Құқық

Жастарға арналған көрме мен ашық диалог

Астанада «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде «Есірткісіз әлем» атты қоғамдық-ағартушылық көрме және ашық диалог алаңы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шара Астана қаласы Полиция департаменті мен С. Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ-дың бірлесіп ұйымдастыруымен жүзеге асырылды. Шара барысында полиция қызметкерлері мен есірткі қылмысының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері студенттерге есірткі заттарының заңсыз айналымы мен қолданылуының қауіпті салдары, заң алдындағы жауапкершілік, сондай-ақ антинаркотикалық саналы ұстаным қалыптастырудың маңыздылығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Ал, көрме экспозициясында есірткіге тәуелділікке қарсы күрестің әлеуметтік және гуманистік қырларын бейнелейтін фотосуреттер мен көрнекі материалдар ұсынылды. Экспозиция тыйым салынған заттарды қолданудың зардаптарын айқын көрсетіп, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталып, студенттерге «Есірткі қылмыстарының алдын алу және антинаркотикалық ұстанымды қалыптастыру» тақырыбында дәріс оқылды. Дәрісті Астана қаласы Полиция департаментінің профилактика және ведомствоаралық үйлестіру бөлімінің бастығы, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның хатшысы, полиция подполковнигі Әлия Қибатқызы жүргізді.

«Есірткі қылмысының алдын алу тек құқық қорғау шараларымен шектелмеуі тиіс. Ең бастысы — жастардың санасына әсер ету, олардың өмірлік құндылықтарын дұрыс қалыптастыру. Осындай ашық форматтағы кездесулер студенттердің ойына ой салып, салауатты әрі саналы таңдау жасауына ықпал етеді», деді полиция подполковнигі.

Бұдан бөлек, іс-шара барысында «Ашық микрофон» интерактивті алаңы жұмыс істеді. Қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, сұрақтарын қойып, негізгі тақырып — «Салауатты әрі саналы ұлт идеологиясын қалай қалыптастыруға болады?» деген мәселе төңірегінде ой бөлісті.
Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button