Жемқорлықпен күресте түбегейлі өзгеріс қажет

Сыбайлас жемқорлықпен күрес – әр мемлекеттің тұрақты дамуына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Қоғамның түрлі саласына жегі құрттай дендеп еніп, мемлекеттің алға басқан қадамына тұсау салатын кеселдің емі – алдын алу. Ол үшін халықтың, соның ішінде жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа деген мүлдем төзбеу көзқарасын қалыптастыру керек.
«Дерт» меңдемей тұрып, дер кезінде оны жою жолында ауқымды жұмыс атқаратын сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс – «ЖАҢАРУ» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мэлс СЕМҒАЛИЕВПЕН осы бағытта сұхбаттасқан едік.
– Бұл өзекті мәселемен 12 жылдан бері айналысатын бірлестіктің басшысы ретінде Қазақстандағы жемқорлық деңгейі қазір қандай деңгейде деп санайсыз?
– Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейі белгілі бір дәрежеде төмендегенмен, бұл салада жүйелік мәселелер әлі де өзекті. Transparency International ұсынған зерттеу нәтижелеріне сәйкес, 2024 жылғы Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде (CPI) еліміз аздаған ілгерілеуге қол жеткізді. Қазақстан 180 елдің ішінде 88-орынға тұрақтады. Индекс көрсеткіші 100 балдық шкала бойынша 40 балды құрады. Бұл көрсеткіш мемлекеттік басқарудағы ашықтықтың біршама артқанын көрсеткенмен, сыбайлас жемқорлықпен күресте түбегейлі өзгерістер қажет екенін айғақтайды. CPI рейтингіндегі бұл сәл жақсарған нәтиже елде жүзеге асырылған цифрландыру, ашықтықты арттыру және бірқатар реформаның нәтижесі ретінде қарастырылуы мүмкін. Жемқорлықпен тиімді күрес жүргізу үшін мынадай бағыттарға баса назар аудару қажет: сот билігінің шынайы тәуелсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық бақылау тетігін күшейту, журналистер мен азаматтық белсенділердің еркін жұмыс істеуіне жағдай жасау және тағы басқа. Бұл ұсыныстар елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрестің нәтижелі болуына және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға ықпал ете алады деп сенеміз.
– Қай салаларда жемқорлық жиі көрініс табады?
– Бүгінгі таңда Қазақстанда сыбайлас жемқорлықтың жиі кездесетін салаларының қатарында бірнеше бағыт ерекше көзге түседі.
Ең алдымен, мемлекеттік сатып алулар жүйесінде бюджеттің тиімді жұмсалмауы және келісімшарттар рәсіміндегі ашықтықтың төмендігі – саладағы ең өзекті мәселелердің бірі. Жариялылықтың жетіспеуі мен бақылаудың әлсіздігі қаржыны мақсатсыз пайдалануға әкеп соғады.
Сондай-ақ құқық қорғау органдары – полиция мен сот жүйесінде парақорлық фактілері әлі де кездесіп отыр. Бұл азаматтардың құқық қорғау институттарына деген сенімін төмендетіп, әділеттілік принциптеріне нұқсан келтіреді.
Мемлекеттік қызмет көрсету саласында жемқорлық белгілері әлі де байқалады. Әсіресе рұқсат құжаттары мен лицензиялар беру кезінде артық бюрократия мен негізсіз кідірістер азаматтардың пара беруге мәжбүр болуына себеп болады. Бұл салаларда орын алып жатқан мәселелер мемлекеттік басқару жүйесінде түбегейлі реформалар жүргізу, ашықтықты арттыру және қоғамдық бақылау тетігін күшейту қажет деп айқын көрсетсе керек.
– Қай өңірлерде жемқорлық жиі белең алады? Оған не себеп?
– Ірі қалаларда, ресурсқа бай өңірлерде және бюджеттен көп қаржы бөлінетін аймақтарда жиі кездеседі. Себебі қаржы ағымдарының молдығы, мемлекеттік қызметшілердің ықпалы, дәстүр жағынан менталитет (ықылас, пара алу). Кей кезде биліктегі азаматтар қоғаммен бірігіп жұмыс істеуден бас тартады.
– Астанада ахуал қалай?
