Жасыл белдеудегі велошеру

Елорда маңындағы «Жасыл белдеу» саябағында бұқаралық велошеру өтті.
Қосшы бағыты бойынша айналма веложолдан Үркер тұрғын алабының саябағына дейінгі 25 шақырым қашықтықты еңсеруге 7 жастан бастап, 70 жасқа дейінгі 500-ге жуық қала тұрғыны жиналды.
«Бұл – жарыс емес. Қатысушылар таза ауада серуендеп, табиғатымызды аяласа жеткілікті. Әуесқой спортшыларымыз мәреге жеткен соң, бірден тарап кетпей, экологиялық акцияға үлес қосты. Енді қала күніне орай тағы да велошеруді ұйымдастыру жоспарымызда бар» деді Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Усербай.
Велошерушілердің бірі «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» мүшесі Найля Оразбаева алғаш рет спорттық шараға қатысып, лотореяда велосипед ұтып алды.
«Біздің өзіміздің WhatsApp чатымыз бар. Жұма күні танысымыз тобымызға қалалық велошеру өтетіні жайлы ақпаратты бөлісті. Өзімде велосипед жоқ болса да, көршімнен сұрап алып, қатыстым. Бастысы – ниеттің болуы. Келгенімнің арқасында су жаңа велосипедке ие болдым. Өзім қатты таңғалдым. Мүлдем күтпедім. Енді өзімнің велосипедіммен қаланың әсем жерлерін көріп, белсенділігімді жалғастыра беремін» деді Найля Оразбаева толқынысын жасыра алмай.
Іс-шара соңында қатысушылар арасында лоторея арқылы 10 велосипед және 10 қорғаныш бас киімі ойнатылды.
Қанат БАЙҰЗАҚОВ