Басты ақпаратРуханият

Жазықсыз жапа шеккендер

Саяси қуғын-сүргін заманында жазықсыз жапа шеккендердің арасында жас адамдардың аз болмағанына әке-шешемнің 1937 жылы «Халық жауы» атанған туыстарын зерделей бастаған кезімде толық көзім жетті.

Әкеме нағашы болып келетін апасы Сағадат Құдабайқызы Қазақстан Жастар Одағының басшысы болған азамат – Қайсар Тәштитовке тұрмысқа шыққан. Бірақ, осы кісілердің келешегіне 1937 жыл аяусыз балта шапты.

Қайсар алғашқы лектегі адамдармен қатар ату жазасына кесілген. Алматыдағы «Социалистік Қазақстан» газетінде қызмет істеп жүрген жас келіншек Сағадатты НКВД ізін ала өзінің туған жері Ақмоладағы жаңадан ашылған «АЛЖИР» лагеріне әкеп бір-ақ қамапты. Қарап тұрсаң, әділетсіз қоғам жастардың үмітін үзіп, барынша қатал шешім шығарған. Апамыз Сағадат бар көрешекті көріпті. Ол 11 жыл бойы түрме ауласынан әрі аттап шықпаған. Сағадаттың өмірбаяны «Ақмола Феникс» АҚ бас директоры И.И.Шарф­тың арқасында маған толық мәлім. Апамыз ең ақырғы рет туған еліне 1989 жылы келді.

Ал шешем Құснидың ағасы Халықберген Жұмабаевтың «Халық жауы» атануына не себеп болғанын жақында ғана білдім.

– Халықберген оқыған, озық ойлы азамат еді, – деп шешем марқұм жыламсырап отыратын. – Ол тіпті сонау Мәскеуден барып оқыды, бірақ бағы жанбады.

Биыл Бас прокуратураның Құқықтық статистика мекемесінен нағашы ағам туралы ақпаратты әрең дегенде сұратып алдым. Басында жазған өтініштеріме ондағылар сенің тегің ол кісінің аты-жөнімен сәйкес келмейді деген жалтарма жауап қайтарудан жалықпады.

– Мен жиенімін, сондықтан тегім ұқсамайды, – деймін қазақшалап.

Олар: «Ендеше шешеңнің құжатын әкел» деп әуреге салды. Көп тәжікелестік. Әйтеуір, менің дәлелем асып, оған да қол жеткіздік.

Халықберген 1904 жылы Ақмола өңіріне қарасты Кеңес ауылында дүниеге келген. Мәскеудің сол кездегі И.Сталин атындағы Тау-кен институтын бітірген еті тірі қазақ жігіті. Жезқазғанның тау-кен инженері, геолог қызметін атқарған.

1937 жылы «кінәға тартылыпты». Таққан айыптары: «Ұлтшыл топтың мүшесі, контрреволюциялық әрекеттерге үйір». Сондықтан, НКВД-ның ерекше кеңесі шешімімен 5 жылға сотталған. Әуелде жазасын өтеген лагері – қиырдағы Магадан жері. Бұдан кейін 1947 жылдың тамыз айында: «Совет өкіметіне қарсы ұлтшылдық көзқарасты ұстанды, геологтар ішінде білімді жергілікті кадрлар жоқтың қасы деді» деген жалған айыппен қайтадан жазықты болады. Халықберген ағаның айыбын Мәскеуде отырған Жоғарғы Соттағылар күшейтіп, өтеу мерзімін тіпті ұзартқан. Жазушы Қалихан Ысқақовтың кітабынан үзінді: «Халық жауы» боп айдалып кеткен ошарлы жандардан он сегіз жыл жүріп оралған жалғыз Халықберген.

Ол ұзын бойлы, қапсағай, бұйра шашты, кісіге күдікпен қадалып қарайтын түсі суық кісі болатын.

Тұсаулы атша аяғын кібіртіктеп басып, еңкеңдеп жүретін. Сөйтсем, лагерьде де он сегіз жыл тыныш жатқызбапты. Лагерьге де маман керек екен.

«Аяғыма кісен салып, Жезқазғанның қу даласына қоя беретін. Құрал-сайман көтеретін екі жұмысшыдан басқа конвой да жоқ, күндік қорегіміз – бір үзім нан мен қара су. Өстіп жүріп кен іздедім. Қазақ зиялысының біразын көрдім. Солардың ішіндегі әрі шыдамдысы, әрі кісілігі бар жақсы адам Есмағамбет Ысмаилов еді. Бүркіт Ысқақов­ты бит тесіп, кірпігі ғана қимылдап жатқан жерінен тауып алдым. Бір мезгілдік нанымды сабынға айырбастап, жуып-шайып тірілтіп алдым да, артынан үнемі қадағалап отырдым.

Лагерьде адам аштықтан өлмейді, аурудан өледі. Ауыр­мас үшін алдымен бойыңды таза ұста, өлемін-ау деп сары уайымға салынба, өзіңді біреу­ге басындырма, басылсаң болды, тепкі мен таяқтан көз ашпайсың. Мүмкін менің тірі қалғаным – аяқтағы кісен мен қолымдағы қайла, Жезқазғанның кең жазирасы шығар…». 18 жыл айдауда болғанда маған бар айтқан әңгімесі осы ғана. Ешкімнен қымсынбайтын, ешнәрседен қорықпайтын, өзекті жанға бір өлім деп киіп-жарып жүре беретін, бар-жоққа мән бермейтін, жылы-жұмсаққа құмарлығы жоқ спартандық ғұмыр кешкен кісі болатын. Қысы-жазы жалаңбас, жеңіл киіммен жүретін, мотоциклден басқа көлікке мінген емес.

Лагерьден босаған соң ­Қаныш Сәтпаев көп көмек көрсетті. Үш бөлмелі пәтер әперді. Сен енді қамалып қалада отырма деп Сәтпаев «Шатыр­көлдегі» кен барлау партия­сына басшы етіп жібергізіпті.

Шешем Құсни ағасын үлгі тұтып, жамандық атаулыны жуытпайтын.

– Заманы солай болды ғой, қайтейін, – деп қамығып еске алатын.

Қаныш Сәтпаев Халықбергеннің бағасын, қадірін көтерген адам деуші еді. Біз оны түсінбей, жай сөзге балайтынбыз. Сөйтсек, бәрі рас екен. Иманды болсын. Бүгін тірілердің санатында бұл кісілердің ешқайсысы да жоқ.

Мен жалықпай іздендім. Нәтижесі осы.

Көзі ашық, білімді жандар көп болды. Бірақ, бұлардың үміттерін әзәзіл «кісі көрсетімпаз» қызғаншақтар мен қызыл қоғамның нағыз ұлтшыл төңкерісшілдері кескен екен.

Нағашымның өзі аты затына сай адам бопты. Ол халық баласы – Халықберген! Қайсар мінезді азамат елдің сөзін сөйлеймін деп өмірінде жазықсыз бола тұра жапа шекті. Ол әділетсіз заманның құрбаны болды. Тек қана, Сталин өлгеннен кейін толықтай ақталды.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі, Астана

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button