Басты ақпаратМәселе

Жауапкершілік қалай артады?

Сан мыңдаған адамдардың жолда ажал құшып, қаншама отбасының қайғыға батуына басты себеп – көлік жүргізушілерінің жауапкершілігінің төмендігі болып отыр. Осы жылы Қазақстанда жол-көлік оқиғалары былтырдан 54 пайыз артыпты. Бұған көбіне такси жүргізушілері басты себепкер ретінде танылды.

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыровтың айтуынша, биыл 6 айда елде 15 698 ЖКО орын алған. Осыған орай жолдағы бақылау күшейтіліп, ауқымды тексерістер, рейдтер, қала­аралық бағыттарды және жеке тасымалдаушыларды қадағалау күшейтілді. Сондай-ақ көліктің техникалық жағдайына және жүргізушілердің жауапкершілігіне ерекше назар аударылуда. Дегенмен қауіпсіздік тек полицияның ғана жұмысы емес, әр адамның жеке жауапкершілігі екенін есте сақтау керек.

Жолдағы қасіреттің орын алуына көлік жүргізушілерінің жылдамдық арттыруы, мас күйінде рөлге отыруы, шаршағаннан көзі ілініп кетуі, қарсы жолаққа шығып кетуі және басқа да жол ережелерін бұзуы себеп болады. Соның ішінде өлімге әкелетін ауыр апаттардың негізгі себептерінің бірі  – бөлгіштері жоқ трассаларда қарсы жолаққа шығу. Сарапшылардың пікірінше, ең қауіпті учаскелерге тіпті қарапайым бөлу қоршауларын орнату да адам өмірін едәуір сақтап қалады. Тәжірибе көрсеткендей, тек қатаң шаралар ғана тәртіпке шақырады. Мәселен, қазақстандық жүргізушілер қауіпсіздік белдігін тағуға да осы арқылы үйренді. Мамандардың пікірінше, дәл осындай жолмен жолдағы жалпы қауіпсіздікті де арттыруға болады. Депутаттар осы ретте дамыған елдер тәжірибесін енгізу арқылы ғана бұл мәселені шешуге болатынын айтады. Ондай елдерде такси жүргізушілеріне қойылар талап тым қатаң, техникалық және медициналық бақылау да күшті.

– Елімізде жүргізушілік мәдениеті Кеңес Одағынан бері берік қалыптасқан, кейбір елдермен салыстырғанда жақсы деп айтуға болады. Бірақ, экономика өсіп, көлік саны көбейіп, жүргізушілердің қатары артқан сайын бәрібір сол қалыптасқан дүние босаңсып кетті. Оған бір жағы көлік кептелісі де себеп. Әрине, мемлекет тарапынан бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр, дегенмен ол жеткіліксіз. Жүргізуші мәдениеті – бірінші кезекте әр адамның жауапкершілігі қандай деңгейде соған байланысты дүние. Сондықтан да ішімдік ішіп алып рөлге отыру, жылдамдықты асырып қатты айдау, қарсы жолаққа шығып кету, қызыл түске өту, жаяу жүргіншілерді жібермеу – мұның барлығы жүргізушінің жеке-мінез құлқына және сол уақыттағы жағдайға сай болатын әрекеттер. Онымен мемлекет көп ретте айыппұл салу, оның бағасын қымбаттату жолымен күреседі. Бірақ менің ойымша, түсіндіру-насихат жұмыстарын да көбейткен дұрыс сияқты. Өйткені адамның санасына сіңірмесе, жауапкершілігі артпаса жол қозғалысы ережесін бұзу қай заманда да болған, бола береді, – дейді елордалық көлік жүргізушісі Мәмбетқұл Байшахан.

Оның айтуынша, әр өңірдің көлік жүргізушілерінің мінез-құлқы әртүрлі. Мәселен, Астанада жүргізушілер өте көп сигнал береді. Адамдары  шыдамсыз. Орталық көшелер қатты шулы. Ал Алматыда олай емес, жүргізушілер қанша кептелісте тұрса да олай мазасызданбайды. Басқа өңірлерде де әртүрлі жағдай байқалады. Ол мұны қалыптасқан менталитетпен байланыстырады.

