Жазушы келе жатыр…

Телефоным шыр ете қалды. «Қайрат-директор» деген жазу жарқырап тұр.
– Әлі-аға, өткенде «Семсер жүзіндегі серт» трилогиясының авторы Әділбек Ыбырайымұлын бір көрсем» деп едіңіз. Тілегіңіз орындалды. Бір аптадан кейін қалаға оқырмандармен арнайы кездесейін деп, жазушы келе жатыр. Уақытыңыз болса, кездесуге келіп кетіңіз. Күнін, уақытын хабарлаймын, – деді Абай облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Қайрат Сабырбай. «О-о-й-й, бауырым, қалай бармаймын? Аяғыма тұсау, қолыма кісен салып қойса барамын ғой» дедім ішімнен.
«Жазушы келе жатыр» деген үш сөз бала күнімнен маған керемет әсер ететін. Тіпті, тұла бойымды билеп алып, өзімнен-өзім толқып, тебіреніп жүретінмін. Менің балалық шағым сор топырағы бетіне шығып, жағалауында «Қызыл кітапқа» енген тораңғылар сап түзеп өсіп тұрған, суы жып-жылы Сыр бойында өтті. Облыс орталығынан (Шымкент) 200 шақырым жерде. Онша алыс болмағанымен, келіп-кету – қиынның қияметі. Анда-санда ауылға ақын, жазушылар ат басын бұратын. Баламын ғой. Жазушы деген аспаннан түсетін періште, әулие сияқты болып тұратын. Жерде тырбыңдап жүрген біздерге ұқсамайтын, басқа әлемнің елшісі болатындай еді. Сол баласезім менің бойымда әлі бар. Қайрат бауырымның «Жазушы келе жатыр» деген үш ауыз сөзінің маған ерекше әсер етуінің сыры осында еді.
Кездесу болды. Көрдім. Жолықтым. Трилогия туралы талқылауға қатыстым. Иә, қателеспеппін. Жазушы бізге ұқсамайды. Түр-түсін айтпаймын. Ойлау жүйесі, сөз саптауы, ой қорытуы, адамға қарауы, сенің сөзіңе құлақ салуы, бәрі өзгеше, бәрі басқалай. Елітіп жібереді, ерітіп тастайды да ертіп кетеді. Сиқыр ма? Сиқыр.
«Семсер жүзіндегі серте» 10 жыл өмірін сарп етіпті. Отырмаған, Жатпаған. Ізденген. Шаршамаған. Талмаған. Мұрағаттарда еркін жүзген. Жүзіп жүріп, керегін сүзіп алған. Сансыз дерек тапқан. Олар өзінен-өзі кітапқа айналмайды ғой. Тарихи шындық бар. Көркем шындық бар. Осыларды «қиыннан қиыстыру» керек қой. Жазушы Әділбек Ыбырайымұлы тігісін білдірмей үйлестіріп, ғажап тарихи туындыға айналдырған.
Менің төменде айтпағымды жасы 60-70-тегілер жақсы түсінер. Біз мектепте Е.Пугачевті, С.Разинді, И.Болотниковты оқыдық. Оқытты. Институтқа түстік (менің мамандығым тарих пәнінің мұғалімі). Сол үшеуі алдымнан тағы шықты. Тағы оқыдық. Кенесарыны оқытқан жоқ. Институтта Кенесарыны «анаған қарсы шықты, мынаны қолдамады» деп жеңіл-желпі, сырғытып өтетін. Ұлт-азаттық қозғалыс дегенді әзер-әзер айтатынбыз.
Мына қызықты қараңыз, мен оқыған мектеп Амангелді Иманов атында еді. Біз Амангелдінің өмірбаянын да, ол басқарған көтерілісті де шала-шарпы оқыдық. Сол олқылықтың барлығының «Семсер жүзіндегі серт» күлін көкке ұшырды. Мен конспект жазып отырып оқыдым. Әрине, осы қысқа ғана жазбамда трилогияның барлық қырына тоқтауды мақсат еткен жоқпын. Ол мүмкін емес те. Жазушы Әділбек Ыбырайымұлының әдебиет майданындағы ерлігін айтпасқа болмас. Трилогия дер кезінде дүниеге келген. Заман болса мынау. Аумалы-төкпелі аласапыран. Үйде тыныш отырғаның, дүкенге аман-есен барып келгенің, той-томалақта көңіл көтергенің жақсы. Алайда қоғамдағы, мемлекеттегі, әлемдегі түрлі құбылыстарға олар өлшем бола алмайды. Трилогияның тақырыбы – ұлт-азаттық қозғалысы. Соның басты қаһарманы – Кенесарының тұлғасы туралы. Кенесары хан – мемлекет құруға ұмтылған ірі қайраткер. Тәуелсіздік, егемендік алғанымыз – тарихи маңызды жетістіктер. Алайда қазақ мемлекетін құру процесі жалғасуда. Ол қашанғы жалғаса береді? Мемлекет құру – ұзақ процесс. Ол үшін күресу керек, күресу керек. Барлық тәсілді, амалды іске қосқанда ғана мақсатымызға жетеміз. Демек, біздің сенеріміз де, қорғанымыз да – күрес.
