Басты ақпаратМәселе

Жеміс-жидектердің 45 пайызын қоқысқа тастаймыз

Қазір әлемде 2,5 млрд адам азық-түлік жетіспеушілігінен зардап шегіп, ішер асқа зар болып отыр. БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғау бойынша бағдарламасынан алынған дерекке жүгінсек, күн сайын жұмыр жерде 1 млрд-тан астам порция азық-түлік қоқысқа жіберіледі. Ғалымдардың зерттеуінше, планетамыздың әрбір тұрғынына шамамен 132 келі азық-түлік қалдықтарынан келеді екен. Бұл – барлық азық-түліктің бестен бір бөлігі. Осындай қалдықтардың ең көп бөлігі адамның үй-жайынан шығарылады.

Ал біз болсақ күн сайын еттің 20 пайызын, тұқымның 30 пайызын, жеміс-жидектердің 45 пайызын қоқысқа тастаймыз. Осының ішінен жеміс-жидектерге қатысты мәселеге ғана тоқталайық. Мәселен, Астананың күл-қоқысының 50 пайызға жуығын азық-түлік қалдықтары құрайды. Бұл жердегі ең бірінші мәселе – тұрмыс қалдықтарының сұрыпталуы, қайта өңделуі және жойылуы. Норвегия секілді өркениетті мемлекеттерде мұндай қалдықтардың 98 пайызын қайта өңдеп, органикалық тыңайтқыш етіп шығарады. Ал біз болсақ қатты және жұмсақ қалдықтарды бөлмейміз. Соның ішінде тамақтың қалдықтарын бір бөлек жинау деген мәселе бар. Оған ешкім басын қатырмайды.

Бір ғана мысал. Астана қаласының әкімдігі жыл сайын заңсыз күл-қоқыс төгілген жерлерді жоюға 800 млн теңге жұмсайды екен. Күл-қоқысты ақша төлеп полигонға апармай, далаға шаша салатындарға жазаны қатайту керек. Астананың тағы бір тиімсіз тәжірибесі бар, ол – күл-қоқыстарды жерге көму. Өркениетті елдерде мұндай тәжірибе атымен жоқ. Ал кейі­нірек, сол күл төгілген жерлерге үй, нысан салатын кезде жерін тағы қазып, күл-қоқысты қайда жіберерімізді білмей әлектенеміз.

Өзіміз күнде көріп жүргендей, жеміс-жидектердің сапасы жақсы болса да, көп ұзамай қоқыс шелегіне тастаймыз. Осылайша, бірнеше тонна қоқыс жиналады. БҰҰ мамандарының айтуынша, осындай тамақ қалдықтарының жалпы көлемі күн сайын әлемдегі 1 млрд адамды азық-түлікпен қамтамасыз етуге жетер еді. Өйткені 783 млн адам қазір созылмалы аштықтан зардап шегіп отыр. Жеміс-жидектердің 14 пайызы бөлшек саудаға шығарылғанға дейін – өнімді жинау, сақтау, көлікпен жеткізу және қайта өңдеу кезеңінде жойылады. Соның нәтижесінде адамзат жыл сайын өзі өндіретін азық-түліктің төрттен үш бөлігін жоғалтады.

Неге біз азық-түлікті қоқысқа лақтырамыз? Мұның себебі көп. Біріншіден, фермадан қоймаға жеткізілгенге дейін жеміс-жидектер ауа райының қолайсызды­ғынан, өсімдіктердің ауруынан, тоңазытатын жабдықтардың болмауынан және көлік мәселесінің шешілмеуінен бүлініп, жарамсыз болады. Мысалы, осыдан 3 жыл бұрын Лувр тұрғындары сүйегі бар жемістердің 90 пайызын қоқысқа тастады. Оған себеп – ауа райының қолайсыздығы, үсік шалуы. Айтпақшы, өзге ел емес, «багеттің отаны» саналатын Франция 2022 жылы 9,4 млн тонна азық-түлік қалдықтарын жинап, рекорд жасады. Мынадай қызықты статистика бар: бір француз жылына шамамен 25 келі тамақ қалдығын қоқысқа тастайды, соның ішінде 7 келісі қораптағы тамақ екен. Багет наны мәдени символ болып есептелетін елде осы нан жеміс-жидектермен бірге күл-қоқысқа тастайтын өнімдердің қатарында тұрғаны өкінішті-ақ. Өйткені әр адам жаңа піскен нанды күнде сатып алып, екінші күні қоқысқа тас­тайды. Осындай келеңсіздіктің алдын алу үшін 2025 жылы 9 қыркүйекте Еуропарламент тамақ қалдықтарына қатысты директиваға өзгеріс енгізді. Құжатта 2030 жылға дейін Еуропа тұрғындарының жан басына шаққанда азық-түлік қалдықтарының көлемін 30 пайызға дейін қысқарту көзделген. Супермаркеттер мен мейрамханалар жеміс-жидектердің қалдығын қоқысқа тастамай, жарамды бөлігін қайырымдылықпен айналысатын ұйымдарға жөнелтеді. Әсіресе қоғамдық тамақтандыру орындарына қойылатын талап күшейді. Өйткені азық-түлік – тек тамақ емес, оның артында жер, су, еңбек және планетаның тазалығы тұрған қымбат ресурс. Міне, бізге қажетті тәжірибе – осы.

Бұл жердегі ең бастысы – мә­селені әр адамның санасымен сезінуі. Біз күн сайын жеп тауыспаған асымызды (соның көпшілігі – жеміс-жидектер) қоқысқа тастағанда, бір мемлекетпен салыстыруға пара-пар парник газдарын өндіру жүйесіне үлес қосамыз. Біз өзіміз жеп тауысатын мөлшерден артық жеміс-жидектер сатып алсақ, сол арқылы 1 млрд тонна тамақтың қоқысқа баруына жағдай жасаймыз. Алайда бірнеше миллиондаған адамның аштықтың азабын тартып отырғанын санамызбен түйсінбейміз.

Әр адам бұл ізгілікті іске үлес қосуы үшін қарапайым ғана ережелерді ұстанғаны жетіп жатыр. Мәселен, жеміс-жидектердің қалдығы көп жиналмасын десек, оны мөлшермен ғана сатып алайық. Жергілікті жердің өнімін таңдайық. Мысалы, алма, алмұрт, қара өрік сияқты жемістердің түр-түсі «әдемі» болмаса да, сатып алыңыз. Кейін оларды салат, пирог, әртүрлі гарнир дайындауға пайдаланасыз. Жеміс-жидектерді герметикалық контейнерге салып, мұздатқышқа қатырып қоюды әдетке айналдырыңыз. Оны кез келген уақытта шығарып, қа­лаған тамағыңызды дайындай аласыз. Азық-түлік қалдықтарын қоқысқа лақтыруға асықпаңыз. Соның ішінде жеміс-жидектерді, көкөністерді тұздап, банкаға жауып, қысқа сақтауға қолайлы екенін есте сақтаңыз. Бұл – жеміс қалдығынан құтылудың ең экологиялық таза, тиімді жолы. Мереке күндері азық-түліктің көп бөлігі қолданылмай қалады. Ондай кезде астың қалдығымен көршілермен, әлеуметтік ахуалы төмен адамдармен бөлісуге болады. Шетелдердегідей тамақ тасымалдайтын қосымшалар мен сервистердің көмегіне жүгініңіз. Әрқашан есте ұстайтын нәрсе: әр адам өз үйінде, өз елінде кез келген азық-түліктің ысырап болмай, обал-сауапқа үлес қоса алатынын ұмытпағаны абзал.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button