухын халыққа ерекше сезіндірмек. Осы тарихи техникалардан кейін парадты Қазақстан Қарулы Күштерінің заманауи әскери техникасы жалғастырады. Алдыңғы қатарда Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы және Әскери-теңіз күштерінің тулары желбіреген төрт «Арлан» брондалған машинасы сап түзеп өтеді. Олардың артынан «Қазақстан Инжиниринг» кәсіпорнында жаңғыртылған Т-72 танкілері өтсе, бұдан кейін 122 мм Д-30 гаубицалары көрсетіледі. Артынан 152 мм «Мста-Б» гаубицасы келеді, ол КаМаЗ-63502 көлігімен сүйреліп, минутына 5-6 снаряд ату қабілетіне ие. Бұдан кейін парадты аса қуатты 240 мм 2С4 «Тюльпан» минаатқышы жалғастырып, артынша 122 мм 9А51 «Прима» атты дүркіндетіп оқ ату реактивті жүйесі алаңға шығады. Келесі болып, ұтқырлығы жоғары әрі жойқын қуатқа ие «Ураган» реактивті жүйесі көрсетілсе, одан соң дәлдігімен ерекшеленетін және 90 шақырымға дейін нысанаға жете алатын 300 мм 9К58 «Смерч» жүйе­сі таныстырылады. Парадты «Штурм-С» танкіге қарсы зымыран кешені мен әуе шабуылына қарсы бағытталған «Стрела-10» зениттік-зымыран кешенінің батареясы түйіндейді.

Қорғаныс құлыптары

Әскери парадтың келесі бөлігі – әуе шабуылына қарсы қорғаныс және заманауи жауынгерлік техникалардың көрмесімен жалғасады. Ең алдымен, алаңға елордалық әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасының С-300ПС көп арналы зенитті-зымыран кешені шығады. Оның ізін ала, қарқынды радиоэлектрондық қарсы әрекет жағдайында әскер мен стратегиялық нысандарды қорғауға арналған орта қашықтықтағы «Бук-М2Э» кешені өтсе, артынша заманауи әуе шабуылына қарсы жүйе – «Тор-М2К» зениттік-зымыран кешені көрсетіледі.

Содан кейін жерүсті техника легі жалғасып, алдымен «Айбар» брондалған дөңгелекті машиналары, артынша Құрлық әскерлері мен арнайы бөлімшелерге арналған жол талғамайтын көліктер мен 12,7 мм пулеметпен жабдықталған жеңіл әскери көліктер алаңнан өтеді. Олардың артынан барлау жүйелерімен жабдықталған көліктер шығады, мұнда күндіз-­түні әрекет ете алатын, қолай­сыз ауа райына төзімді «Скайларк» ұшқышсыз ұшу аппараттары орнатылған.

Әскери теңіз қауіпсіздігін көрсететін бөлімде Каспий теңізінің су айдынында қауіп­сіздікті қамтамасыз ететін БЛ-790 және РИБ-7 катерлері, сондай-ақ жоғары жылдамдықтағы «Багги» көліктері, квадроциклдер, қиын жағдайда тапсырма орындауға қабілетті «Арлан» жауынгерлік машинасы көрсетіледі. Сонымен бірге, «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» пен Сингапурдың «ST Engineering» компаниясы бірігіп шығарған «Terrex-Barys-A» 8×8 бронетранспортері және «Барыс» 8×8 заманауи жауынгерлік техникасы таныстырылады. Парадта алғаш рет отандық радиоэлектрондық «Жасылтас» басу кешені, роботтандырылған минадан тазарту машинасы, ауыр механикаландырылған көпірлер, жаңартылған понтон-көпір паркі, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс құралдары, сондай-ақ Түркия, Қытай және Қазақстан бірлесіп жасаған «Таймас 8×8» брондалған техникасы көрсетіледі. Шеруді «Шағала-М» ұш­қышсыз авиациялық кешені, «Самғау» экипажсыз роботты катері және Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланына тиесілі «Айбар», «Орал-ВВ», «Барыс 6×6», «Алан-2» жауынгерлік машиналары жалғастырып, отандық өндірістің жаңа «Алан-2» брондалған техникасы алғаш рет көпшілікке таныстырылады. Осыдан кейін шерудің әуедегі бөлімі басталады. Ұшақ тізгіндеген сарбаздар бұл жолғы парадтың жауапкершілігі мен міндеті ауыр екендігін айтады.

