Басты ақпаратМәселе

Жазда қайда шомыламыз?

Жаз маусымы басталғалы елдің көбі демалысқа шығып, суға шомылғысы келеді. Қалтасы қалыңдар теңіз, мұхит асса, өз елімізді таңдағандар Алакөл, Балқаш және Бурабайға қарай ағылады. Жалпы елордалықтар қайда демалғысы келеді? Түркия, БАӘ, Таиланд, Мысыр сияқты елдерге сұраныс неге көбейді? Бұл туралы мамандардың өзінен сұрағанды жөн көрдік.

Азия елдеріне қызығушылық артқан

Еліміздің кей өңірлерінде жаз тым ыстық болғандықтан, қазақстандықтардың көбі шетелде – теңіз жағалауында демалуды үрдіске айналдырған.

«Былтыр ел тұрғындарының басым бөлігі Түркияны таңдады. Атап айтқанда, демалушыларды қабылдауда Анталья, Бодрум қалалары көш бастап тұр. Одан кейінгі орында – Дубай мен Абу-Даби қалалары. Өйткені табысы орта және жоғары дәрежедегі адамдардың да Біріккен Араб Әмірліктеріне деген сұранысы жоғары. Үшінші орында Египетті айтуға болады. Қазақстандықтар Хургада, Шарм-әш-Шейх жағажайларында жыл бойы демалады десек артық айтқанымыз емес. Биыл да барушылардың қатары өте көп. Өйткені қолжетімді бағыттарды кез келген туристік агенттіктер ұсына алады. Ал биыл Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне сұраныс өскенін байқадық. Оған Вьетнам, Таиландқа ұшатын тікелей рейс­тердің ашылуы әсер етті. Виза талаптары жеңіл болғандықтан, Грузияға барып демалатындар да бар. Әрине, табысы бар адамдар үшін Мальдив аралдары мен Греция, Қатар алдыңғы орында тұрады» дейді туризм саласының маманы Гүлбану Еділова.

Оның айтуынша, Түркияда демалу Дубайға қарағанда арзан. Тікелей билеттер, all-inclusive ұсыныстар және бюджеттік демалыс ұсыну арқылы әзірге алдыңғы орында тұр екен.

Елорда тұрғыны Исатай Бердалыұлы осыдан бес ай бұрын досымен бірге Мысырда демалғанын айтты. Небәрі 220 мың теңгеге бір апта бойы Қызыл теңізде шомылған.

«Kompas тур арқылы төрт жұлдызды қонақүйді таңдадық. Бару-қайту билетіміз, үш мезгіл тамақ – бәрі соның ішінде болды. Оған қоса, туристке қажет медициналық сақтандыру бар. Бізге бағасының қолжетімділігі ұнады. Биыл да отбасымызбен шетелде демалуды жоспарлап отырмыз. Өйткені Астана іргесіндегі Бурабай, Зерендіге бұған дейін барғанбыз. Қызмет көрсету сапасы әлі де жетілсе деп ойлаймын. Оның үстіне жазғы маусымда бағаның өсетіні – заңдылық» дейді ол.

Алакөлге жету жеңілдеді

Биыл Алакөлге қарай Астана, Алматы, Павлодар, Қызылорда, Семей, Өскемен, Ақтоғайдан 13 пойыз қосылғаны белгілі. Оның ішінде «Тальго» жүрдек пойыздары бар. Ұшаққа келетін болсақ, Үржар қаласына дейін SCAT әуекомпаниясының рейс­тері аптасына 6 рет ұшады. Осылайша, ең алдымен, Алакөлге жетудің жолы жеңілдеді.

«Ұлым екеуміз дәл қазір Ала­көлде (Қабанбай) демалып жатырмыз. Бірақ саябақ жақтағы жағажайда дәретхана жоқ. Біреу бар, есігінде құлып тұр. Сол маң­дағы саудагерлерден сұрасам, «Дәретхана орнатты, бірақ жабық тұрады» дейді. Ел қайда барады десем: «жақын маңдағы қонақүйлер мен шидің арасына» дейді. Сонда мына дәретхананы не үшін орнатты, кімге сақтап отыр? Неге демалуға келген адам сабылып дәретхана іздеп жүруі керек? Айтпақшы, Алакөлдің бас жоспарын Түркия мен Мысыр стандартымен әзірлейін деп жатыр екен. Дәретханаларын да сол елдердегі стандарттармен орнатса екен» дейді Айнұр Санабекқызы.

Шынында, еліміздегі курортты аймақтардың әдемілігін, суының тазалығын айтуын айтып-ақ ке­леміз. Бірақ қызмет сапасына келгенде әлі күнге дейін кемшін тұсы жетерлік.

