Жаз жайлауы жоқ қала

Жердің жайын бір білген кісі болса, ол жазда жайлауда, күзде күзеуде, қыста қыстауда, көктемде көктеулікке көшіп отырған ата-бабаларымыз болар. Кезінде мал-жанның жағдайын жайлады десек те, бұл адам баласына ортақ қажеттілік сияқты. Яғни барша адамзаттың жерге, табиғатқа деген құштарлығының көрінісі болса керек. Әсіресе қысы мен жазы бірдей, төрт қабырғаның ішінде өтетін қалалықтар үшін де маңызды.
Ьұрындары қаланың шуынан қашып, табиғаттың аясына асығатындар көктемнен қара күзге дейін күрек-кетпенін сайлап, қаланың шетіндегі алты сотық саяжайына асығатын. Сонда жазғы демалыстарын өткізіп, азғантай өнімін жинап алып, өз қолымен өсірген өнімінің тәттілігін ұнататын. Бұл отбасы бюджетіне едәуір көмек болатын әрі шаһарда көкөніс бағасының шарықтамауына кепіл еді. Қазіргі күнде де саяжайдың өз қолымен өсірген өнімі десе елең ете қаламыз, бағасы қымбат болса да соны қалап тұрамыз. Себебі аз болған соң, жерді тырмалап көкөніс өсіретіндердің сиреп бара жатқандығынан да болар.
Кеңес заманында алты сотықтың әрбір қалалықтарға қолжетімді болуы қарастырылған еді. Арнайы жер телімін бау-бақшалыққа бөліп, су жіберіп, қаладан қатынайтын автобус бағдарын қосып, халықтың қатынауын жеңілдететін. Қазір қарап отырсақ, бұрынғы саяжайы адамның екінші үйі сияқты, қыста адам тұрмайтын, ортақ қарауылға сеніп, қыста алаңдамайтын. Бұл да бір қазіргі шетелдік виллалар, фазенда, қала сыртындағы үйдің бір түріндей көрінеді. Әрине, оларға қарағанда көлемі мен сән-салтанаты кемшіндеу, қалқиған баспанасы бар, бірақ жеке өзінің алты соттығы. Адамның әсіресе қала тұрғынының жерге деген аңсары болса осы саяжай орнын толтыратын. Үйге сыймай отырған балаларына да жер қопартып, картоп салдыратын. Қарап отырсақ, кенттену жағдайында адамның торығуы мен күйзелістерін еңсерудің, алыс ауылына жете алмағанның аядай жердегі құт мекені екен.
Алты сотық ауылдан кіндігін ажыратқысы келмейтін қалалықтардың тірлік-тіршілігінің бір сипаты – жерге деген көзқарастың, еңбекке баулудың оң тәсілі. Осы үшін де саяжай мәселесін қала әкімшілігінің алдына тартуға болады.
«Алты сотық» бұл өңірде болған, бұрынғы Ақмоланың қазіргі елорданың саяжайларының үстіне қала түсті. Қала шекарасы кеңіп, ауылдар қалаға қосылды. Қала шегінде әлі де саяжайлар қалды, оны «дача» деп атап, қаладағы қат болып тұрған баспанаға айналдырып, жылу жүргізіп, пәтерге беріп, иесіне пайдасын түсіріп тұр. Осылайша алты сотықтың түпкі мағынасы өзгерді. Ендігі жерде көлігі барлар, бала-шағасын алып өзен-суды жағалап табиғаттың аясында демалса, жаяулары алысқа ұзамай-ақ Ботаникалық бақты жайлайтын болды.
Енді төрт қабырғаға қамалған қала тұрғыны не істеуі керек? Қала сыртында саяжайға лайық жер телімі қалды ма? Ол жерде тұрғын үйге айналдырмай ешқандай құрылыс салмай әрі кетсе құрал-сайман қоятын күрке жасап, саяжайға айналдыра аламыз ба? Мәселе – қап-қап картошка немесе гектарлап пияз егуде емес, гүл егіп, жанға жайлы демалыс орнына айналдырып, арасында маңдайымыз терлеп, балаларымыз бен немерелерімізге еңбек етудің жолын көрсетсе несі жаман?!
Естеріңізде болар, осыдан бес жыл бұрын індет кезінде қалалықтар қай тесікке барып тығыларын білмей қиналып еді ғой, сол кезде саяжайы барлардың жағдайы басқаға қарағанда жақсы болды.