– 2024 жылы Астана қаласы бойынша Сыбайлас-жемқорлыққа қарсы департамент 93 сыбайлас жемқорлық істі тіркеді. Оның ішінде парақорлық – 63, теріс пайдалану – 17, ұрлық – 10, басқалары – 3. Салалар бөлінісінде ең көбі білім беру бойынша 17 адам және денсаулық сақтауда 4 адамның ісі әшкереленді. Сыбайлас жемқорлық фактілері ауыл шаруашылығы, құрылыс, энергетика, жолдар, экология, еңбек қатынастары және салық саласында да анықталды. Биыл 4 айда 35 сыбайлас жемқорлық қылмыс тіркелді. Оның ішінде парақорлық – 24, теріс пайдалану – 6, ұрлық – 4, басқалары – 1. Ең көп сыбайлас жемқорлық фактілері білім беру саласында – 12 адам, салық саласында – 4 адам және ауыл шаруашылығы саласында 1 адам анықталды. Көлеңкелі экономика субъектілерінде лауазымды тұлғалардың жүйелі сыбайлас жемқорлық пен қамқорлықтың 2 фактісі бойынша жолы кесілді.
– Әлем елдері бұл індетпен қалай күреседі?
– CPI (Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі) көрсеткішіне сәйкес, Қазақстан Орталық Азия елдерімен салыстырғанда алда тұр: мысалы, Түрікменстан – 165, Тәжікстан – 164, Қырғызстан – 146, ал Өзбекстан 121-орында орналасқан. Қазақстан 88-орынға ие болып, 100 балдық шкала бойынша 40 балл жинағанмен, әлемдегі жемқорлық деңгейі төмен елдермен салыстырғанда әлі де резерв көп. Жемқорлық деңгейі ең төмен мемлекеттер қатарында Дания (90 балл), Финляндия (88 балл) және Сингапур (83 балл) көш бастап тұр. Бұл елдерде демократиялық институттар орнықты, заңның үстемдігі мызғымас қағидаға айналған және қоғамдық бақылау жүйелері жоғары деңгейде жұмыс істейді. Сонымен қатар бұл мемлекеттерде ақпаратқа қолжетімділік, баспасөз бостандығы мен азаматтық қоғамның белсенділігі жемқорлықтың алдын алуда шешуші рөл атқарады.
Қазақстан үшін осы елдердің тәжірибесінен алуға болатын бірқатар маңызды құрал бар. Атап айтқанда:
– заң үстемдігін нығайту және сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету;
– мемлекеттік басқару мен бюджеттің ашықтығын арттыру;
– қоғамдық бақылау тетігін күшейту;
– журналистер мен белсенділердің қауіпсіз әрі еркін жұмыс істеуіне жағдай жасау;
– сандық технологияларды пайдалану арқылы мемлекеттік қызмет көрсету процесін автоматтандыру, ЖИ енгізу.
Осы бағыттарда нақты әрі табанды реформалар жүргізу Қазақстанға сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетіп, сенімді институттар құруға жол ашады.
– Қоғам дертімен күресте нақты қандай бағдарламалар мен жобалар, ұйымдар жұмысы жүзеге асырылуда?
– Сыбайлас жемқорлықпен күрестің ең маңызды бағыты – оның алдын алу. Шынымен де, сыбайлас жемқорлық мемлекеттік қызметкерлер тарапынан орын алған жағдайда, бұл тек мемлекеттің дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, қоғамдағы билік пен өкіметке деген сенімсіздікті арттырады. Мұндай жағдай еліміздің экономикалық өсімі мен әлеуметтік тұрақтылығына ауыр соққы береді. Қазақстанда осы күресті тиімді жүргізу үшін бірнеше бағыт пен бағдарлама іске асырылуда. Біріншіден, қоғамдық ұйымдар мемлекеттік органдардың әрекетін мұқият қадағалап, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтайтын сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізеді. Сонымен қатар түрлі саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері талданып, оларды төмендету бойынша нақты ұсынымдар әзірленеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ерекше мән беріледі. Халыққа парақорлықтың теріс салдары мен қоғамдағы адалдықтың маңызы жайлы ақпарат беріліп, білім беру жүйесіне «сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері» пәні енгізілді. Қазақстандағы бірқатар жоғары оқу орны «Академиялық адалдық лигасына» қосылып, білім беру сапасын арттыруға үлес қосуда.
Сонымен бірге сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған және жемқорлыққа қарсы іс-қимылға көмектескен азаматтарды ынталандыру жүйесі бар. Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы және қоғамдық бақылау туралы заңдар қабылданып, ол қоғамдық ұйымдардың рөлін заңды түрде бекітіп отыр. Бұл қоғам мен мемлекет арасындағы өзара әрекетті күшейтіп, жемқорлықпен күрестің тиімділігін арттыруға септігін тигізеді.
– Жемқорлықпен жылына қанша адам ұсталады?
