Жеке кәсіпкерлер үшін МӘМС: нені білу керек?

Жеке кәсіпкерлер үшін Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне жарналарды тұрақты түрде төлеп отыру маңызды. Бұл – сапалы медициналық көмекке қол жеткізуге мүмкіндік беретін сақтандыру статусын сақтау жолы. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2025 жылы жарналарды қалай дұрыс әрі ыңғайлы төлеуге болатынын түсіндірді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Қанша және қалай төлеу керек?
Жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын тұлғалар басқа да әлеуметтік төлемдермен қатар МӘМС жүйесіне бекітілген мөлшерде жарна төлейді, бұл – ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ы, яғни 2025 жылы – 5 950 теңге.
Егер кәсіпкердің жалдамалы жұмыскерлері болса, ол оларға қосымша жарна төлеуге міндетті:
• жұмыс беруші есебінен – қызметкер табысының 3%-ы (ең көбі – 25 500 теңге),
• қызметкердің өз табысынан – 2% (ең көбі – 17 000 теңге).
Егер кәсіпкер бір мезгілде жалдамалы қызметкер ретінде де жұмыс істесе, ол жарнаны екі тарап бойынша: жеке кәсіпкерлік (ЖК) ретінде және қызметкер ретінде де төлеуі тиіс.
Кейбір санаттар жарна төлеуден босатылады, мысалы:
• қызметі тоқтатылған ЖК;
• мүгедектігі бар азаматтар;
• зейнеткерлер;
• марапатталған көпбалалы аналар;
• күндізгі бөлімде оқитын студенттер.
Ал бала күтімі бойынша демалыста жүрген әйелдер, егер ЖК қызметі тоқтатылмаған болса, жарна төлеуі тиіс.
Неліктен уақытында төлеу маңызды?
Жарналарды ай сайын немесе бірнеше айға алдын ала төлеуге болады. Уақытылы төлемеу берешек пен өсімпұлдың жиналуына, сондай-ақ МӘМС жүйесіндегі мәртебеден айырылуға алып келеді.
«Жарналарды міндетті түрде төлеу – әр азаматтың сапалы медициналық көмекке қол жеткізуінің кепілі. Жеке кәсіпкерлер бұл талапты орындауы тиіс, себебі бұл оларға тегін емделуге құқық береді», – дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ресми өкілі Забира Оразалиева.
Жарна төлеуден бас тарту мүмкін емес, тіпті кәсіпкер жеке клиникада емделсе де. МӘМС жүйесі мемлекеттік те, жекеменшік мекемелер де көрсететін қызметтерді қамтиды. Егер ЖК қызметін тоқтатса, ол кәсіпкер ретінде жарна төлеуден босатылады, бірақ сақтандыру мәртебесін сақтау үшін жарналарды жеке өзі немесе жұмыс беруші арқылы төлей алады.
Жарналар мен аударымдарды банктер, мобильді қосымшалар немесе «Қазпошта» АҚ бөлімшелері арқылы 122 және 121 кодтары бойынша төлеуге болады. Ең бастысы ЖСН-ді, аты-жөнін және соманы дұрыс көрсету қажет.