Жаз қызығы – жақсы демалыс

Балалардың денсаулығын нығайтып, ой-өрісін кеңейтуде жас мезгілінің орны ерекше. Мұндайда балабақшадағы жазғы сауықтыру кезеңі – тәрбие мен білім берудің бірегей жолы.
Бұл уақытта балаларға таза ауада көбірек болу, қозғалыс белсенділігін арттыру және денсаулықты нығайту бағытында әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Балабақшадағы жазғы сауықтыру жұмыстары арнайы жоспар негізінде жүргізіледі. Жоспарға сәйкес әр күн табиғатқа серуен, қимыл-қозғалыс ойындары, су және құммен ойнау, ұлттық ойындар, дене шынықтыру жаттығулары, шығармашылық сабақтар және мерекелік іс-шаралармен толықтырылады. Осының барлығын назарға алған тәрбиешілердің басты мақсаты – балалардың жазғы демалысын қызықты әрі пайдалы өткізу.
Сауықтыру кезеңінде күн тәртібіне ерекше көңіл бөлінеді. Балалар күнделікті таза ауада демалып, дәруменге бай тағамдарды ішеді. Сонымен қатар, балалардың терісінің күн сәулесімен әсер алуына да назар аударылады. Мұның бәрі балалардың иммунитетін арттырып, ағзасын шынықтыруға көмектеседі.
Жаз мезгілінде ата-аналармен де тығыз байланыс орнатылады. Олармен балалардың дұрыс тамақтануы, жеке бас гигиенасы, қауіпсіздігі және демалысты дұрыс ұйымдастыру жолдары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Қорытындылай келе, жазғы сауықтыру жұмыстары – балабақша өмірінің маңызды бөлігі. Бұл кезеңде балалар денсаулығын нығайтып қана қоймай, жан-жақты дамиды, достарымен етене араласады, қоршаған ортамен таныса түседі. Демек, жазғы кезең – бала бойындағы шығармашылық пен белсенділікті дамытудың таптырмас мүмкіндігі.
Лаура ДУЙСЕНБЕКОВА,
Астана қаласының №86 «Зияткер» балабақшасының
тәрбиешісі, педагог-модератор