Алакөлде демалудың бағасына келсек, қарапайым пансионаттарда бөлме бағасы тәулігіне шамамен 8000-18000 теңге аралығын құрайды. Оған үш мезгіл тамағы кіреді. Комфорт деңгейі жоғары базаларда – тәу­лігіне 52000 теңге. Ал екі адамға арналған қымбат пансионаттар 60000 теңгеге дейін барады.

Күн тәртібінен түскен емес

Елімізде шомылу маусымы шілдеден қыркүйекке дейін созылады. Осы мерзімде демалыс орындары барынша турис­терді тартуға, жайлы демалыс ұйымдас­тыруға әрекет ететіні белгілі. Елімізде отандық туризмді дамытуда кешенді жос­парлар қолға алынғаны белгілі. Мәселен, бір ғана Бурабайда 2025-2029 жылдар аралығында 118 жобаны жүзеге асыруға 137 млрд теңге қарастырылған. Биыл маусымнан бастап Астана-Бурабай бағытында электр пойызы аптасына 5 рет жүреді. Инфрақұрылым мен қауіпсіздік, қызмет сапасы жөнінде барынша халықаралық деңгейге айналып келеді. Бурабаймен салыстыр­ғанда Қапшағай су қоймасының дамуы баяу. Дегенмен оның да өз демалушысы жетеді. Қазақстандықтар жиі демалатын су жағалауы отбасы демалысы орны ретінде қалыптасқан. Оның үстіне жағажайдағы қызмет сапасы жыл сайын жақсарып келеді.

«Комфорт пен экзотика іздегендерге дәл қазіргі уақытта Бурабайға саяхат ең тиімді. Аз қаржымен демалыс іздесеңіз, онда Қапшағайды ұсынамын. Астанадан пойызбен, Алматыдан автобус арқылы баруға болады. Жалпы жазғы шомылу маусымында қалың көпшіліктің таңдауы ел арасында Алакөл, Бурабай және Қапшағай болса, шетелден Түркия, Дубай, Египет үштікті бермейді» дейді елордадағы туристік компанияның операторы Гүлмира Қадырғалиева.

Туризмге тұсау салған не?

Бұл мәселе басылым бетінде бұған дейін де бірнеше мәрте көтерілді. Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді дамыту жөніндегі кеңесте туризм саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру қажет екенін айтқан.

«Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауы бойынша еліміз туризм саласындағы іскерлік ортаны дамыту деңгейі тұрғысынан 119 елдің ішінде 70-орында тұр. Бұл мақтанатын көрсеткіш емес. Демек, бұл салада бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалмаған. Сол себепті туристер нөпірі артқанына қарамастан, курорттық аймақтардағы орын саны өспек тұрмақ, керісінше, азайып барады. Алакөл демалыс аймағының Жетісу облысы жағы мен Алматы тау кластері көш соңында келеді. Алакөлдегі қонақүйлер, отельдер мен туристік базалардың саны 24-ке, ал Алматыда 16-ға қысқарған. Соның салдарынан бюджет тұрақты салық түсімінен, ал өңірлер жұмыс орындарынан қағылып отыр» деген еді. Яғни елдегі туризмнің баяу дамып жатқанын осылай сынға алды.

Елорданың жайы қалай?

Ішкі туризмді дамыту мақсатында елорданың туроператорлары ұйымдастыратын 79 түрлі туристік маршрут іске қосылған. Маршруттарға Ақмола облысына (Бурабай курорты, Зеренді, Бұйратау ұлттық паркі, Сілеті каньоны, Родина ауылы және т. б.), Қарағанды облысына (Қарқаралы, Қорғалжын қорығы, Балқаш), Павлодар облысына (Баянауыл), сондай-ақ тарихи турлар («АЛЖИР» лагері, «КарЛаг» лагері, Мәшһүр Жүсіп Көпеев кесенесі, Қабанбай батыр кесенесі) және атқа міну турлары кіреді. Туристік бағыттардың орындарына туристер туроператордан (автобус) ұйымдастырылған трансфер арқылы немесе өз бетімен (автокөлік, пойыз) жете алады. Дегенмен ішкі ту­ризмнің дамымай жатқанының бір себебі – келушілердің көңілінен шыға алмау. Өйткені тұрғындар демалыс орындарындағы тамақ пен жатын орындардың қымбаттығына шағымданса, енді бірі берген ақшамызға сай қызмет көрсетпеді деп реніш білдіріп жатады. Мұның бәрі, шын мәнінде, туристік нысандардың дұрыс ұйымдастырылмауынан деуге әбден болады.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button