Жеке мектептер жайы қалай болады?

Елде қазіргі таңда жалпы білім беретін 7724 мектеп бар болса, соның ішінде жеке сектордағы мектептер саны 785-ке жеткен. 4 млн-ға жуық оқушының 250 мыңнан астамы сол жеке мектептерге барады. 2019 жылы әр оқушыға мемлекеттен бөлінетін субсидия бекітілгеннен кейін елдегі инвесторлардың мектеп ашуға деген қызығушылығы күрт өсіп, соңғы 8 жылда жекеменшік білім ордаларының саны 7 есе өскен. Алайда олардың көбеюі мектептегі орын тапшылығын толық жоюға да, білім сапасын арттыруға да айтарлықтай әсер етпеген. Басты мәселе – субсидия көлемін көбейту үшін кей оқу орындарының оқушылар мен мұғалімдер саны жөнінде жалған ақпарат беруі.
Осы істің шикі тұстарын назарға алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында «Turkistan» газетіне берген сұхбатында жекеменшік мектептерді қаржыландыру жүйесін реформалау қажеттігін айтты. Президент жекеменшік мектептерді, балабақшаларды, даму орталықтарын және медициналық клиникаларды жан басына шаққандағы қаржыландыру қағидатына назар аудартты.
«Ауқатты кәсіпкерлердің меншігіндегі және ата-аналары балалардың оқу ақысына көп ақша төлеп отырған элиталық мектептерге де бюджеттен қаржы бөлінеді. Бұл саланы мемлекеттен қаржыландыру жүйесінің өзін реформалау керек. Министрліктің бұрынғы басшылары енгізген бүгінгі бұрмаланған тәртіп бей-берекеттікке әкеп соқтырады, себебі қазірдің өзінде қаражат жетпей жатыр» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осыған байланысты жекеменшік ұйымдарда мемлекеттік тапсырысты орналастырудың қолданыстағы тетіктеріне жан-жақты талдау жүргізілді. Соның барысында бірқатар мәселелер анықталды. Премьер-министр Олжас Бектенов жекеменшік мектептер мен медициналық ұйымдарды субсидиялаудағы алаяқтыққа қарсы күрес жөніндегі шараларды пысықтау керектігін айтып, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктеріне жекеменшік мектептер мен жекеменшік медициналық ұйымдарды субсидиялау саясатын қайта қарауға қатысты нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.
«Артық қаржыландыруды тоқтату қажет. Адал бәсекелестікте жұмыс істей алмаса, бізге мұндай бизнестің қажеті бар ма? Бұл салада алаяқтық кеңінен таралып кеткені бәріне мәлім. Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктеріне бір апта ішінде аталған мәселелерді шешуге қатысты нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын» деп атап өтті Олжас Бектенов.
Мемлекет мекемелерде орын болмаған жағдайда, жекеменшік ұйымда оқуға жан басына шаққандағы қаржыландыруды қарастырады. Десе де бұл мүмкіндікті теріс пайдаланатын мекемелердің болуы өкінішті. Субсидия көлемін көбейту мақсатында оқушылар мен мұғалімдердің «жасанды легі» туындап, бұл білім сапасына, мемлекеттік шығындардың тиімді жұмсалуына теріс әсер еткен.
Премьер-министр жекеменшік білім беру ұйымдарына қатысты қымбат оқу ақысы мәселесін де атап өтті. Ол мемлекеттік бюджет «элиталық» мектептердің қызметін қаржыландыруға жұмсалмауы керектігін ерекше айтты. Мұндай мектептерде ата-аналардың төлемі оқу процесін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы мәселелерді шешу үшін жекеменшік мектептердің қаржыландыру процесі толық цифрландырылып, қызметтерге төлемдер келісімшарттан бастап ақша төлеуге дейін есепке алынған.