– Астанада көбіне жылдамдық арттыру, белгіленбеген жерге көлік қою,  өзінің келе жатқан жолынан басқа жолға өңмеңдеп килігіп кіру, бағдаршамның белгі беруін елемеу сияқты заң бұзушылықтар орын алады. Мұндай ереже бұзу жайттары жолда кептеліс тудырып, апат болуына алып келеді. Менің ойымша, елордада бақылауды әлде де күшейтіп, көлік жүргізу мәдениетін арттыру керек. Өз басым ереже сақтауға тырысамын, себебі бұл тек менің ғана емес, айналамдағы адамдардың да қауіпсіздігі үшін маңызды екенін түсінемін, – дейді тағы бір елордалық көлік жүргізушісі Руслан Бауыржанұлы.

Астана қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының инс­пекторы, полиция аға лейтенанты Наргиз Тәуірбайдың айтуынша,  биыл жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері 2024 жылға қарағанда әлдеқайда төмендеді, яғни автоматтандырылған бақылаудың болуы, айыппұл салынуы және қоғамдық бақылау жауапкершілікті арттыруға ықпал еткен. 2025 жылдың басынан бері қалада 20 468 жол-көлік оқиғасы тіркелді (2024 ж. – 23 016). Есепке алынған жол-көлік оқиғалары – 1 437 (2024 ж. – 1 220). Жарақат алғандар – 1 812 адам (2024 ж. – 1 355). Қаза тапқандар – 27 адам (2024 ж. – 28).

– Жүргізушілердің арасында жауапкершіліктің жалпы деңгейі жоғары десек те болады. Дегенмен жол жүру статистикасына сәйкес жылдамдықты асыру, қауіпсіздік белдігін тақпау, телефонға қарау – жиі кездесетін бұзушылықтар. Жол-көлік апаттарының көпшілігі жылдамдықты шамадан тыс арттырудан болады. Екіншіден, көлік құралдарының қозғалыс бағыты мен маневр ережелерін бұзу, яғни қарсы бағытқа шығу, бұрылыс кезінде басымдықты бермеу, қиылыстағы тәртіп бұзушылықтар. Үшіншіден, жаяу жүргiншiлердiң және жол қозғалысына өзге де қатысушылардың жол жүру қағидаларын бұзуы. Көбіне осы себептер апаттарға әкеледі, – дейді Наргиз Тәуірбай.

Астанада бір жыл ішінде 400 мыңнан астам көлік құралы қозғалса, өзге қалалардан 100 мыңнан астам көліктер кіріп шығады. Қазіргі таңда жол жүру ережелерін жиі бұзатындар – орта жастағы, яғни 20-45 жастағы көлік жүргізушілері екен.

– Солардың ішінде мас күйінде көлік басқарған жүргізушілерді анықтау үшін «Қауіпсіз жол», «Түнгі рейд» рейдтері мен «Құқықтық тәртіп» профилактикалық іс-шаралары өткізіледі, тексерістер түнде де, мейрам күндері де жүргізіледі. Камералар немесе бейнебақылау жүйелеріне жүргізушінің мас күйде жүргізіп келе жатқаны жолдан тайып кетуі арқылы жазылып қалады. Күдікті мінез-құлық жүргізу стиліне қарай анықталады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР кодексінің 608-бабында мас күйінде көлік басқару фактісі үшін жауапкершілік қарастырылған және жүргізуші куәлігінен айыру, айыппұл салу тәртібі бекітілген, – дейді полиция өкілі.

Елорданың Полиция департаменті көлік жүргізушілерін заңды қатаң сақтауға шақырады. Мас күйінде көлік жүргізу – жүргізушінің ғана емес, айналасындағы адамдардың да өміріне үлкен қауіп төндіреді. Полиция өкілінің айтуынша, көлік жүргізушілерінің жауапкершілігін көтеру үшін жол жүру ережелері мен қағидаларын қатаң сақтау қажет. Мектептерде, ЖОО-да, мекемелерде жол қозғалысы ережелері мен қауіпсіздікке байланысты дәрістер өткізу керек. Сонымен қатар профилактикалық рейдтер жүргізілуі тиіс.

Райхан РАХМЕТОВА 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button