Мәдениет

Жаужүрек редактор аудиториясы

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстанның халық жазушысы, қайраткер-қаламгер, қазақ журналистикасының патриархы Шерхан Мұртаза атындағы аудитория ашылды.

Университеттің журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінде өткен іс-шараға Парламент Сенаты және Мәжіліс депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, журналистер, зиялы қауым өкілдері, оқу ордасының оқытушы-профессорлары мен студенттер қатысты.

Жиын басында сөз алған университет ректоры Ерлан Сыдықов құттықтау сөз сөйлеп, іс-шараның маңыздылығына тоқталды.

«Жас ұрпаққа тәлім берудің ерекше бағыты – тұлғатану арқылы тәрбиелеу. Көрнекті тұлғалардың есімі берілген аудиторияда мамандар шақырылып, дәрістер оқытылады. Осы арқылы дипломы бар маман даярлап қана қоймай, жан-жақты білім алып, елін сүйетін азаматтарды жетілдіру маңызды» деді Е.Бәтташұлы.

Көрнекті қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы және бас редактордың өмірі мен қызметі туралы мол мағлұмат беретін аудитория заманауи технологиялармен жабдықталды. Аудиторияның ашылуына Жамбыл облысының әкімдігі тікелей қолдау білдірген.

«Шерхан Мұртаза – өмірлік жолымызда темірқазық, бағдар, шам ретінде бізге үлгі. Қайраткерлік, қаламгерлік, журналистік жағынан алсақ та, Шер ағаның өмірлік жолын жақсы білесіздер. Шер ағаның мына жерде жазған кітаптарын, мақалаларын, Парламентте сөйлеген сөздерін, өмір жолынан тағылым алып, Шер ағаңша жазып, ой айтуға ұмтылатын қазақтың жас журналистерінің толқыны көптеп шыға берсін» деді өз сөзінде Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп.

Академик Уәлихан Қалижан Шерхан Мұртазаның редакторлығы кезінде қазақ басылымының алтын дәуірі орнағанын айтып, газеттің оқылымды қылуына өлшеусіз үлес қосқанын сөз етті.

«Қазақ газеттері» ЖШС директоры Дихан Қамзабекұлы «Егеменнің» шын мәнінде егемен болуына Шерхан Мұртаза мықты дәстүрдің негізін қалағанын баса айтты. Жиынға қатысқан өзге де зиялы қауым өкілдері естеліктерімен бөлісіп, Шерхан Мұртазаның қайталанбас тұлға, көрнекті жазушы, публицист, теңдесі жоқ шебер аудармашы екенін атап өтті.

Индира Бержанова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Check Also
Close
Back to top button