Жекеменшік мектептерге қаражат бөлу – еліміздегі оқу орындарының тапшылығын жоюға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Алайда жеке мектептердің көбеюінен аталған мәселе әлі жойылмай отыр. 2025 жылы бұл жетіспеушілік 251 мың орынға жеткен. Мұндай мектептердің көбеюі бюджетке айтарлықтай салмақ түсірген. Шығын 2020 жылы 13 миллиард теңге болса, 2025 жылы 242 миллиард теңгеге дейін өскен. Сонымен қатар соңғы 5 жылда мектептер салу бойынша инвестиция шығыны 111 миллиард теңгені құраған. Бұл қаражатқа шамамен 35 жаңа мектеп салуға болады. Осындай деректер келтірген вице-премьер, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жекеменшік мектептердің көбеюі білім сапасының төмендеуіне әкелгенін де жеткізді.
– Көптеген мекеме өңірдің нақты қажеттілігін ескермей, бей-берекет ашылды. Мәселен, мектептердің 80 пайызына жуығы жалға алынған ғимараттарда орналасқан, ал директорлық қызметке көбіне білігі төмен мамандар тағайындалады. Бұдан бөлек, мектеп ғимараттары бизнестің меншігінде қала береді және 20 жылдан кейін құрылтайшылар оның мақсатты пайдаланылуын өзгерте алады. Мұның бәрі жүйеге деген сенімді әлсіретіп, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын төмендетеді. Осыған байланысты жағдайды түзету бойынша жүйелі жұмыс басталды. Қаржыландырудың жаңа тетігі пилоттық режимде енгізілді, мектептер цифрландырылып, бюджеттеу жүйесімен сәйкестендірілді. Алайда бұл – ағымдағы оқу жылының соңына дейінгі уақытша шара, – дейді вице-премьер.
Оның айтуынша, балама нұсқалар ретінде бағдарламаны кезең-кезеңімен тоқтата тұру немесе қаржыландыру шарттарын қайта қарау қарастырылып отыр. Осылайша 2026 жылдан бастап еліміздегі жекеменшік мектептерді қазынадан қаржыландыру шектелетіні айтылуда. Қазіргідей барлық білім ордасы қолдауға ие болмайды. Мемлекет жылдық төлемі 2,5 млн теңгеден төмен мектептерді ғана қаржыландырады. Кәсіп иелері бұл шешімнің салдарынан жеке мектептер жаппай жабылып, орта білім сапасы нашарлайды деп алаңдаулы. Ал ата-аналар білім ақысы қымбаттап, балаларын мемлекеттік мектептерге беруге тура келеді деген пікірде. Осы ретте «Жекеменшік білім ұйымдары» республикалық қауымдастығының төрайымы Роза Садықованың айтуынша, жекеменшік білім беру ұйымдарына бөлінетін мемлекеттік қаржы қысқармайды. Адал жұмыс істеп, сапалы білім беріп отырған жекеменшік мектептерге қаржыландыру әрі қарай да жалғасады.
– Қазіргі таңда орта білім беру саласы толықтай цифрланып, барлық дерек e-Qazyna порталы арқылы жүргізілуде. Сондай-ақ цифрландыру кезеңінен өте алмаған кейбір ұйымдар бар. Алайда бұл қаржыландырудың тоқтағанын білдірмейді. Кейбірі өз құжатындағы заң бұзушылықтардан немесе талаптарға сәйкес келмегендіктен өте алмауы мүмкін. Құжаттарын реттеп, цифрландырудан өткен мектептердің қаржыландыруы жалғасады, – дейді ол.
Елордадағы мектептерде орын тапшылығын жоюға жекеменшік сектор тарапынан нақты үлес қосып отырған 6 «Binom» мектебі бар. Аталған мектептерде қазіргі таңда 24 мың оқушы білім алуда, бұл елордадағы мектептердегі орын тапшылығын азайтуға және білім беру сапасын арттыруға ықпал етуде.
Жақында ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова елімізде жеке мектептерге қойылатын талаптар өзгеретінін жеткізді. Бұдан былай елімізде жеке мектептер тек нақты қажеттілік туындап отырған өңірлерде ғана ашылады. Лицензия тек үшауысымды мектептерді, апатты жағдайда тұрған білім ордаларын алмастыру мақсатында мемлекеттік мектептер жетіспейтін өңірлерге ғана беріледі.
Райхан РАХМЕТОВА



