Жастарға арналған жоба

Елімізде Президенттік жастар кадр резервіне құжат қабылдау басталады. Осыған орай Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті мемлекеттік қызметкерлердің арасында кезекті іріктеуге өту бойынша түсіндіру жиынын өткізді.
Кездесу барысында департамент басшысы Ербол Жолданғар биылғы төртінші мәрте өтетін іріктеудің ерекшеліктеріне тоқталды.
– Бастамашыл, жаңаша ойлайтын жастарды мемлекеттік басқару ісіне тартуға бағытталған Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен қолға алынған болатын. Бұған дейін үш іріктеу өткізілді. 2019, 2021 және 2023 жылдардағы іріктеулерге 60 мыңнан астам азамат қызығушылық танытты, олардың нәтижелері бойынша резервке 400 адам қабылданды. Оның – 318-і мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарда жұмыс істеуде, яғни жалпы санының 80%-ы жұмысқа орналастырылды.
Биылғы төртінші іріктеудің ерекшелігі – әр бағыт бойынша үміткерлердің біркелкі санын қамтамасыз ету мақсатында әрбір кезеңде пропорционалды іріктеу өткізу. Яғни, резервтің әр салалық бағыты бойынша квоталар қарастырылып, іріктеу сол салалық бағыт бойынша ғана жүргізілетін болады, – деді Е.Қабдығалиұлы.
Іріктеуге жоғары білімді, бес жылдық жалпы жұмыс өтілі бар, 35 жастан аспаған Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Олар мемлекеттік тілді В1-ден төмен емес деңгейде меңгеруі тиіс. Президент тағайындаған адамдар, саяси қызметшілер, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері, Президенттік жастар кадр резервінде тұрған адамдар іріктеуге жіберілмейді.
Азаматтарды іріктеу 6 кезеңнен тұрады. Бұл туралы департаменттің Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Назгүл Ахметжанова мәлімдеді.
– Іріктеу маусым-қазан айларында өткізіледі. Үміткерлердің құжаттарын қабылдау 1 маусымнан бастап бір ай уақыт аралығында арнайы ақпараттық жүйеде онлайн режимде жүзеге асырылады. Екінші кезеңде үміткерлер тестілеуден өтіп, онда олар күрделі мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеттерін көрсетеді. Келесі кезең таңдаған салалық бағыттарына байланысты ситуациялық тапсырмалар түріндегі нақты проблемаларды шешуге деген көзқарасын бағалауға бағытталады. Төртінші кезең ассессмент-орталығы мен құзыреттер бойынша сұхбаттан тұрады. Сарапшылар мінез-құлық индикаторлары арқылы кандидаттардың бойындағы көшбасшылық, мәселелерді талдау және шешу, қызметті басқару, белсенділік құзыреттерін анықтайды. Кәсіби HR менеджерлері әр үміткермен сөйлеседі, ішкі уәждемесін және құндылық бағдарларын айқындайтын құзыреттерді анықтайды. Содан кейін резервшілермен сараптамалық комиссияда әңгімелесу өткізіледі. Оның құрамына қатысушылардың жеке нәтижелерін түсіндіре отырып ұсынатын мемлекеттік органдардың басшылары кіреді. Сарапшылардың қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия отырысында қарауға ұсынылатын қатысушылардың тізімі жасалады. Соңғы кезеңде Ұлттық комиссияның отырысы өтіп, Президенттік жастар кадр резервіне үздік 50 кандидат қабылданады, – деді Н.Жолдасқалиқызы.
Индира Бержанова