Ел тынысы

Жемқорлыққа қарсы бейнероликтер байқауы басталды

Елімізде 4 млн теңге жүлде қорына жемқорлыққа қарсы бейнероликтер байқауы басталды. Бас жүлде – 2 млн теңге, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

 Қазақстанда жастар арасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды мақсат еткен «Жемқорлықсыз болашақ» атты республикалық бейнероликтер байқауы басталды. Жалпы жүлде қоры – 4 миллион теңге. Жобаны Алматы облысының ішкі саясат басқармасы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірлік департаменті қолдап отыр. Байқаудың операторы – «PARYZ еріктілері» жастар қоғамдық бірлестігі.

Байқауға 14 пен 35 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары қатыса алады. Қатысушылар жеке немесе шығармашылық топ ретінде 2025 жылғы 20 маусымға дейін өз жұмыстарын paryz_zhastary2015@mail.ru электронды поштасына жолдауы тиіс. Бейнеролик MP4 форматында, ұзақтығы 60 секундтан 300 секундқа дейін болуы қажет. Сондай-ақ қазақ немесе орыс тілінде субтитрмен қамтамасыз етіліп, автор туралы нақты мәлімет көрсетілуі керек.

«Біз жастарға жай ғана видео түсіруді емес, жемқорлыққа деген көзқарасын шығармашылық жолмен жеткізуді ұсынамыз. Бұл байқау – маңызды тақырыпты қазіргі заманның визуалды тілімен айтуға берілген мүмкіндік. Бізге айыптау емес, ойландыратын, мазмұны терең идеялар қажет», – дейді жобаның жетекшісі, «PARYZ еріктілері» ұйымының төрағасы Әділет Айтқазы.

Байқау төрт номинацияны қамтиды. Негізгі аталым – «Үздік әлеуметтік бейнеролик» – жеңімпазға 2 000 000 теңге көлемінде сыйақы қарастырылған. Сонымен қатар «Ең креативті идея» мен «Үздік әлеуметтік хабарлама» номинацияларының әрқайсысына 800 000 теңгеден жүлде беріледі. Тағы 400 000 теңге ынталандыру сыйлығы ретінде бірнеше қатысушыға үлестіріледі. Бағалау екі кезеңмен жүргізіледі – бірінші кезеңде финалистер 25 маусымға дейін анықталады, екінші кезеңде қазылар алқасы 5 балдық шкала бойынша бағалайды.

«Біз үшін бастысы – формат емес, мазмұн. Роликтер көркем, анимациялық, графикалық болуы мүмкін, бірақ міндетті түрде авторлық болуы шарт. Жасанды интеллектпен жасалған, бөгде музыка немесе логотиптер пайдаланылған, авторлық құқықты бұзатын бейнелер қабылданбайды. Агрессиясыз, зорлық-зомбылықсыз, насихатсыз – тек шынайы көзқарас пен азаматтық ұстаным қажет», – дейді Әділет Айтқазы.

Ресми ереже бойынша, конкурс жұмыстары Қазақстан заңнамасын бұзбауы тиіс. Жемқорлықты насихаттайтын, ЛГБТ, экстремизм, алкоголь, есірткі, діни радикализм элементтері бар немесе жалаң айыптауға құрылған мазмұнға жол берілмейді. Кәмелетке толмаған қатысушылар заңды өкілінің келісімімен қатыса алады. Талапқа сай келмейтін бейнероликтер қабылданбайды және кері пікір берілмейді.

Байқау қорытындысы 2025 жылғы 1 шілдеден кейін жарияланады. Үздік жұмыстар кейін әлеуметтік және ағартушылық кампаниялар аясында кеңінен таратылады.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button