– Сыбайлас жемқорлықпен күрес жыл өткен сайын жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл бағыттағы нақты нәтижелердің бірі – жыл сайын әшкереленетін құқық бұзушылықтар саны мен жауапкершілікке тартылған адамдардың көрсеткіші. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің мәліметінше, өткен 3-4 жылда жылына 1500-1700-ге жуық сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген. Былтыр сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін мыңға жуық адам сотталды, олардың арасында 6-уы – судья, 4-еуі – әкім, Қорғаныс министрлігі және ішкі істер органдарының қызметкерлері, әкімдіктердің және олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері, Ауыл шаруашылығы, Қаржы, Көлік және Денсаулық сақтау министрліктерінің қызметкерлері. Бұл деректер сыбайлас жемқорлықтың елімізде әлі де маңызды мәселе екенін көрсетсе, бір жағынан, мемлекеттің ашықтықты арттыру және заң үстемдігін қамтамасыз ету жолындағы нақты әрекеттерінің нәтижесін байқатады. Сонымен қатар бұл статистика сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу үшін тек жазалау ғана емес, алдын алу шараларын күшейту қажеттігін де аңғартады. Елімізде АЕК-ден екі есе асатын кез келген сома, яғни (7864 теңге), егер «себеп-салдар байланысы бар болса», пара болып есептеледі.
– Қазақстандағы ең ірі жемқорлық оқиғалары қандай? Олар бойынша кінәлілер толық жазалана ма?
– Ең ірі жемқорлық істердің бірқатары соңғы жылдары мемлекетке келтірілген ауқымды материалдық шығынмен және елдің жоғары лауазымды тұлғаларының қатысуымен ерекшеленді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жалпы сомасы 1,12 трлн теңге сомасында мүліктік активтер мен ақша қаражатын қайтарды, оның 321,6 млрд теңгесі тікелей бюджетке ақшамен өтелді.
Жетісу облысындағы Білім басқармасының қызметкерлері миллиардтаған соманы иемденіп кеткен оқиға бәрімізді таңғалдырды. Аталған істер – Қазақстанда жүргізіліп жатқан ірі көлемдегі сыбайлас жемқорлықпен күрестің нақты нәтижесі. Дегенмен бұл тек бастамасы ғана. Кінәлі тұлғаларға қатысты үкім шығарылып, мүліктік активтер тәркіленгенмен, сарапшылар жүйелік деңгейде ашықтықты арттыру, жауапкершілікті күшейту және қайталанудың алдын алу үшін бұдан да кең ауқымды реформалардың қажет екенін алға тартады.
– Жемқорлыққа күдікті, әдетте, қалай анықталады?
– Сыбайлас жемқорлыққа күдіктілерді анықтау – кешенді және көпқырлы процесс. Ол түрлі тәсіл арқылы жүзеге асады: арнайы аудит пен мониторинг жүргізіледі, азаматтар, блогерлер, журналистер және ақпарат берушілерден келіп түскен хабарламаларға сүйенеді. Бұл үдерістің мақсаты – тек заң бұзушылықты анықтап қана қоймай, оның алдын алу және жүйелік бұзушылықтарды жою. Бір нәрсе анық: белсенді азаматтардың, қоғамдық бірлестіктер мен мемлекеттің күш-жігерін бір қуатты да ымырасыз қозғалысқа біріктірсек, сыбайлас жемқорлықты азайтып қана қоймай, әлеуметтік құбылыс ретінде жоюға болады. Азаматтық қоғамның бастамасы, мемлекеттік аппараттың мүмкіндігі, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне төзбеу ахуалын қалыптастыру – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің құрамдас бөлігі, ол оң нәтиже беруі тиіс.
– Бірлестіктің жемқорлықпен күрестегі басты бағыттары қандай?
– Біздің бірлестіктің сыбайлас жемқорлықпен күрестегі басты бағыттары – еліміздегі ашықтық пен әділдік қағидаттарын нығайтуға бағытталған жүйелі әрі кешенді жұмысты жүргізу. Біз Мемлекет басшысының коррупцияға қарсы бастамаларын толықтай қолдап, күрделі мәселеде қалың бұқараны құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың жұмысына қолдау көрсетуге жұмылдыруды көздейді. Ұйымның қызметі тек құқық бұзушылық фактілерін әшкерелеумен шектелмей, сыбайлас жемқорлыққа жол ашатын себептер мен жағдайларды терең талдауға, олардың алдын алуға бағытталған ұсыныстар әзірлеуге негізделген. Сонымен қатар мемлекеттік және өзге де ұйымдарда қызмет бабын теріс пайдалануға жол берген лауазымды тұлғалардың әрекетін анықтауға атсалысады. Бірлестік үшін қоғамның сыбайлас жемқорлыққа деген мүлдем төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта біз жұмысымызда жастарға ерекше көңіл бөлеміз. Бұл зұлымдыққа қарсы тұру мақсатын көздеп, бар жинақталған тәжірибемізді, білімімізді, азаматтық ұстанымымызды жұмсап, мен және менің әріптестерім «ЖАҢАРУ» қозғалысына біріктік.
Сұхбаттасқан Райхан Рахметова