Міне, трилогия осы туралы. Күрес дегеннен шығады. Осыдан бір апта бұрын қолыма жазушы Әділбек Ыбырайымұлының «Ақкекіл» атты кітабы түсті («Сөздік-Словарь» баспасы. Алматы. 2001 ж). Кітаптың бірінші бөлімі «Сырт айналған дүние» атты хикаятпен басталады. Хикаятта сөз болған оқиға өмірде орын алған, кейіпкерлерінің біразының көзі тірі. Бас кейіпкер, милиция қызметкері Тұрпан Жамкенов – (өмірдегі есімі басқа, былтыр ғана дүниеден өтті, жарықтық) әділдік үшін күрестің символы болған асыл азамат. Күрес болғанда да сынбай және тынбай күрескен азамат. Темір торда 8 жылдай жапа шегіп, босап шыққан соң, әділдік іздеп, талай жерге шағымданып, кінәсіз екенін заң жүзінде дәлелдеп шыққан. Қызмет орнына қайта оралып, зейнеткерлікке шыққанша жемісті еңбек етті. Мен ол ағамен жақсы таныспын. Таңқалатыным: бұрынғы лауазымы қалпына келіп, бөлім бастығы болып тағайындалғаннан соң, кезекті демалыстан шыққан адамдай, ешнәрсеге мән бермей, қызметін үлкен жауапкершілікпен жалғастырып кетті.
Екінші бір қайран қалғаным, бұл хикаят «Дәлелсіз шығарылған үкім» деген атпен әуелде құқықтық-сараптамалық мақала ретінде жазылып, жастар басылымы «Лениншіл жаста» 1991 жылғы 11 шілдедегі нөмірінде жарық көреді. Материал Қазақ КСР Жоғарғы сотының назарына ұсынылған. Онда Семей облыстық социалистiк меншiктi талан-таражға салушыларға қарсы күрес бөлiмi бастығы майор Т.Мәнкеновтің тағдырына араша түседі. Нәтижесінде сегіз жылға сотталып шыққан кейіпкерін ақтап қана қоймай, тәркiленген дүние-мүлкiн қайтаруға, бұрынғы лауазымын қалпына келтiрiп, шұғыл түрде шенiн өсiруге, осы жылдардағы мәжбүрлікпен жұмысқа шықпай қалуы себебінен жалақысын өсiмiмен төлеуге соттың қаулысы қабылданады. Мұндай жағдайға Кеңестер одағы тарихында екі-ақ адамның қолы жеткен, соның бірі Т.Мәнкенов болатын. Ал осы құқықтық-сараптамалық мақаланың авторы 27 жастағы журналист Әділбек Ыбырайымұлы екенін білдік. Кейін оны хикаятқа айналдырған.
Осы хикаятқа қайта оралайыншы. Жазушы хикаяттың бас кейіпкерінің Абай әулетімен де байланысы барын ұтымды келтіре кеткен. «Бұл алдамшы қысқа дүниеде азық ала жүрген дұрыс. Негізінде азықтың жақсысы тақуалық» деп Абай сөзін шолақ қайырды дейді автор.
Тағы бір деталь. Жазушы Ә.Ыбырайымұлы көріпкел емес, алайда көреген-ау деп қалдым. Жоғарыда көрсетілгендей «Ақкекіл» 2001 жылы жарыққа шықты. 21-ғасырдың 20-жылдарында ата-баба дәстүріне түрлі шабуылдар жасалып, ұлттық құндылықтарға нұқсан келтіретін күштердің пайда болатынын болжай білген. Болжап қана қоймай, оның ең ұрымтал жерін де дөп басқан. Жау сырттан келмей іштен шығатынын да анық басқан. Хикаятта ата-енемен келін арасындағы жарасымдық, жұбайлардың тонның ішкі бауындай сыйластығы ғажап суреттелген. Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен жауыз, жарымес, долы етегіұзындар есіріп, қазақтың қаймағы бұзылмай келе жатқан үлкенді сыйлау, келіннің инабаттылығы және сәлем салу дәстүрлеріне күйе жағуға дейін барды емес пе? Әлі жалғасып келеді.
Театр режиссерларының жақсы көретін «конфликт» деген сөзі бар. Олар кез келген шығармадан конфликт іздеп әбігер болып жатады. Ал жазушы Әділбек Ыбырайымұлының туындыларында тұнып тұрған күрес. Адамгершілік үшін, жақсылық үшін, тәрбие үшін, адалдық үшін, әділдік үшін, құндылықтар үшін, қазақ үшін, мемлекет үшін күрес. Күрес-өмір. Күрес жоқ жерде өмір жоқ. Міне, жазушы Әділбек Ыбырайымұлының кредосы.
Әлихан ОМАРБЕКОВ,
тарихшы, отставкадағы полковник, «ҚР Ішкі істер министрлігінің
құрметті ардагері»