Жастарға үлгі қойылым

Бүгін Астанадағы Музыкалық жас көрермен театрында Астана қаласы әкімдігінің «Музыкалық жас көрермен театры» «Заң және тәртіп» қағидаты аясында әлеуметтік драма жанрындағы «Екі ғұмыр» атты жаңа қойылымының премьерасы қойылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Екі ғұмыр» – қазіргі қоғамда жиі кездесетін әлеуметтік түйткілдер, отбасы ішіндегі күрделі қарым-қатынастар мен адамгершілік таңдауларды терең бейнелейтін мазмұнды драма. Қойылым ел алдында сыйлы тұлға Жұмағұл Садуақасовичтің отбасындағы күрделі жағдайды көрсете отырып, қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғайды. Премьераның негізгі мақсаты – жас ұрпақ арасында есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру, зиянды әдеттердің қауіптілігін көрсету.

Қойылымның қоюшы-режиссері – Бауыржан Нұрбай, сахна суретшісі – Айдана Еңгебай, костюм суретшісі – Іңкәр Каримова, қоюшы хореограф – Айгүл Амандықова, жарық суретшісі – Ермек Мұхтарұлы, дыбыс режиссерлері – Дастан Мерғалиев пен Асылжан Асқаров, режиссердің көмекшісі – Айдана Жетешова.
Режиссер Бауыржан Нұрбай қойылымның идеясы туралы баяндап, қазіргі қоғамдағы жаман әдеттеоден жастарды сақтандыру керек екенін айтып өтті.

«Оқиға әке мен баланың қарым-қатынасын және оларды қалыптастыратын ортаны суреттейді. Бұл ортада қыздың әкесіне деген махаббаты ерекше орын алады. Бастапқыда ол әкесін ең керемет, ең жақын жан деп қабылдайды. Алайда уақыт өте келе әкесінің қоғамның улануына, жастардың есірткіге тәуелді болуына және лудоманияның күшеюіне үлес қосып жүргенін біледі. Осы шындықты түсінген сәтте баланың әкесіне деген көзқарасы түбегейлі өзгереді», – дейді ол.



