Жемқорлыққа жол жоқ!
Ербол ЖОЛДАНҒАР, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басымдығы – Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі қағидаттарының бірі. Қазіргі кезеңде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жүйелі түрде жетілдіріліп, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етуге бағытталған тетіктер кезең-кезеңімен енгізілуде.
Осы бағыттағы жұмыстар аясында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментіне сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды азайту, сондай-ақ қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша бірқатар функция жүктелген. Аталған мәселелердің жүзеге асырылу барысы туралы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Ербол ҚАБДЫҒАЛИҰЛЫМЕН жүргізілген сұхбатта кеңінен сөз қозғалды.
– 2025 жылғы 30 маусымда департаментке сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы қосымша функциялар берілгені белгілі. Бұл өзгерістердің мазмұны қандай?
– Аталған өзгерістер кешенді сипатқа ие. Олардың негізгі мақсаты – қоғам мен мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру. Осыған байланысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдірумен қатар, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен есептілігін арттыруға бағытталған шаралар жүйелі түрде іске асырылуда. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрақты мәдениетті қалыптастыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары, семинарлар, дөңгелек үстелдер және қоғам өкілдерімен кездесулер тұрақты негізде ұйымдастырылады. Мәселен, 2025 жылдың төртінші тоқсанының қорытындысы бойынша департамент 3000-нан астам адамды қамтыған 20-дан астам іс-шара өткізді. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетудің маңызды құралдарының бірі ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг пен тәуекелдерді талдау тұрақты түрде жүргізілуде.
– Мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағартушылық жұмыстар қалай жүзеге асырылады?
– Мемлекеттік қызметшілер арасында ағартушылық жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. Астана қаласы бойынша мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптары, Әдеп кодексінің нормалары, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерге қойылатын шектеулер мен тыйымдар жөнінде түсіндіру жұмыстары жылына кемінде екі рет ұйымдастырылады. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың жеке жауапкершілігін күшейту және адалдық қағидаттарын нығайту мақсатында этикалық нормаларды сақтау мәселелері тұрақты түрде күн тәртібінде қарастырылады. Осы арқылы мемлекеттік аппаратта ашықтық, адалдық және қоғам сенімін арттыруға бағытталған институционалдық мәдениет қалыптастыру көзделеді.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг пен тәуекелдерді талдаудың негізгі мақсаты қандай?
– Департамент құқық қолдану практикасының жай-күйін бағалау мақсатында түрлі салада сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді мониторингті тұрақты негізде жүзеге асырады. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында білім беру сапасын бақылау саласында тақырыптық мониторинг жүргізілуде. Сонымен қатар сот-медицина сараптамасы саласында және елорда әкімдігінің коммуналдық ұйымдарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу көзделген. Аталған жұмыстардың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңы шеңберінде ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметте және нормативтік құқықтық актілерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және талдау. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау – құқық бұзушылықтардың туындауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды айқындауға бағытталған кешенді процесс. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг – құқық қолдану практикасының тиімділігін бағалау құралы. Оның негізгі дереккөздеріне құқықтық статистика мәліметтері, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың деректері, әлеуметтік сауалнамалар нәтижелері, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар, сондай-ақ заңнамада тыйым салынбаған өзге де ақпарат көздері жатады.
– Азаматтар сыбайлас жемқорлық фактілеріне тап болған жағдайда қандай шаралар қабылдай алады?
– Азаматтар сыбайлас жемқорлық фактілері туралы 1424 call-орталығына хабарласа алады. Сонымен қатар eOtinish сервисі немесе «Smart Astana» мобильді қосымшасы арқылы тиісті ақпаратты жолдауға мүмкіндік бар. Департамент сыбайлас жемқорлықтың алдын алу сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі негізгі факторлардың бірі екенін атап өтіп, бұл бағытта қоғам тарапынан белсенді қолдау қажет екенін айқындайды.