Әуедегі таңғажайып

53975 әскери бөлімінің Ми-17 тікұшағының ұшқыш-штурманы лейтенант Әли Сейдахметұлы:

– Біздің шеруге дайындығымыз бір ай бұрын басталды. Күн сайын жоспарлы ұшу жаттығулары жүргізіліп, әр экипаж өзіне жүктелген тапсырманы мінсіз орындауға машықтанды. Бұл – жай ғана ұшу емес, бұл – елге, халыққа, Отанға деген құрметтің белгісі. Өзім үшін – бұл үлкен мәртебе әрі мақтаныш. Әскери ұшқыш ретінде парадқа қатысу – бұл халқымыздың қаһармандық рухына тағзым ету, Қазақстан Қарулы Күштерінің әуедегі қуатын көрсету деп білемін, – дейді ұшқыш.

Ал әскери парадтың әуедегі бөлігін Мемлекеттік Ту мен Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің туын желбіреткен Ми-171 тікұшақтары ашады. Ары қарай шеруді «Штурм 9-М» зымырандарымен және зеңбірекпен жабдықталған Ми-35М соққы беретін тік­ұшақтар тобы жалғастырады. Кейін аңызға айналған Ми-8 және екі Ми-171 тікұшағы, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігінің алты Ми-8 тік­ұшағы әуеде қалықтайды. Одан соң әуеге Си-295 әскери-көлік ұшағы, Л-410 жеңіл ұшақтары, екі Су-30СМ жойғыш ұшағының сүйемелімен Ту-154, артынан екі Си-295-пен бірге А-400 көліктік ұшағы көтеріледі. Әрі қарай «Ромб» ұшу тәртібімен Су-30СМ көп функционалды жойғыш ұшақтары көрсетіледі. Парадтың әуе бөлігін алты Су-25 штурмовигі түйіндеп, олар аспанға Қазақстан Туының бейнесін салып шығады. Осылайша салтанатты шеруді ҚР Қарулы Күштері, Мемлекеттік күзет қызметі және Ұлттық ұланның әскери оркестрлері бірігіп орындайтын «Егемен Қазақстан» әнімен қорытындылайды.

Бүгінгі таңда ел аумағында 106 соғыс ардагері бар. Олардың арасынан дәл осы әскери парадқа алты бірдей соғыс ардагері арнайы келіп, қатыспақ. Ал соғысқа қатысып келіп, осы парадты көруге үлгермей кеткен ерлеріміз қаншама? Солардың бірі Айниет Әсербаев ақсақал еді. Жарықтық, тірі болса биыл 100-ге келер еді деп есіне алған соғыс қаһарманының немересі Баяндыбол Айниетов бүгін де  әскери әуе күштерінде қызмет атқарып жүр. Ол бұл жолғы парадтың өзі үшін өзгеше екенін айтып, өзінің соғыс ардагері болған атасымен мақтанатынын жеткізді.

– Осы жолғы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад мен үшін ерекше болмақ. Себебі мен парадқа әскери бөлімнің қызметкері ретінде ғана емес, майдангердің ұрпағы ретінде қатысып, атамды еске алмақпын. Атам 1925 жылы дүниеге келіп, 2000 жылы 75 жасында дүниеден озды. Көзі тірісінде балаларына «Адал болсаң, абыройлысың» деп өсиет қалдырды. Сол аманат бүгінгі менің мойныма жүктелгендей сезім кешемін. Сондықтан да мен атамның асыл рухын жалғастырып, Отан сүюуде, еліме адал қызмет етуде қашанда алда жүрсем деп ойлаймын. Елімізде ешқашан соғыс болмасын деп тілеймін. Егер атам тірі болса, жүзге келіп осы тойды өз көзімен көрер еді. Бірақ оған жазбапты. Енді мен көріп отырмын. Мен үшін атамның да атаммен бірге соғысқа барып оралған, оралмаған оғландардың да орны ерекше. Оларға қашанда тағзым етемін, – деп еске алдымайдангердің немересі Баяндыбол Айниетов.

Шапағат ӘБДІР

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button