Жеке деректерді қорғайтын жаңа құрылым жасақталуы мүмкін

ҚР Президентінің көмекшісі, Киберспорт федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев «Jibek Joly» телеарнасының «Уәде» бағдарламасына берген сұхбатында елдің киберқауіпсіздік жүйесін реформалау қажеттігін айтты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
— Мемлекет басшысы киберқауіпсіздік мәселесін өте дұрыс көтерді. Әрине, деректер қолды болған кездер тіркелді. Оны қоғам көп талқылады да. 15 млн қолданушының дерегін қолды қылу деген салмақты қатер. Сол үшін де құрылымды реформалау қажет. Біріншіден, ақпараттық қауіпсіздік саясатына жауапты орган болу керек. Мұны құқық қорғау блогындағы жеке құрылым жасауы керек шығар, — деді ол.
Қуанышбек Есекеев киберқауіпсіздік саласындағы идеология мен даму стратегиясын әзірлеу Үкіметтің, ал бақылау мен жауапкершілік құқық қорғау органдарының құзырында болуы керек деп есептейді.
— Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамында деректердің қолды болуына тосқауыл қоятын, тыйым салып, жауап алуға хақылы құрылым болу керек. Бұл мәселе цифрландыруға жауапты министрлікке берілсе, жауап алу құзыреті азаматты сипатта ғана болады. Деректердің қолды болуы азаматтарға, мемлекетке айтарлықтай зиян келтіреді. Сондықтан да Мемлекет басшысы бұл іспен құқық қорғау органы айналысу керектігін баса айтып жүр, — дейді Президенттің көмекшісі.
Бұған дейін әлем бойынша Apple, Facebook, Google, Telegram және кейбір мемлекеттік ақпарат жүйелерінде 16 миллиард дербес дерек қолды болғанын жазған едік.
				