Саяжайлар ара қашықтығына қарай әртүрлі болып келеді. Қала маңындағылары ең жақыны болып есептеледі, қаладан 250-300 шақырым жердегі жер телімі де демалыс күндері барып-келуге оңай. Алайда одан әрі асып кетсе, екі күндік демалыста жету қиынға түседі. Ал ондай жеке иелікке өтпеген аумақтар қала маңында қалды ма? Бұл – мәселенің екінші жағы.
«Дача» сөзінің өзі немістің «datscne» деген сөзінен шыққан екен. XIX ғасырда Шребер деген неміс дәрігері салауатты өмір салтын қолдап, таза ауада еңбек етудің маңыздылығын өз үлгісімен дәлелдепті.
Бүгінде «шреберлер» тәжірибесі Германияда жалғасып келеді. Бұл алдымен демалыс орны ретінде қарастырылады. Бірақ адам басына үш сотықтан артық жер берілмейді. Оны бау-бақшалық қауымдастыққа кіріп, ақшасына сатып та немесе жалға алуға да болады.
Бірақ бәріне бірдей қойылатын басты талаптар бар. Бар-жоғы аумағы 24 шаршы метрге дейінгі сарайды немесе шағын үйді қоспағанда, учаскелерде күрделі ғимараттар салуға тыйым салынады. Көптеген учаскелерде кез келген тыңайтқыштарды – органикалық та, минералды да қолдануға болмайды. Химиялық тыңайтқыштарды мүлдем қолдануға болмайды. Тыйым салынады, бәрі өсіп келе жатқанда өнсін. Көбінесе қауымдастық қандай өсімдіктерді және тіпті сорттарды отырғызуға болатындығын шешеді. Көкөністер, жемістер мен көгалдар учаскенің дәл 1/3 бөлігін алуы керек, биіктігі 2,5 метрден жоғары ағаштар мүлдем болмауы керек.
Ағылшын саяжайларының көлемі де – 3 сотық. Жер учаскелерінің арасында қоршаулар жоқ. Көбінесе бұл саяжайлар мен көкөніс егетін жер телімдерін муниципалитеттерден жылына 50 фунтқа жалға алынады. 60 жастан асқандар жарты ақысын төлейді. Бұл күнде Ұлыбританияда 300 мың дача учаскелері бар екен.
Дәстүрлі финдік саяжай Мокки деп аталады. Әдетте қызыл түске боялған бұл үйлер ормандағы оңаша жерде немесе су жағасында орналасқан. Күн батареяларын орнатпасаңыз, су да, жылу да, жарық та жоқ. Бүкіл елде жарты миллионнан астам осындай релаксация және қоғамнан оқшаулану аймақтары бөлінген. Финляндияның әрбір он тұрғынына – бір мекки. Ол үшін көкөніс бақшасы немесе тұздалған қияр үшін жертөле қажет емес. Бұл – табиғатпен демалуға және араласуға арналған орын. Француздар да өз саяжайларында демалуды жақсы көреді. Қолы жетпегендер жаздыкүндері жер телімдерін жалға алады немесе достарына барады. Бірақ бұл жерді қазып, жеміс егуді қарастырмайды, тек ашық ауада белсенді демалуға арналған.
2-3 сотықта орналасқан «Гартенхаус» деп аталатын бау-бақша үйін Австриядан да табуға болады. Алайда ондағы ғимарат 15 шаршы метрден аспауы керек. Елдің кейбір аймақтарында қабылданған заңдарға байланысты бұл сәл артық немесе аз болуы мүмкін. Олар сондай-ақ төбенің биіктігін, канализацияның, су құбырының және электр қуатының болуын арнайы тәртіппен белгілеген.
Бұл елдің тұрғындарының арасында ашық ауада демалу сәнге айналған, қолы жеткендер Альпі тауларында «шале» сатып алуына болады. Дегенмен дачаға арналған дайын мобильді үйшіктер де қолжетімді.
Мұндай мүмкіндіктерді, табиғат аясында қалағанынша демалудың әлемдік тәжірибесі неге астаналықтарды қызықтырмай отыр. Әлде елордалықтарға астанамыздың жаз жайлауы жоқ қала болғаны маңызды ма?! Кешегі кеңес заманында қала іргесіндегі алты сотық жерден алынған өнім – азық-түлік қауіпсіздігінің бір кепілі еді. Осы жағын да естен шығармау керек.
Айгүл УАЙС